«Қазақтелеком» Қазақстанның алты облыс орталығында LTE желісін іске қосты

Сөйтіп, 4G жоғары жылдамдықтағы ұялы интернет қызметі Қазақстан Республикасы халқының 30 пайызы тұратын аумақта қолжетімді болды, деп хабарлады «Қазақтелеком» АҚ жұртшылықпен байланыс қызметі.
LTE (4G) ұялы желісі 2012 жылы желтоқсанда Астана және Алматы қалаларында коммерциялық пайдалануға беріліп, кейіннен Алматының серіктес қалалары - Есік, Қаскелең, Қапшағай, Талғар және Шамалғанда желісі кеңейтілді, сондай-ақ бұған қоса Алматы облысының 30-дан астам елді мекендерінде 2013 жылы төртінші тоқсанда іске қосылды.
Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2014 жылдың соңына дейін 4G қызметімен барлық облыс орталықтарын және халқы 50 мың тұрғыннан асатын қалаларды қамту, одан кейін бұл технологияны аудан орталықтарында енгізуді бастау жоспарлануда.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев атап өткендей, бүгінгі таңда ALTEL 4G қызметінің абоненттік базасы 100 мың пайдаланушы көрсеткішіне жетті. «Төртінші ұрпақ желісі ең жоғары жылдамдықты 100 Мбит/с-қа дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл бұдан бұрынғы ұрпақтар желісінде қол жеткізуге болмайтын мүлдем жаңа сервистердің жұмысына жол ашады», - деп атап көрсетті ол.
Сонымен бірге, Индустрияландыру күні ауқымында Индустрияландыру картасына енгізілген «ҒТТН желісі құрылысы» жобасын жүзеге асыру барысы көрсетілді. Жоба Қазақстанның 20-дан астам қалаларындағы көппәтерлі үйлер мен коттедждерде GPON технологиясы бойынша оптикалық желілерге қолжетімділікті ұйымдастыруға бағытталған. «Жоба аясында «Қазақтелеком» ҒТТН оптикалық қолжетімді желілермен 26 мыңнан астам көппәтерлі және 13 мың коттедж үйлерін қамтуды жоспарлауда», - деп атап өтті Қ.Есекеев.
«Қазақтелеком» АҚ оптикалық инфрақұрылымының бұдан бұрынғы қолданыстағы жез инфрақұрылымнан бірқатар артықшылықтары бар екенін атап өткен жөн. Бұл Интернетке қолжетімділік жылдамдығын бір абонентке 8Мбит/с-дан 30-40 Мбит/с-ке дейін және 1 Гбит/с-қа дейін ұлғайту әлеуеті, Интернетке қолжетімділік сапасын жақсарту, оның ағынына шектеулерді алып тастау және бір абонентке Интернет ағынын орташа тұтынуды арттыру, қосымша қызметтер спектрін кеңейту, мемлекеттік қызметтерге онлайн-қолжетімділікті жақсарту, сондай-ақ мемлекетке мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруға жәрдемдесу деген сөз.