Қазақтың жерлеу салты жайында не білеміз
Тумақ бар да, өлмек бар. Қазақ жерлеу салтының қайсысын ұстанады? Ол қай заманнан келе жатқан ғұрып? Kazinform тілшісі тарихшы, этнографтар мен археологтардың пікірін тыңдады.

Алғашқы сұрақтарға Қ. Жұбанов атындағы АӨУ проректоры, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров жауап берді.
Рахым Бекназаров — қазақтың жерлеу дәстүрін зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдардың бірі.
Өзі әңгіме барысында бірқатар тың фактілерді, фотосуреттерді де көрсетіп, бұрын ғана емес, қазір де кездесетін ғұрып жайын айтып берді.
Бұл туралы кейбір форум, кездесуде сөз етіп, көптің көкейіне ой да салады. Әлқиссасын өзі бастап берді.

— Қайтыс болған кісінің денесін не істеу керек? Түрлі нұсқа бар. Біріншіден жерге көму, екіншіден өртеу (кремация), үшіншіден аң-құсқа жегізу (тибетте жыртқыш құстарға тастайды), төртіншісі — суға ағызып жіберу. Қазақстанда палеолит дәуірінен бастап жерге жерлеу дәстүрі басым келеді. Анасының жатырында қалай бүрісіп жатса, дәл солай жерлеуге тырысқан. Сонымен бірге о дүниеде тіршілік бар деген сеніммен түрлі бұйым жанына салу әлі күнге дейін кездеседі. 2006–2007 жылдары шамасында Қосағашқа барар жолда Ресейдің Алтай ауданында Таулы Алтай қаласына бардым. Ол жерде алтайлықтар тұрады. Олар қазақ сияқты, сөйлескенде аудармашыны қажет етпейді. Сол сапарда қайтыс болған адамның жерлеу рәсіміне қатысқым келді. Бірақ қасымдағы алтайлық ғалым мені тоқтатып, қабылдау қиын екенін түсіндірді. Себебі олар әрі күнге дейін түркі салтымен жерлейді. Көрмесем де білгім келіп, сұрадым. Олар бөренені алады. Қақ бөліп, ортасын ояды. Екі бөлігін де үңгіген соң ортасына адамды салып, қақпақ секілді жабады (колода). Жанына қойдың артқы бөлігін бөлмей салады. Алматы жаққа барсаңыз «жаубүйрек» немесе «аша» деп ұсынады. Дәл солай алтайлықтар қойдың артқы бөлігін сол күйі ыдысымен молаға көмеді. Қазір ХХІ ғасыр. Бұл не? Демек әлемде палеолит дәуірінен келе жатқан элементтер әлі бар. Қазақстан жеріндегі ежелгі тайпаларда кезінде кремация да болған. Қола дәуірінің ескерткішін зерттеген кезде кейбіреулерінде өртенген заттар да кездесті. Түркі дәуірінде де өртеген. Ол заратуштра дінінің бір ықпалы, — деп түсіндірді Рахым Бекназаров.

Ибн-Фадланның «Волгаға саяхат» кітабын мысалға келтірген тарихшы 988 жылдағы деректерді тізбектеді. Миссиорнер Ибн-Фадлан булгарларға (татарларға) сапарында Ақтөбе облысының қазіргі Байғанин ауданы аумағын кесіп өтіп, қазіргі Қазан қаласы маңына аялдайды.
Дәл сол кезде орыстың князіне кездеседі. Ал ол болса ағайынын жерлеу рәсімін өткізген. Ер адам қаза болса қайыққа жерлейді. Бір өзін ғана емес, әйелін өлтіріп жанына жатқызады, кейін қайықты өртейді. Бұл бар болғаны XI ғасыр, бұрын болған жерлеу рәсімі.
Ибн-Фадланнан орыс князі бұл дінді қабылдамай, миссионер әрі қарай татарларға кетеді. Сол кездегі Булгарияға барып, аялдап, жергілікті халқы ислам дінін қабылдайды.

— 2009 жылы археолог Ерболат Смағұлов Абат Байтақта қазба жұмысын жүргізді. Кесене Алтын Орда дәуіріне жатады. Демек ХІV–ХV ғасырлар. Ер адамның, әйелдің, үш баланың сүйегі шықты. Ер мен әйел табытта, киімімен жерленген. Қабірде заттар да бар. Тарихта Алтын Орда ислам дінінің ықпалында болды деп айтамыз. Дегенмен тәңіршілдік белгілері молынан кездеседі. Бұл бір. Екіншіден археолог Бисембаев Арман Ауғанұлымен бірге Ақтөбе территориясында ХVІІІ ғасырдың зиратын зерттедік. Табыт жоқ, ақ сұпқа ораған болар, барлық рәсімдері мүсылманша жерлегенін көрсетеді. Бірақ тілінің астында тиын болды. І Петр заманының тиыны қайдан жүр? О дүниеге кеткен кісінің тілінің астына «бір дүниеңді сатып аласың» деген наныммен салып отыр. Мұндай элементтер қазба зерттеулерде жиі кездеседі. Шетінеп кеткен сәбидің уысына тиын ұстатып көмеді деп те естіп қаламын кейде, — дейді ол.
Қазір қазақта қайтыс болған адамды жерге көмеді. Көр қазудың бірнеше нұсқасы бар. Бәрі жер қыртысына, құмның тұрақтылығына байланысты бөлінеді.
Біріншіден, жандама. Жандама — қазылған жердің жанынан үңгір ою әдісі.

Сосын денені сол жандамаға қойып, таспен өріп тастайды. Бұл жер қыртысы қатты болса қолданылатын тәсіл. Екіншісі, апан. Құмды жерде жандама қазу мүмкін болмай, адамдар жан-жағын таспен өрген.
Кейін денені салып, бетін ағашпен, қамыспен, кейде қолда бар қатты затпен жапты. Ал үшіншісі, лақап. Мұнда жер қазылып, денені бір бұрышына жатқызады. Кейін ағашты қиғаш қойып, көмеді.
— «Ақылсыз ел болмас, лақапсыз көр болмас» дейді қазақта. Бұл көбіне Моңғолиядағы, Алматы жақтағы қазақтарда кездеседі. Қытайда да болдым. Ол елде моланы қорған деп атайды. Әулетте бір адам көз жұмса көр қазылады. Кейін сол моланың жан-жағын 20×20, кейде 30×30 метр етіп қоршайды. Бұл — қорған. Әкем Бердімұратов Ағыбайдың айтуынша, бұрын Ақтөбеде де осындай қорған жасайтын. Сол қорғанның есігі болады. Кейін әулетте бір адам көз жұмса өзге жерге емес, өз қорғанына жерлеген. Моңғолияда да осы. Сол кезде әрі қарай жерлеу рәсімін сұрадым. Олар құдық қазатынын айтты. Сол құдықтың ішінен бір бүйірін үңіп алып, дөңес (катакомба) бөлме жасайды. Денені қойып, таспен өреді. Бірінші ер адам көз жұмып, кейін әйелі өлсе, сол құдықты қайта ашып, қарама-қарсы жағынан жаңа үңгір қазады. Жылдар өте жер отырады, топырақтың үсті сәл түсіп кетеді. Қарасаң анық көруге болады жерлеу рәсімін. Катакомба қола дәуірінен кездесетін. Мұны коридорымен дромос деп атайды. Демек ата-бабамыз қола дәуірінен бастап осы жерді мекендеген, автохтонды, яғни, жергілікті халықпыз. Дүниеде бәрін өзгертуге болады. Адамның келбетін, түр-тұлғасын, киімін, әшекейін. Тек жерлеу рәсімін емес. Халық геноцидке ұшыраса, жойылып кетсе ғана өзгереді ғой жерлеу дәстүрі. Қалған уақытта үлкендердің айтқанын тыңдап, көрсеткенін қайталаймыз. Өзгермегені осыдан. Өзгертудің қажеті де жоқ, — дейді Рахым Бекназаров.

Ақтөбеде бірегей жерлеу рәсімі әлі күнге дейін кезігеді. Тарихшы көрген-жүрген жерінде сұрастырып, біліп, ақпарат жинайды.
Таяу жылдары Алмат-Самрат тамы қайта жаңғыртылды. Бірегей тамның өз тарихы бар.
— Алмат атамыз қажылыққа барып, араб, парсы дәстүрімен танысады. Келген соң сол салтты Ақтөбенің Ырғыз өңіріне енгізеді. Ол — зиярат. Кесене салынады. Сол кесене ішінде әйелдердің, ер адамдардың бөлек бөлмесі болады. Іші қуыс. Бір адам қайтыс болса сонда қойып кетеді. Арада уақыт өтіп, келесі адамың денесі әкелінгенде сүйекті ысырып, орнына қояды. Бұл Өзбекстан, Тәжікстанда әлі күнге дейін бар. Ырғызда Жолымбет тамы да бар. 1966 жылы үй сияқты салынған. Ішіне кіргенде кірпіштен дөңес етіп өрген. Қазір үш адамның сүйегі жатыр, — дейді ғалым.
Мұсылманша жерлеудің бұл дәстүрі бізде жоқ, бірақ Өзбекстан, Тәжікстанмен қатар араб мемлекеттерінде сақталған.

Өлген соң хан да бір, қара да бір. Сондықтан болар елімізде жерлеу рәсімі бір-біріне ұқсайды. О дүниеге ешкім ештеңе алып кетпейді. Тек хан мен батыр, атақты адам өлсе, кесенесі көркем, құрылысы күрделі болады.
Қазір де ақшасы бар адам талғамына қарай таңдайды, ерекше дизайнмен салады. Ал құлпытасқа жазу отырықшылық заманынан бері бар. Ең көнесі ХVІІ-ХVІІІ ғасырларға тән.
Жазу адамды танып, Құран бағыштау үшін қажет. Эпитафия — тірі адамға көмекші құрал.
— Құлпытас қоймас бұрын ағаш тақтай қадап кетіп жатады. Атауы — сайғақ. «Сайғақсыз қалғыр» деген ең ауыр қарғыс бар. Демек ешкім таппасын, іздемесін дегені, — деп түйіндеді ойын ол.

Айта кетейік, елімізде адам қайтыс болған жағдайда оның отбасына біржолғы төлем жасалады. Жерлеуге берілетін төлемнің бірнеше түрі бар.
Былтыр Ұлттық экономика министрлігі крематорийлердің қызметін реттеп, жұмысын қамтамасыз етуді көздейтін бұйрық жобасын жариялады.
Ал биыл Қазақстанда жерлеу қызметінің құны 5 пайызға қымбаттады, деп жазады Finprom.