Қазақтың Робин Гуды: «Елге көмек» қорының басшысына қандай айып тағылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында танымал қайырымдылық қорының басшысы болған Ілияс Сәриевке қатысты айыптау актісі оқылды. 

Қазақтың Робин Гуды: «Елге көмек» қорының басшысына қандай айып тағылды
Фото: Кәмшат Әбдірайым / Kazinform

Сотқа төрағалық етуші судья — Ернар Қасымбеков. Айыпталушылар орнында екі адам отыр — Ілияс Сәриев және оны Ақтоты Дүйсеева. Сот отырысында Алмалы ауданы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысы Қ.Асылхан қылмыстық іс бойынша айыптау актісін оқыды.

— Сәриев тұрақты жұмыс орны болмай, қаржыға мұқтаж бола отырып, өз материалдық жағдайын жеңіл жолмен жақсартуды көздеп, бөтеннің мүлкін иемденуге бағытталған алаяқтық жасауға шешім қабылдаған. Қылмыстық ниетін жүзеге асыру үшін ол өзіне тиесілі «Қазақ Робин Гуд» атты Instagram парақшасы арқылы мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін ақша жинайтыны жөнінде жалған ақпарат таратқан, — деді прокурор.

Тергеу барысында қылмыстық әрекеттің 26 эпизоды анықталып, бір өндіріс шеңберінде біріктірілген. Сол эпизодтардың бірі жәбірленуші Қожамжароваға байланысты. Оның туысы бүйрек жеткіліксіздігінен зардап шегіп, Украинада емделу үшін 35 млн теңге іздестірген. Ол Сәриевке Instagram парақшасы арқылы қаржы жинауды ұйымдастыру жөнінде өтініш жасаған. Өз кезегінде Сәриев көмек үшін 1,5 млн теңге талап еткен. 2024 жылдың 23 ақпанында Сәриевке деп Шынар есімді адамның атына 500 мың теңге аударылған. Осылайша ол жәбірленушіге 500 мың теңге көлемінде залал келтірген.

Сондай-ақ айыптау актісінде «MM Travel» туристік фирмасы да аталды. Сәриев пен Дүйсеева бұл фирма арқылы Сауд Арабиясына қажылыққа және ұмраға бару үшін турлар ұйымдастырған деп көрсетілген.

Айыптау актісіне сәйкес, Сәриев пен Дүйсеева Instagram арқылы Меккеге төмен бағада жолдамалар ұсынған. Олар қажыларды люкс нөмірлерге орналасатыруға сендіріп, жолдама құны бар болғаны 500–600 мың теңге болатынын айтқан. Мысалы, Атырау облысының тұрғыны Боранбаева алдын ала төлем ретінде 100 мың теңге, кейін тағы 1 миллион 40 мың теңге аударған.

Осылайша, Ілияс Сәриев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 3-бөлігі, 4-тармағы бойынша («Өте ірі көлемде бірнеше рет жасалған алаяқтық») айып тағылды.

Еске салайық, сәуір айында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, ұсталғанын жазғанбыз. Ол өзін бірнеше рет «қазақтың Робин Гуды» деп атаған және әлеуметтік желідегі парақшаларында музыкант, концерт пен той ұйымдастырушы екені көрсетілген.

Бұған дейін Алматы сотында «Елге көмек» қорына қатысты іс қаралатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар