Қазақтың белгілі ақындары мен күйшілері қандай домбырада ойнаған?

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Махамбет Өтемісов, Дина Нұрпейісова, Біржан сал мен Ақан сері сынды қазақтың әйгілі ақындары, күйшілері мен композиторлары ұстаған домбыралар Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде сақтаулы. Олардың кейбірі пішінімен, безендірілуімен және құрылымындағы бөлшектерімен ерекшеленеді. Бұл аспаптар иелерінің музыкалық талғамы мен орындаушылық мәнерінен де хабар береді. Kazinform тілшісі мұражайға барып, қазақтың біртуар өнерпаздары ұстаған домбыралардың ерекшеліктерімен танысты.

домбыра
Фото: Александр Павский /Kazinform

Музей қорында 1 200-ден астам музыкалық аспап бар. Оның ішінде домбыраның 200-ден астам түрі сақталған. XIX–XX ғасырларда өмір сүрген белгілі ақындар, күйшілер, композиторлар, әншілер мен дәулескер музыканттар пайдаланған аспаптар мемориалдық залда сақталған.

– Мемориалдық аспаптар залында XIX–XX ғасырларда өмір сүрген атақты батырлар, ақындар, жыршылар мен композиторлардың домбыралары сақтаулы. Олардың барлығы түпнұсқада. Тек Құрманғазы Сағырбайұлының домбырасы көшірме. Түпнұсқасы біздің мұражайда жоқ, – деді музей экскурсоводы Ақбота Ғалиева.

Құрманғазының домбырасының көшірмесін оралдық шебер Едіге Нәбиев жасаған. 2018 жылы күй атасының 200 жылдығы қарсаңында ол түпнұсқа аспап сақталған Астрахан облысына арнайы барып, домбыраның пішіні мен құрылымын зерттеген. Шебер «күй атасы» атанған әйгілі композитордың домбырасы Қазақстанда да болуы керек деп есептеген. Сөйтіп оның көшірмесін жасап, музейге табыстаған.

Ең көне домбыра – Махамбеттікі

Музейдегі ең құнды жәдігерлердің бірі – қазақтың ақыны әрі батыры Махамбет Өтемісовтің домбырасы. Музей гидінің айтуынша, аспап шамамен 1840 жылдары жасалған. Демек, оған екі ғасырға жуық уақыт болды.

– Бұл – коллекциямыздағы ең көне әрі ерекше домбыра. Оны қазақтың ақыны, батыры Махамбет Өтемісов ұстаған. Домбыра музей құрылған күннен бастап осында сақтаулы. Аспапқа аздаған өзгеріс жасалған. Жоғарғы тиек ауыстырылды, ал қалған бөліктерінің бастапқы пішіні сол күйінде сақталды, – деді Ақбота Ғалиева.

Домбыраның тағы бір ерекшелігі – оның шанағының артқы жағындағы ромб пішінді қосымша дыбыс ойығы.

Домбыраның негізгі екі пішіні

Ақбота Ғалиеваның айтуынша, қазақтың дәстүрлі музыка өнерінде домбыраның негізгі екі пішіні кең таралған. Олар – тамшы тәрізді және қалақ тәрізді домбыралар. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар.

Тамшы тәрізді қос ішекті домбыралар негізінен Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлеріне тән. Мұндай аспаптардың мойны ұзын әрі жіңішке келеді. Онда көбіне екпінді, қарқынды күйлер орындалады.

Ал қалақ тәрізді үш ішекті домбыралар шығыс, солтүстік және орталық өңірлерде көбірек таралған. Олардың мойны жуан әрі қысқа болады. Мұндай домбыралар әуезді, лирикалық шығармаларды орындауға қолайлы.

Музейде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының домбырасы да сақтаулы. Ол қалақ тәрізді пішінімен және дыбыс ойығының өзгеше құрылымымен ерекшеленеді.

Экскурсоводтың сөзінше, үш ішекті домбыралар өте сирек кездеседі. Мәселен, қазақтың ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы осындай домбырада ойнаған. Оның аспабы да Абайдың домбырасы секілді қалақ тәрізді болғанымен, дыбыс ойығы үшбұрыш пішінді. Бастапқыда домбыра үш ішекті болған, алайда уақыт өте бір ішегі үзіліп, аспап музейге қазіргі күйінде жеткен.

