Қазақтың әні жан-дүниемді баурап алды – Шолпан есімін иеленген Чжоу Фан И
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақтың мәдениетін насихаттап, әнін шырқаған Чжоу Фан Идің видеолары Қытайдың әлеуметтік желілерінде қызу талқыланып, көпшіліктің назарын аударды. Осы ретте біз Шолпан есімін иеленген қытай қызымен әңгімелесіп, кейіпкерімізден салт-дәстүріміз бен өнерімізге қызығуына не түрткі болғанын сұрадық.
– Әңгімемізді бастамас бұрын оқырмандарға өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз...
– Есімім – Чжоу Фан И. Бейжің қаласының тумасымын. 23 жастамын. Қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне, өнеріне қызығушылығым сол халықты терең зерттеуге, жете тани түсуіме себепкер болды. Алғаш осы елдің мәдениетімен таныса бастаған кезде қазақстандық жолдастарымның аты-жөні маған ерекше болып көрінді. Кейін көп өтпей өзіме қазақша ат ойластыра бастадым. Достарымнан «Шолпан» деген есімнің мағанасын сұрағанымда, олар бұл таң атып келе жатқан кезде туатын жұлдыз екенін айтты. Еркіндікке және табиғатқа жаным жақын болғандықтан болар, маған осы есім қатты ұнады. Сол себепті мен өзімді көпшілікке «Шолпан» деп таныстыратын болдым.
– Әлеуметтік желіде қазақша стилдегі киімдерді киіп, қазақ әндерін шырқап жүргеніңізді көрдік. Тәнті болдық. Музыкалық біліміңіз бар ма?
– Мен әнші емеспін. Алайда, кішкентайымнан ән айтқанды ұнатамын. Әсіресе, қазақтың әні менің жан-дүниемді баурап алды. Қазақ мәдениетіне қызығушылық та осы әндерді тыңдаудан басталды. Жалпы, бір ұлттың жан дүниесін ұғыну үшін салт-дәстүрі мен өнеріне терең бойлауың керек.
Мамандығымды айтсам таңғалатын шығарсыз. Англияда құрлыс мамандығы бойынша оқыдым, баклаварды бітірдім. Қазір Бейжің қаласында дизайнер және фрилансер мамандығы бойынша жұмыс істеймін.

– Қазақ мәдениетіне қызығушылығыңыз қашан, қалай басталды? Бұл мәдениеттің сіз үшін басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Ата-анам шет тілі мұғалімі болғандықтан кішкентайымнан өзге ұлттармен және басқа елдің мәдениеттерімен танысуға көп мүмкіндігім болды. Әсіресе біз тұрған ауданда өзге ұлттардың мәдени орталықтары жетіп артылатын. Ал, Англияда оқып жүргенімде қазақстандық достарым көп болды. Солар арқылы қазақ мәдениетімен таныса бастадым, әндерін тыңдадым.
Өнерге жақын болғанымнан болар, қазақтардың киім үлгісі маған қатты әсер етті. Содан ән айтумен қатар, онлайн домбыра курсына қатыстым. Бос уақытымда қазақ қыздарына арналған әсем бас киім, тақия тіккенді ұнатамын. Қазақ халқының мәдениеті маған дарқандығымен, еркіндігімен, табиғатпен үндестігімен ерекше әсер етті, жаныма жақын болды.
Әр халықтың дәстүрлі мәдениеті өзіндік ерекшелігімен құнды. Адамдар өзге ұлттардың мәдениетіне құрметпен қарауы керек деп ойлаймын.

– Сөз арасында «қазақстандық достарым көп» деп қалдыңыз. Елімізде неше рет қонақ болдыңыз?
– Екі рет Қазақстандағы достарыма қонаққа бардым. Әсіресе үлкен қалаларыңыз Астана, Алматы және Шымкентте болдым. Бұл елдің әсем табиғаты ерекше есімде қалды. Астана көз тартатын заманауи қала, ал Алматы мен Шымкент ұлттық дәстүрге, мәдениетке және көркем табиғатқа бай қалалар екен. Өзіме қазақы стилдегі алқа-моншақтар мен киімдер алдым. Мен үшін бұл сапарлар естен кетпес естелікке айналды. Кейін сол қазақтың ұлттық киімін киіп түскен фотоларым әлеуметтік желіде танымал болды. Тіптен көптеген адамдар менің қытайлық қыз екеніме сенбеді.

Осы әлеуметтік желінің арқасында Шыңжаңда түсірілген «Менің Алтайым» телехикаясының стилисі болдым. Түсірілім барысында Қазақстаннан сатып алған шапанымды сериалдың басты кейіпкері киіп шықты.
Айтпақшы, күзде Астанада әлемдік көшпенділер ойыны өтетінін естідім. Алда осы шараға қатысу үшін елордаға баруды жоспарлап отырмын.
– Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!