Қазақ-жоңғар соғысы не себепті бірнеше ғасырға созылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақ-жоңғар соғыстары шамамен екі ғасырдан астам уақытқа созылды. Бұл тек екі көршілес халықтың бақталастығы емес, аймақтағы геосаяси тепе-теңдікті өзгерткен, қазақ мемлекеттілігіне ауыр сынақ болған кезең еді. Тарихтың осы күрделі тұстарын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы, академик, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Берекет Кәрібаев түсіндіріп берді. 

Қазақтар мен ойраттар: жоңғарлармен қақтығыстар неге бірнеше ғасыр созылды
Фото: Kazinform

Қақтығыстардың түпкі себебі қайда жатыр?

Профессордың айтуынша, қазақтар мен ойраттар арасындағы шиеленістің тарихы Жоңғар хандығы құрылғаннан әлдеқайда бұрын басталған.

— Қазақ хандығы 1465 жылы құрылса, Жоңғар хандығы екі ғасырға жуық уақыттан кейін, 1635 жылы пайда болды. Бірақ ойраттар мен қазақ тайпалары арасындағы қақтығыстар одан да ерте басталған. Ойраттар Моғолстанға да, Жетісу тайпаларына да, Әбілқайыр хандығына да жиі тонаушылық сипаттағы жорықтар жасаған, — дейді Кәрібаев.

Тарихшының сөзінше, ойраттар өздеріне қажетті өнімді тұрақты өндірмегендіктен, мұны саудамен не соғыспен алатын.

Берекет Кәрібаев
Фото: Берекет Кәрібаевтің жеке архивінен

Жоңғар хандығының құрылуы және Жәңгірдің тұтқындалуы

1635 жылы Жоңғар хандығы құрылған алғашқы жылы-ақ қазақ жеріне жорық жасайды. Осы соғыста болашақ хан — Жәңгір сұлтан тұтқынға түсті.

Профессордың айтуынша, бұл — қазақ-жоңғар қатынасындағы ең ерекше эпизодтардың бірі.

— Жоңғарлардағы орындаушы билік — қонтайшыда болса, заң шығаратын органды «чулған» немесе «чуулган» деп атаған. Оның төрағасы болған Кундулен тайшы — өте парасатты, стратегиялық ойлайтын тұлға, — дейді ол.

Дәл осы Кундулен Жәңгірді өз ордасында ұстап, кейін оған қызын ұзатып, құрметпен шығарып салады. Ғалымның айтуына қарағанда, осы некеден қазақтың болашақ ханы Тәуке дүниеге келген.

— «Жәңгірді қазақ батырлары босатты» деген аңыз бар, бірақ бұл туралы ешбір тарихи дерек жоқ, — дейді профессор.

Профессор екі ғасырлық соғысты бірнеше кезеңге бөледі.

Қазақтар мен ойраттар: жоңғарлармен қақтығыстар неге бірнеше ғасыр созылды
Фото: Kazinform

1635-1652 — алғашқы шайқастар

Екі жақ бір-біріне жиі жорық жасаса да, халыққа қатты зардап тимеді. 1652 жылы Жәңгір хан, 1653 жылы Батыр қонтайшы қайтыс болды.

1653-1677 — жоңғар ішіндегі дағдарыс

Билікке Сеңге келді, бірақ оның билігін ағалары қабылдамады.

Жоңғар мемлекеті ішкі дағдарысқа ұшырап, қазаққа ірі жорықтар жасалмайды.

1677-1697 — Галданның экспансиясы

Сеңгені туған бауырлары өлтірген соң, Галдан билікті күшпен алды.

— Галданды зерттеушілер Шыңғысханға еліктеген тұлға ретінде сипаттайды. Ол алдымен Моңғолияны біріктіруді, кейін Шығыс Түркістанды басып алуды мақсат еткен, — дейді тарих ғылымдарының докторы.

Оның үшінші бағыты — Жетісу мен қазақ даласы болды.

1697 жылы Галдан Цинь әскеріне қарсы соғыста өзін өзі өлтіреді.

Қазақтар мен ойраттар: жоңғарлармен қақтығыстар неге бірнеше ғасыр созылды
Фото: Kazinform

1697-1727: Севан Рабдан және Тәуке ханның дәуірі

Жоңғарлардың жайылымнан қысылуы қазақ жеріне басқыншылықты күшейтті.

Тәуке ханның кезінде соғыстар күшейіп, ол қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығы алты хандыққа бөлініп, бытырау басталды.

— Орталық билік әлсіреген кезеңде жоңғарлар 1723-1725 жылдары қазақ жеріне шабуылды үдетті. Севан Рабдан бұл аймақта ұлы Жоңғар империясын құруды жоспарлады, — дейді тарихшы.

Осы кезеңде ұлтты сақтап қалған — Әбілқайыр ханның қарсы шабуылы.

1740-1757: Қалдан Сереннің шабуылдары және жоңғар мемлекетінің күйреуі

Қалдан Серен қазақтарға бірнеше ірі жорық жасады. Оның тұсында Абылай тұтқынға түсті.

1745 жылдан кейін жоңғар мемлекеті ішкі дағдарысқа ұшырап, қазақ жасақтары біртіндеп жерді азат ете бастады.

1757 жылы Жоңғар хандығы толық жойылды.

Содан кейін Қазақ хандығы мен Қытай (Цинь) империясы арасында шекаралық қатынастар қалыптасты.

Қазақ қалай шыдады?

Профессордың айтуынша, бұл соғыстардың ең маңызды ерекшелігі — екі елдің әскери жүйесіндегі айырмашылық.

— Жоңғарларда тұрақты әскер болды. Оны ұстау үшін қаржы қажет. Қазақтарда тұрақты әскер емес, тек жасақтар болды. Ол жасақты орталық билік ұйымдастыруы керек еді. Бірақ Тәуке ханнан кейін орталық билік әлсіреді, — дейді ғылым докторы.

Сондықтан қазақ жерін сақтап қалған Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Наурызбай, Малайсары, Қожаберген ру-тайпа батырлары.

— Қазақ батырларының ерлігі, елдің табандылығы мен бірлігі қазақ халқын жойылып кету қаупінен аман алып шықты, — дейді тарихшы.

Еске салайық, бұған дейін Қазақ мемлекетінің ішкі және сыртқы саяси қарым-қатынасын реттеген алғашқы жүйелі құқықтық құжат — «Қасым ханның қасқа жолы» туралы жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар