Қазақтың ақбас сиыры туралы кітап жарыққа шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада қазақтың ақбас ірі қара тұқымының 75 жылдығына арналған «Qazaq Aqbas – Ұлттық қазына» кітабының таныстырылымы өтті.
Басылымды Қазақтың ақбас тұқымы жөніндегі республикалық палата дайындаған. Бес жылдық ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесінде жарық көрген кітапта тұқымның қалыптасу тарихы, оны шығаруға үлес қосқан ғалымдар мен селекционерлердің еңбегі, сондай-ақ қазақтың ақбас тұқымының еліміздің аграрлық секторындағы орны жан-жақты баяндалған.
Қазақтың ақбас тұқымы 1950 жылы ресми түрде бекітілді. Оның шығарылуы Қазақстандағы селекциялық ғылымның ең ірі жетістіктерінің бірі саналады. Ғалымдар жергілікті қазақ малының табиғи төзімділігі мен шетелдік жоғары өнімді тұқымдардың қасиеттерін ұштастырып, қатал климатқа бейімделген әрі ет өнімділігі жоғары жаңа тұқым қалыптастырды.
Мамандардың айтуынша, қазақтың ақбас малының пайда болуы Қазақстандағы заманауи етті мал шаруашылығының дамуына жол ашып, селекция, азықтандыру және мал өсіру мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етті.
«Өзінің даму жылдарында ол түрлі кезеңдерден өтіп, бүгінде жаңа белеске көтерілді. Қазіргі таңда қазақтың ақбас малының саны 520 мыңнан асады. Малдың өзіне де, генетикалық материалына да сұраныс жоғары. Бұл тек ірі қара тұқымы ғана емес, ғылыми, экономикалық және әлеуметтік қырларды біріктіретін ауқымды құбылыс. Қазақтың ақбас тұқымы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауылдық аумақтарды дамытуға және агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосып келеді», – деді Қазақтың ақбас тұқымы жөніндегі республикалық палатаның атқарушы директоры Бақтияр Өтелбаев.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда тұқымға деген қызығушылық тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де артып келеді. Әсіресе асыл тұқымды мал мен отандық генетикалық материалға сұраныс жоғары.
Кітап авторлары «Qazaq Aqbas – Ұлттық Қазына» атауының өзі бұл тұқымның тек селекциялық жетістік емес, ұлттық мұраның бір бөлігі екенін білдіретінін атап өтті. Басылымда бірнеше буын ғалымдары мен мал шаруашылығы мамандарының еңбегі көрсетіліп, отандық генетикалық қорды сақтау мен дамыту мәселелері қамтылған.
Қазақтың ақбас тұқымы бүгінде Қазақстандағы ең көп таралған ет бағытындағы ірі қара тұқымдарының бірі болып саналады.
Айта кетейік, Ақмола облысына Германиядан 165 бас голштин сиыры әкелінді.