Қазақтың ұлттық медицинасымен айналысатын дәрігер Қытайда үздіктер қатарынан көрінді — шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қорғаста халықаралық тауарлық сауда көрмесі өтеді — Harajorga

4-6 шілде аралығында Қорғас қаласында «Орталық Азияның ерекшелігі, Қорғастағы іскерлік мүмкіндіктер» тақырыбымен Орталық Азия (Қорғас) тауарлық сауда көрмесі өтеді, деп хабарлайды қытайлық Harajorga басылымы.
Аталған көрме қаржы қосу ынтымақтастығы, Қытай тауарлары және Орталық Азия тауарлары сынды үш негізгі тақырыптық жоба бойынша жоспарланып отыр.
Мұнда инвестиция және ынтымақтастық, тоқыма бұйымдар, киім-кешек, ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік, электромеханикалық жабдықтар және трансшекаралық логистика сияқты 10-нан астам негізгі сала қамтылады.
Оның ішінде Қытай (Шыңжаң) пилоттық еркін сауда аймағының Қорғас аймағын жоғары сапалы дамыту саммиті форумы және Орталық Азия ауылшаруашылық өнімдерін жеткізу тізбегі ынтымақтастығы саммиті сияқты 20-дан астам қолдау шаралары бір уақытта өтеді.
Қытайлық БАҚ-тың хабарлауынша, Сауда министрлігінде тіркелген ұлттық деңгейдегі бұл маңызды көрме — Қытай мен Орталық Азияның бес елінің экономикалық және сауда ынтымақтастығын тереңдету. Сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» халықаралық жобасын дамытуды көздейді.
Мемлекет басшыларының дипломатиялық стратегиясы мен Қытай-Орталық Азия ынтымақтастығы механизмін ілгерілету бойынша Шыңжаң Жібек жолы экономикалық белдеуінің негізгі аймағы ретіндегі артықшылықтарын кеңейтуді жалғастыруда. Қытай елі Орталық Азия мен Еуропаны байланыстыратын «алтын порты» ретінде Қорғас өзінің саяси артықшылықтарының арқасында халықаралық сауда және логистикалық хабқа айналды, деп жазады қытайлық БАҚ.
Ташкент төріндегі тарихи жиын: Парламентаралық Одақтың 150-ассамблеясы өз мәресіне жетті — ӨзА

Өткен аптада, атап айтқанда 2025 жылдың 5–9 сәуірі аралығында Ташкент шаһары дүние жүзінің назарына ілікті. Себебі бұл күндері Өзбекстан астанасында Парламентаралық одақтың 150 жылдығына арналған мерейтойлық Ассамблея өтті. Осы маңызды шараның қорытындысы жайлы ӨзА агенттігінің тілшісі Парламентаралық одақтың Президенті Тулия Эксонмен сұхбаттасқан.
Ұйым басшысының өз сөзінше, мерейтойлық Ассамблеяның Өзбекстанда өтуі өзбекстандықтар үшін зор мәртебе. Сондай-ақ, ол бұл жиында өздерінің мол тәжірибе жинағанын, жаңа идеяларға жол ашылғанын тілге тиек еткен.
Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасының Президенті баяндама жасағаны айтылады.
Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, ассамблея аясында қабылданған Ташкент декларациясы — айтулы құжат. Ол жиналғандар тарапынан зор қошеметке ие болды. Бұл құжатта тұрақты даму мақсаттары, әлеуметтік прогресс, әйелдер мен жастардың қоғамдағы орны, гендерлік теңдік сияқты өзекті мәселелер қамтылған.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі «KAZINFORM»-ға сілтеме жасап «Қазақстан мен Өзбекстан ақпарат саласында әріптестікті нығайтуға келісті» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Астана қаласында өткен ІІ Орталық Азия медиафорумы аясында Қазақстан мен Өзбекстан екіжақты хаттамаға қол қойған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры Асаджон Ходжаевпен кездесіп, Қазақстанның Орталық Азия өңірінде бірыңғай ақпараттық кеңістікті нығайтуды үнемі қолдайтынын атап өтті.
Айта кетейік, Астанада өткен ІІ Орталық Азия медиафоруға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Қатар, Ресей және басқа да елдерден 700-ден астам делегат қатысқан болатын.
Сондай-ақ тараптар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және өзара тәжірибелік байланысты дамыту мақсатында ақпараттық саладағы әріптестікті нығайтуға бағытталған бірлескен хаттамаға қол қойылды.
Енді Қытай мен Қазақстанның жеміс-көкөністерін тікелей сатып алуға болды
— «Халық газеті»

Жақында Шыңжаңдағы ең ірі жеміс-көкөніс көтерме сауда нарығы мен Қазақстанның жеміс-көкөніс нарығы алғаш рет тікелей бірлескен жеткізу жүйесін іске асырып, екі ел арасындағы экспорттық қызметтің жаңа моделін сынақтан өткізді.
Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» басылымы хабарлады.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, ынтымақтастықтың жаңа моделіне сәйкес, Шыңжаң Цзюдин сауда-логистикалық тобының жеміс-көкөніс көтерме сауда нарығында жемістер мен көкөніс өнімдері тиелген трансшекаралық тоңазытқыш тізбекті жүк көліктері TIR (халықаралық автомобиль көлігі) жүйесі арқылы шекарадан өтеді.
Келтірілген деректерге сүйенсек, TIR халықаралық автомобиль көлігі жүйесінің «бір жолда тексеру, жол бойы тоқтаусыз» жүре беретін артықшылықтары арқасында Қытай-Қазақстан шекарасында сандықты екінші рет ашып тексермей-ақ өте алады, бұл тексеру уақытын 60%-ға қысқартты. Тасымалдау уақыты кем дегенде 12 сағат үнемделді.
«Кері қайтар жолда жүк көліктері Қазақстанда өндірілген зығыр майын, балды, сиыр мен қой етін тиеп келеді. Осылайша, екі бағытта бірлескен жеткізу жүзеге асып, Қытай мен Қазақстан өзара игілікке қол жеткізіп жатыр» деп жазады қытайлық басылым.
Сондай-ақ осы аптада Қытайдың Халық газеті басылымында «Қытайдың V халықаралық тұтыну тауарлары көрмесіне әлемдегі ең үздік өнімдер қойылды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген болатын.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, 13 сәуірде Хайнань өлкесі Хайкоу қаласында Қытайдың V халықаралық тұтыну тауарлары көрмесі ашылды. Онда адам пішініндегі робот подиумдары, интеллектуалды дрондар, сәнді көліктер, зергерлік бұйымдар қойылған.
Бұл көрмеге әлемнің 71 елі мен аймағынан 4100-ден астам тұтынушы брендтері келді. Олар сәндік, жаңа технология, салауаттылық, экологиялық тұтыну, төмен кеңістіктегі экономика, яхта экономикасы және басқа да халық арасында танымал тұтыну түрлерінен тұрады.
«Саади бағы» — әлем әдебиетінің ең үздік аударылған туындысы атанды — ParsToday

Дүйсенбі күні Сараево халықаралық кітап көрмесінің соңғы күніне сәйкес, жәрмеңкенің таңдамалы жұмыстары 18 бөлім бойынша анықталып, таныстырылды, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.
Аталған басылымның хабарлауынша, 36-шы Сараево халықаралық кітап көрмесінде әлем әдебиетінің босниялық, серб, хорват және керісінше тілдеріне ең жақсы аударылған туындысы үшін сыйлық «Саадидің бағы» деп аударылған кітапқа берілді.
Босния және Герцеговинадағы Иранның мәдени орталығы мен осы елдің Дубракника баспасының ынтымақтастығымен және Иран Ислам мәдениеті мен байланыстары ұйымының Исламдық білім және гуманитарлық ғылымдарды аудару және басып шығаруды ұйымдастыру орталығының қолдауымен босниялық тіліне аударылған бұл халықаралық кітап көрмесінде алғаш рет таныстырылды. Иран әдебиетінің бұл тамаша туындысын Муаммар Кудрич аударған.
Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Мумбайдағы Иран Ислам Республикасының Мәдениет үйі «Карван Орду» үкіметтік емес ұйымы және «Ислам Ғымхана» мәдени кешенімен бірлесіп, 21 сәуірде Саадиді еске алу күні мен Парсы прозасы күніне орай «Саади Ширази» тақырыбында конференция өткізбек.
Айта кетейік, Саади деген атпен белгілі Әбу Мұхаммад Мушарраф ад-Дин Муслех ибн Абдулла ибн Мушарраф хижраның 7 ғасырындағы ирандық ақын әрі жазушы.
Қазақтың ұлттық медицинасымен айналысатын дәрігер мемлекеттік үздіктер қатарынан көрінді — Harajorga
2024 жылғы «Қытай материалдық емес мәдени мұралар жылдық тұлғасынан» 100 кандидаттың атын атады. Шыңжаңнан 3 адам таңдалды, деп хабарлайды Harajorga.
Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, 16 сәуір күні 2024 жылғы «Қытай материалдық емес мәдени мұралары жылдық тұлғасын» корсету, түсіндіру іс-шарасы 100 адамның есімін жариялады. Аталған шараға орай Шыңжаңдағы материалдық емес мәдени мұралары саласынан 3 адам мұрагер ретінде таңдалды. Солардың бірі мемлекет дәрежелі материалдық емес мәдени мұра ретінде қазақтың ұлттық шипагерлігінің (булап емдеу, сүйек оташылығы, үсікті емдеу) мемлекет дәрежелі өкілдік мұрагері Бақытбек Құмарқажыұлы болды.
«Қытай материалдық емес мәдени мұралар жылдық тұлғасын» көрсету, таныстыру жұмыстары 2017 жылдан бері 7 рет өткізіліп, материалдық емес мәдени мұра тұлғаларының ізгі істерін көрсету және жаңғырту арқылы оны қазіргі қоғаммен тікелей араласу арқылы халықтың өміріне қызмет өтеуін ілгерілеткен.
Бұл іс-шараны Мәдениет және туризм министрлігінің материалдық емес мәдени мұралар мекемесінің жетекшілігінде Гуаньмин газеті ұйымдастырған. Олардың негізгі бағыты — ел ішіндегі материалдық емес мәдени мұралардың өкілдік мұрагерлері, аталған саладағы жобалаушылар, кәсіпкерлер, өнер өкілдері, материалдық емес мәдени мұраларды басқарушылар қатарлыларды көтермелеу. Келесі қадамда жоғарыдағы мемлекет бойынша таңдалған 100 кандидаттың ішінен 30-ын іріктеп, соңғы бағалауға қатыстырып, ең соңында үздіктерін сайлайтыны айтылады.
ДДСҰ-ға мүше елдер болашақта пандемиямен күресу үшін тарихи келісімге келді — TRT

COVID-19 пандемиясы әлемдік денсаулық сақтау жүйесінің маңызды олқылықтарын жарыққа шығарғалы бес жыл өтті. ДДСҰ-ға мүше елдер жаңа жаһандық пандемияға дайындық аясында теңдік, технологияларды бөлісу және ынтымақтастық сияқты мәселелерді қарастыратын 32 беттік келісімге келді.
Бұл туралы Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, үш жылға созылған келіссөз нәтижесінде елдер болашақ пандемиялармен күресу жолдарын анықтайтын маңызды келісім мәтініне қол жеткізді. Бұл келісім Covid-19 дағдарысы кезінде жіберілген қателіктерді қайталамауға бағытталған.
— Бүгінгі түн қауіпсіз әлемге қарай ортақ сапарымыздағы маңызды кезеңді білдіреді. Бүгін Женевада әлем елдері тарих жазды, — деді ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус.
Келіссөздер COVID-19 миллиондаған адамды өлтіріп, экономиканы құлдыратқаннан бес жылдан кейін құс тұмауы (H5N1), қызылша, Мпокс және Эбола сияқты жаңа қауіптерден кейін жүргізілді.
«Келіссөздердің соңғы кезеңі АҚШ-тың сыртқы көмекті қысқартуымен және дәрі-дәрмектерге тарифтердің көтерілуіне байланысты кейінге қалған болатын», деп жазады түркиялық БАҚ.