Қазақтардың қысқы ат шанасы туристердің демалыс көлігіне айналуда - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде ақпарат тарататын БАҚ көздеріне осы аптадағы шолуын ұсынады.
None
None

Қазақи ат шанаға отырып көрдіңіз бе? - «Ағажай-Алтай» порталы

null  

Қазіргі нарық талабына сай, Алтай аймағының әр ауданы қар жамылған көрікті мекеннің артықшылығын халықтың экономикалық жағдайын дамытуға тиімді пайдаланады. Соның бір түрінің игілігін Шұңқырлық қазақтар көруде. Ат шана - жергілікті қазақ бақташыларының таулы өңірлерде ежелден қолданып келе жатқан қысқы қатынас құралы есептеледі. Бұл туралы осы аптада kazakh.altxw.com ақпараттық порталы хабарлаған болатын.

null 

Ат шана - тек қысқы маусымның құралы екені бәрімізге белгілі. Бұл фоторепортаждан ұлтымыздың ұмыт болуға айналған осы сияқты тұрмыстық мұралары қайтадан заманауи үлгіде жаңғыруға бет алғанын аңғаруға болады. Бұл аймақта атқа жегіліп, ат тебінімен қоса сырғанайтын бұндай құрал бұрынғы уақытта әрбір отбасында болатын қысқы қатынас көлігі еді. Дәл бүгінгі күнге жеткенде, ат шана әуелгідей тек қатынас құралы емес, осы өңірге келген түрлі ұлт туристерінің ең көп назар аударатын демалыс көлігі ретінде пайдаланады екен.

null 

«Мінекей, Алтай аймағы Буыршын ауданы Шұңқыр қалашығы саяхатының жаңа бір бөлімі ретінде ат шана көрінісін оқырманға тарту етіп отырмыз. Сізде Шұңқырға келіп қазақи ат шанаға отырып, табиғаттың тамаша көрінісінен бізбен бірлікте ләззаттаныңыз!» деп жазады аталған ақпарат көзі.

null 

Қытайдың ең танымал мерекелік концертінде Абайдың қара сөздері оқылды - cctv.com

null

Осы аптада күллі қытайлықтар үшін ең ұлық саналатын Көктем мерекесі басталды. Осындай атаулы мерекеге дайындық айлар бұрын басталып, мемлекеттік іс-шараларда ең маңызды дегендері сұрыпталып, мерекелік концертте халыққа ұсынылады. Айта кетерлігі, Қытай Халық Республикасының басты телеарналарының бірі биылғы мерекелік концертінде қазақтың ұлы ақыны Абайдың даналық сөздерін оқыса, сол сахнада танымал әнші Димаш Құдайберген өнер көрсетті.

Атап айтқанда, Қытайдың танымал актеры орталық телеарнаның (CCTV) «2018 жылғы көктем мерекесінің сауық кеші» концертінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың қара сөзінен үзінді келтірді. Қытайға танымал театр және кино актері, сатирик Фың Гуңның авторлығымен дайындалған «Жаным жырға жақын» қойылымында өлең айтудан бәсекелескен екі актердің бірі Абай Құнанбаевтың 37-ші қара сөзінен үзіндіні келтірді. Ол:
«Дүние - үлкен көл,
Замана - соққан жел.
Алдыңғы толқын - ағалар,
Кейінгі толқын - інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер» деген жолдарды алдымен қытай тілінде оқыды, сосын қарсыласының талабы бойынша қазақ тілінде де оқып берді.

Айта кетейік, дүбірлі мерекелік кешке Қытайдың ең танымал өнер адамдарымен бірге, қазақстандық әнші Димаш Құдайберген де арнайы қатысып, өнер көрсетті.

«Көктем мерекесі сауық кеші» 1983 жылдан бері жыл сайын Қытайдың Жаңа жыл мерекесі күні CCTV телеарнасында тікелей эфирден көрсетіліп келеді. 2012 жылы мерекелік кеш ең көп көрермен жинаған концерт ретінде Гиннестің рекордтар кітабына еніп, 2016 жылы әлемде бұл концертті 1 миллиардтан астам адам тамашалаған болатын.



Мағжанға Анкарадағы тағзым - TRT

null 

Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Анкарада еске алу шарасы өтті. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Теледидар порталы да хабарлады.

Айтулы халықаралық конференцияны Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы ТҮРІКСОЙ ұйымдастырып, Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, Түркия Мәдениет және туризм министрлігі, Анкарадағы Кечиөрен ауданының басшылығы қолдау білдірген.

«Түркістан екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой» деген ұранмен өткізілген конференцияға Қазақстаннан мағжантанушылар да арнайы келген. «Сондай-ақ, аталған конференцияда Мағжан Жұмабаев жөнінде қысқаша фильм де көрсетілді»- деп жазды Түркия Радио Теледидар порталы. 

