Қазақтың ұлттық киімі мен әшекейі: мәнін білсек, сәні артады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақтың ұлттық киімі – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның астарында ғасырлар бойы қалыптасқан тәртіп пен терең мағына жатыр. Бүгінде ұлттық киімге қызығушылық артқанымен, оның нақты кімге, қай жаста, қандай жағдайда киілетінін ажырата алмай жататын жағдайлар жиі кездеседі. Соның салдарынан тақия мен сәукеле, кимешек пен жаулық, шашбау мен шолпы сияқты ұғымдар араласып, ұлттық киім көбіне сәндік элемент ретінде ғана қабылдана бастады. Сондықтан ұлттық киімді тану оны киюден емес, мәнін түсінуден басталуға тиіс.
Шапан: құрмет пен тұрмыстың тоғысқан тұсы
Ұлттық киімнің табиғатын түсіну үшін оның ішкі жүйесіне назар аудару қажет. Өзбекәлі Жәнібеков өз еңбектерінде қазақ киімін кездейсоқ қалыптасқан тұрмыстық бұйым емес, белгілі бір заңдылыққа бағынған мәдени жүйе ретінде сипаттайды. Ғалымның пайымдауынша, әрбір киім үлгісі адамның жасына, жынысына, әлеуметтік мәртебесіне және өмір кезеңіне қарай таңдалған, яғни ұлттық киім — адамның қоғамдағы орнын білдіретін «үнсіз тіл».
Ұлттық киімнің мәнін ашатын ең айқын мысалдың бірі — шапан. Қазақтың санасында шапанның ерекше орын алуы кездейсоқ емес. Ол әрі сырт киім, әрі құрметтің белгісі. «Шапан жабу» дәстүрі арқылы адамға деген сый-құрмет көрсетілген. Бұл — жай сыйлық емес, адамның қоғамдағы орнын мойындаудың, оған деген ілтипаттың көрінісі. Сондықтан шапан тұрмыстық бұйымнан әлдеқайда жоғары деңгейдегі мәдени нышан саналған.

Алайда шапанның өзі де біркелкі емес. Өзбекәлі Жәнібеков еңбегінде оның бірнеше түрі нақты сипатталады. Мәселен, сырма шапан тысы мен астарының арасына жүн салынып тігілетін, суыққа төзімді киім ретінде көрсетіледі. Мұндай шапандар сұлулығымен емес, жылуымен бағаланған. Халық арасында айтылатын «Сұлуынан жылуы» деген ұғымның төркіні де осындай күнкөріс пен тіршілік талабынан туғаны байқалады. Ал қаптал шапан мен қималы шапан тігілу тәсілімен ерекшеленіп, жеңілдеу болып келеді. Бұл айырмашылықтар қазақ киімінің табиғатқа бейімделіп отырғанын көрсетеді. Яғни киім — қоршаған ортаға жауап ретінде қалыптасқан.
Ұланғайыр далада ауа райының әркелкі болуы да киім түрлеріне әсер еткен. Жылы өңірлерде жеңілдеу киім басым болса, қысы қатаң аймақтарда қалың әрі жылуы мол киімдер кең тараған. Бұл ұлттық киімнің ең алдымен өмір қажеттілігіне негізделгенін аңғартады.

Сырт киімнің тағы бір кең тараған түрі — шекпен. Жүннен тоқылатын бұл киім күнделікті тіршілікке, еңбекке қолайлы болған. Ал ішік аң терісінен тігіліп, қыстың қақаған аязында қорғаныш қызметін атқарған. Демек, шапан, шекпен, ішік — үшеуі де сырт киім болғанымен, олардың әрқайсысының өз міндеті, өз маусымы, өз орны бар.
Қазақ қыз-келіншектері мен аналары үшін камзолдың орны да ерекше. Камзол — жеңі жоқ, көбіне көйлектің сыртынан киілетін, жүріп-тұруға ыңғайлы киім. Оның алдыңғы жағы ашық болып келеді. Камзол барқыт, жібек, шұға сияқты маталардан тігіліп, кесте және зермен әшекейленеді. Кей өңірлерде ол «кәжекей» деп аталады.
Бас киім — жас пен мәртебенің айнасы
Ұлттық киімнің ішкі жүйесі баскиімдерден тіпті анық көрінеді. Қазақта баскиімге қарап адамның кім екенін ажыратқан. Мәселен, тақия — күнделікті баскиім. Оны қыздар да, ерлер де киген. Бірақ олардың тақиясы бірдей болмаған. Ерлер тақиясы көбіне қарапайым, ұстамды пішілсе, қыздардың тақиясы үкілі, кестелі, зерлі болған. Бұл — баскиімнің тек киім ғана емес, жас пен жынысты айқындайтын белгі екенін көрсетеді.


Тақияның да түр-түрі болған. Зерлі, үкілі, оқалы, сырма, шошақ төбе, тікше, қатипа тақия секілді атаулар соның дәлелі. Қыздардың тақиясы көбіне кестемен, зермен әшекейленіп, төбесіне үкі тағылатын болған. Бұл оның сәндік сипатын айқындаған. Қазақ ұғымындағы «үкідей үлбіреген» деген теңеу де осындай әшекейлі баскиімнің көркем болмысымен сабақтасып жатады.
Ал сәукеле — мүлде басқа деңгейдегі баскиім. Ол тек ұзатылатын қызға арналған, ерекше жағдайда киілетін салтанатты баскиім. Биік пішіні мен мол әшекейі қыздың жаңа өмірге қадам басқанын білдіреді. Сондықтан сәукеле күнделікті киімге жатпайды, оның орны да, уақыты да бөлек. Мұны ескермей, оны жай сәндік бұйым ретінде қабылдау — ұлттық киімнің ішкі жүйесін елемеу.
Тұрмысқа шыққан әйелдің киімі өзгереді. Ол кимешек киеді. Кимешек әйелдің отбасылы екенін білдіретін баскиім ретінде қарастырылады. Этнографиялық зерттеулерде оның пішіні мен әшекейінің жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отырғаны айтылады. Кимешектің сыртынан оралатын жаулық әйелдің ұстамдылығы мен инабаттылығын білдірген. Осылайша, тақия, сәукеле, кимешек, жаулық — адамның өмір кезеңдерін айқындайтын белгілер жүйесін құрайды.

Аяқ киім: тұрмысқа бейімделген шешім
Аяқ киім де қазақ тұрмысына сай қалыптасқан. Мәсі — жұмсақ әрі жеңіл аяқ киім ретінде көбіне үй ішінде немесе жеңіл жүріске қолданылған. Оның сыртынан кебіс киіліп, мәсіні тозудан, сыртқы әсерден қорғаған. Ал саптама етік ұзын қонышты болып, далада, әсіресе ат үстінде жүруге ыңғайлы болған. Яғни аяқ киімнің өзі де тек көрік үшін емес, нақты қолданысқа қарай бөлінген.
Әшекей: сәннен гөрі мағына басым
Ұлттық киім әшекей бұйымдармен толыққан. Алайда әшекейлер тек сәндік қызмет атқармаған. Егер Өзбекәлі Жәнібеков еңбектерінде киімнің құрылымы мен әлеуметтік мәні жүйелі түрде сипатталса, ал әшекей бұйымдардың қызметі этнографиялық зерттеулерде кеңірек қарастырылады.
Зерттеулерге сүйенсек, сырға, білезік, жүзік сияқты әшекейлер қыз-келіншектердің сәні ғана емес, олардың жас ерекшелігі мен әлеуметтік мәртебесін білдіретін белгі болған. Бұл туралы Халел Арғынбаев еңбектерінде айтылады.
Ал шашқа тағылатын шашбау мен шолпының да өзіндік қызметі бар. Шашбау өрілген шаштың ұшына тағылып, оны жинақы ұстап тұруға арналған. Ал шолпы күмістен жасалып, қозғалыс кезінде сыңғырлаған дыбыс шығарады. Кей этнографиялық түсініктерде бұл дыбыс қыздың жүріс-тұрысын реттеп, оны жинақы ұстауға ықпал еткені көрсетіледі.

Демек, қазақтың ұлттық киімі — жеке-жеке бұйымдардың жиынтығы емес, бір-бірімен тығыз байланысқан тұтас жүйе. Оның әрбір элементі — баскиім, сырт киім, аяқ киім, әшекей — белгілі бір қызмет атқарып, адамның жасын, жынысын, әлеуметтік орнын айқындап отырған. Бұл — ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтының, дүниетанымның және қоғамдық тәртіптің көрінісі. Алайда бүгінгі күні осы жүйенің тұтастығы жиі бұзылып жатады. Ұлттық киім көбіне сәндік элемент ретінде ғана қолданылып, оның ішкі мазмұны назардан тыс қалып жатады. Соның салдарынан әртүрлі кезеңге, әртүрлі жасқа арналған киімдер мен әшекейлер орынсыз араласып кетеді.
Сондықтан ұлттық киімді жаңғырту — оны тек қайта кию емес, оның мәнін қайта түсіну. Қай киімнің кімге арналғанын, қай кезде киілетінін, қандай қызмет атқаратынын білу — осы мәдениетті сақтаудың басты шарты. Егер бүгінгі қызығушылық тек сән деңгейінде қалып қоймай, мазмұнмен толықса, онда ұлттық киім шын мәнінде жаңғырады.