Музейдегі ерекше аспаптардың бірі – қоссаз. Ол екі домбыраның біріктірілген түрі: бір бөлігі үш ішекті болса, екіншісі екі ішекті. Орындаушы аспаптың әр бөлігінде кезекпен ойнап, әуен орындайды. Қазір бұл аспапты «Қоңыр» ансамблінің солистерінің бірі пайдаланады.

Жеті айнасы бар домбыра

Домбыраның сыртқы пішініне музыканттардың жеке талғамы да әсер етті. Мұны өз дәуірінде әншілік өнерімен танылған сал-серілердің аспаптарынан байқауға болады. Кейбір домбыралар қосымша әшекейлермен безендірілген. Ал дыбыс ойықтарының көлемі мен орналасуы әртүрлі болған. Мәселен, кейбір аспаптардың дыбыс ойықтары шанақтың бүйір тұсына орналастырылған.

Экспозицияда Жамбыл Жабаевтың домбырасы да бар. Оның алдыңғы бетінде көлемі шағын он дыбыс ойығы орналасқан.

– Дыбыс ойықтарының көлемі мен орналасуы аспаптың үніне әсер етеді. Егер ойықтары кішкентай болса, мұндай домбыра әнге сүйемел жасауға қолайлы. Себебі аспаптың үні әншінің дауысын басып кетпейді. Ал дыбыс ойығы үлкен домбырада күй орындаған ыңғайлы, – деп түсіндірді гид.

Белгілі күйші, композитор Дина Нұрпейісованың домбырасы да ерекше назар аудартады. Күйші солақай болғандықтан, аспапта сол қолымен ойнаған. 1950 жылдары шебер Қамар Қасымов домбыраны орындаушының жеке өтініші мен қалауына сай жасап берген.

– Дина Нұрпейісова – ұлы Құрманғазы Сағырбайұлының шәкірті. Ол 94 жыл өмір сүрген. Күйшінің домбырасы тарихымен ғана емес, арнайы тапсырыспен жасалуымен де қызық. Шебер аспапты орындаушының өтініштерін ескеріп жасаған. Домбыраның жоғарғы тиегіне Жамбыл Жабаевтың бейнесі салынған. Сонымен қатар аспаптың пішіні де заманауи үлгіге жақын, – деді Ақбота Ғалиева.

Музейде академик, композитор Ахмет Жұбановтың домбырасы да бар. Оның пішіні Дина Нұрпейісованың аспабына біршама ұқсайды. Домбыраға адам бейнесі бейнеленген. Алайда оның қолындағы заттың не екені нақты белгісіз. Бір болжам бойынша, ол – домбыра, екінші нұсқада үрмелі аспап болуы мүмкін.

Біржан сал мен Ақан серінің домбыралары да өзгеше пішінімен ерекшеленеді. Экскурсоводтың айтуынша, аспаптардың көлемі орындаушының бойы мен қолының ұзындығына байланысты болған. Сондықтан бір музыканттың домбырасы екіншісінікіне қарағанда әлдеқайда ұзын немесе көлемді болуы мүмкін.

Күйші-композитор Сейтек Оразалының домбырасы жеті айнамен безендірілген. Ел арасында бұл айналар орындаушыға жұрт назарын аударып, оны тіл-көзден сақтауы үшін тағылған деген түсінік бар.

Музейде қазақ арасында «XX ғасырдың Гомері» атанған Мұрын жыраудың домбырасы да сақтаулы. Ол «Қырымның қырық батыры» эпосын жатқа білген соңғы жыршы саналады. Оның домбырасы батыс өңіріне тән үлгіде жасалған.

Домбырасының пішінімен ерекшеленетін тағы бір өнерпаз – домбырашы, композитор-күйші, Қазақ КСР халық әртісі Мағауия Хамзин. Ол аспабын өзі жасаған. Домбыраның құрылымы дәстүрлі үлгіден өзгеше. Әдетте күй орындаған кезде музыканттың саусақтары жоғарғы тиекке тиіп кетуі мүмкін. Мағауия Хамзин осы қолайсыздықты болдырмау үшін аспаптың құрылысын өзгертіп, кейбір бөліктерін қысқартқан. Соның нәтижесінде домбырада ойнау өзіне ыңғайлы болған. Бұл аспаптың үні де басқа домбыралардан ерекшеленеді.

Музей қорында белгілі музыканттар Әбікен Хасеновтің, Манарбек Ержановтың және Жүсіпбек Елебековтің домбыралары да бар. Елебековтіі аспабы әйгілі шебер Қамар Қасымов жасаған домбыраларға ұқсайды. Оны жасау кезінде жануар сүйектері пайдаланылып, аспап сәндік элементтермен безендірілген.

Мемориалдық залда Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев, Науша Бөкейханов, Сүгір Әлиұлы, Кенен Әзірбаев және басқа да белгілі өнерпаздардың аспаптары қойылған. Олардың арасында Нұрғиса Тілендиевтің жеке домбырасы ерекше назар аудартады.

Музейде Қамар Қасымов, Жолаушы Тұрдығұлов, Ділмановтар әулеті, Романенко және басқа да белгілі шеберлер жасаған домбыралар да бар.

Музей қоры жаңа жәдігерлермен толығып келеді

Музей коллекциясы мемориалдық аспаптармен де толығып отырады. 2019 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының ұрпақтары ақынның домбырасын музейге тапсырған. Ал 2026 жылдың ақпанында белгілі әнші Димаш Құдайберген бала кезінде ұстаған алғашқы домбырасын сыйға тартқан. Бұл аспаптардың музыкалық мұрасымен қатар тарихи құндылығы да зор.

– Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі биыл 45 жылдығын атап өтеді. Биыл қорымыз XIX–XX ғасырларда өмір сүрген көрнекті тұлғалардың және Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген замандастарымыздың аспаптарымен толықты. 2026 жылдың ақпанында Димаш Құдайбергеннің алғашқы шығармашылық қадамына серік болған домбырасын қабылдадық, – деді музей бөлімінің жетекшісі Данияр Жанқабаев.

Музей қорына әнші Роза Бағланованың аспабы да қосылды. Оны әншінің ұлы 2026 жылғы 18 мамыр Халықаралық музейлер күні музейге сақтауға тапсырған. Данияр Жанқабаевтың айтуынша, аспап коллекция үшін ерекше құнды болғандықтан, экспозицияға қойылмас бұрын аздаған реставрациядан өткен.

Биыл қазақтың ақыны, драматургі Бәкір Тәжібаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Ақынның ұлы әкесінің домбырасын музейге сақтауға берген. Мерейтойға орай музейдің концерт залында үлкен концерт ұйымдастырылған.

– Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі қазақ халқының музыкалық мұрасын сақтап қана қоймай, халықтар арасындағы достықты нығайтуға да үлес қосып келеді. Қазір музейде әлемнің 50-ге жуық халқының музыкалық аспаптары бар. Биыл қорымыз тағы екі жәдігермен толықты. Соның бірі – Португалияның лиссабон гитарасы. Португалия консулдығымен бірлесіп, музейдің концерт залында осы аспапта ойнайтын музыканттардың концертін өткіздік. Іс-шара соңында аспапты музей қорына тапсырды. Алдағы уақытта коллекцияны толықтыру мақсатында өзге елдермен де ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Музей туралы

Айта кетейік, Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі Алматыда 1981 жылы ашылған. Музей құру туралы идея мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековке тиесілі. Ол қазақтың ұлттық аспаптарымен қатар, көршілес республикалар мен өзге елдердің музыкалық мұрасын да жинақтауды көздеген.

Бүгінде музей қорында қазақ халқының және әлемнің 50-ге жуық халқының музыкалық мәдениетін танытатын 1 200-ден астам жәдігер бар. Мұнда домбыра, қобыз, жетіген, сырнай, дабыл, даңғыра және басқа да музыкалық аспаптарды көруге болады.

Музей экспонаттарды сақтаумен қатар, ағартушылық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Мұнда дәстүрлі музыка орындаушыларының концерттері, ғылыми конференциялар, шеберлік сабақтары мен дәрістер ұйымдастырылады.

Музейге қазақтың көрнекті күйшісі, композиторы, қобызда орындаушылық өнердің ұлттық мектебін қалыптастырушылардың бірі Ықылас Дүкенұлының есімі берілген. Оның шығармашылығы мен көне қобыз дәстүрін жаңғыртуға қосқан үлесі музей тұжырымдамасының негізіне айналды.

Музей орналасқан ғимараттың өзі де тарихи және сәулеттік ескерткіш саналады. Оның жобасын белгілі сәулетші Андрей Зенков 1908 жылы жасаған.

Еске салайық, Алматы музейінде 1930 жылдардан бүгінге дейінгі альпинизм тарихына арналған «Аспанға ұмтылған шыңдар» көрмесі ашылған еді.