Каппадокияға қытайлық туристер ағылуда - TRT

null

Дәл осындай мазмұндағы ақпарат туристік ел Түркияның TRT порталында жарық көрді. Қытайлық туристердің аталған өңірге ағылуына Қытай Халық Республикасында 2018 жылдың «Түркиядағы туризм жылы» деп жариялануы басты себептің бірі болып отыр деп жазды Түркия Радио Теледидар ақпарттық порталы.

Пері мұржалары, сайлары, жерасты қалалары, шіркеулері, керуен сарайлары мен мәдени ғимараттарының мыңдаған жылдық өркениеттің ізіне ие Каппадокия әр жылы көптеген туристі күтіп алуда. «Қытай Халық Республикасында 2018 жылдың «Түркиядағы туризм жылы» деп жариялануына орай биыл қытайлық туристтер Каппадокияға қатты қызығушылық танытуда. Сондықтан өткен жылмен салыстырғанда Каппадокияға тіпті де көп қытайлық туристің келетініне күмән жоқ» деп жазады TRT.

Қытайлық университет төтенше жағдайларда көмек көрсететін робот ойлап тапты - «Жэньминь жибао» (People Daily)

null

Жақында Жыжияң университетінің робот зерттеу орталығы төтенше жағдайларда адамдарға көмек жасай алатын «Көлеңкелі» деп аталатын төрт аяқты роботты құрастырып шығарды. Бұл осы аптада Қытайдағы қазақ тілді БАҚ-тарда жарық көрген, ғылыми жобаларға байланысты қызықты ақпараттардың бірі деуге болады.

null

Аталған роботтың ұзындығы бір метр, төрт аяқтап тұрғанда биіктігі 60 сантиметр, өз салмағы 70 келі болып, 20 келілік затты алып жүре алады, жүру жылдамдығы сағатына 6 километр болғанымен, екі сағат бойы тоқтаусыз жүру мүмкіндігі бар екен.

null

«Қазір «Көлеңкелі» робот жүгіріп-секіру, баспалдаққа өрмелеу, шағыл тастарда жүру, тізесін бүгу сынды мүмкіндіктерді игерген. «Оның басты ерекшелігінің бірі жығылып қалса да, өздігінен қайтадан тұра алады» дейді «Көлеңкеліні» жасаған мамандар. Аталған робот адамдарды аман алып қалу, барлау, апаттан құтқару секілді төтенше жағдайларда қолданылады» деп жазады People Daily.

И.Шаяхметұлы: Шаршы алаңда топ жарып, биік тұғырдан көрінуге тырысамын - kaznews.mn

null

Моңғолиялық кикбоксинг шебері, қандасымыз Исламаллабек Шаяхметұлы Тайланд астанасы Ванкгок қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысады. Моңғолиялық БАҚ-қа берген сұхбатында ол осылай деп мәлімдеді.

Бұл эксклюзивты сұхбатында кикбоксинг шебері 12-17 наурызда Тайланд астанасы Ванкгок қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысуға арналған арнайы жолдаманы жеңіп алғаны туралы айтқан.

Сайттың жазуынша, Азия чемпионаты үшін Ванкгокта болатын дайындыққа Моңғолиядан 4 спортшы алдын ала аттанып кеткен. Айта кетерлігі, чемпионатқа баратын спортшыларға мемлекет тарапынан ешқандай қаржылық қолдау көрсетілмейді. Сондықтан спортшылар барлық шығынды өз қалтасынан көтеруге тура келеді. Спорттық карьерасын көтеру үшін бұндай оңтайлы сәтті өткізіп алмау мақсатында өзіне қолдаушылар тапқанын айтады кикбоксинг шебері Исламаллабек Шаяхметұлы.

Оның мәліметінше, қаржылай қолдау ел азаматтарынан болмақ. «Спортты түсінетін Асқар, Тілеуберді Мұратұлы, Самархан Келдекұлы қатарлы біраз азаматтар қолдау көрсетіп отыр. Енді осындай қолдаудың арқасында Тайланд астанасындағы оқу жаттығуға қатысып, жарыс күні шаршы алаңда топ жарып, биік тұғырдан көрінуге тырысамын» дейді моңғолиялық қандасымыз.


Қазақ қызы Моңғолия көрермендерін өз өнерімен тәнті етті - KAZNEWS

null

«Voice of Mongolia» шоуының қатысушысы моңғолиялық қандасымыз Еркежан Көгершінқызы көрермендерді өз талантымен тәнті етіп, көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Бұл туралы Моңғолиядағы KAZNEWS ақпараттық порталы хабарлады.

«Әнші С.Наранның «Нутгаа санахуй» әнін тамаша орындады. Әділқазылардың барлығы да қазақ қызына жоғары баға берді. Өз кезегінде Еркежан Көгершінқызы бұл шоуда тәлімгері ретінде өзіне Киви тобының әншісі Уканы таңдады» деп жазады аталған ақпарат көзі.

Соңғы жаңалықтар