«Қазақты ат үстінде тану керек»
***
Тарих сырына, замана қатпарларына, айнала алыс-жақын елдер шежіресіне көз салып, құлақ түрген сайын өз халқымыздың өткендегісіне байланысты жаңа деректерге қаныға түсеміз. Көп уақытқа дейін арғы-бергі тарихымызда беті ашылмай бүгулі келген көп жайттар енді белгі бере бастады. Сол шежіре бұлағының бір көзі Батыс Европа елдерінің рухани тарихынан табылады. Батыс Европада өткен ғасырларда өмір сүрген ғалымдар мен жазушылардың қазақ елі турасында жазып қалдырғандары соңғы кезде көбірек мәлім болып жүр.
Бұл орайда 19-шы ғасырдың ортасында қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрі мен ауыз әдебиетін зиялы Европа халқына таныстыруға Сібір мен Қазақстанға айдалып келген поляктың ұлт-азаттық қозғалысының өкілдері, прогресшіл, демократияшыл көзқарасты революционерлерінің атқарып кеткен еңбектері ерекше. Кезінде қазақ жерінде Т.Зан, Я.Виткевич, Л.Турно, А.Янушкевич, Г.Зелинский, С.Гросс, Б. Залесский сынды поляк азаматтары айдауда болған. Бұлардың әрқайсысы халқымыздың бірін-бірі білу, тану, достасу дәстүрін дамытты. Бұған айдауда болған поляк ақыны Густав Зелинскийдің (1809-1881) «Қазақ» және «Дала» поэмалары дәлел. Бұл шығармалар бізге негізінен кейінгі жылдары мәлім болғанымен (бұл екі поэма да тұңғыш рет қазақ тіліне 1964 жылы аударылып басылым көрген) Европаның көп елдеріне бұрыннан танымал туындылар. Зерттеушілердің көрсетуінше тек бір ғана «Қазақ» поэмасы 19-шы ғасырдың ортасымен 20-шы ғасырдың алғашқы ширегінде Европаның негізгі тілдерінде 22 рет басылым көрген.
Ал қазақ жерінде 24 жыл айдауда болған поляктың қоғам қайраткері, революционер Адольф Янушкевич (1803-1857) «Қазақ даласындағы сапар күнделігі» (1861, Париж) деген танымдық мәні аса зор кітап жазып қалдырған. Ұлан-ғайыр тарихи деректерге толы бұл кітап республикамызда алдымен орыс тіліне 1966 жылы, содан кейін 1979 жылы төл тілімізде жарық көрді.
Артына елеулі із қалдырған поляк азаматтарының тағы бірі право ғылымдарының кандидаты Северин Гросс (1852-1893) 19-шы ғасырдың жетпісінші жылдар аяғында Семей қаласында айдалу мерзімін өткере жүріп, халқымыздың өмірінен «Қазақтардың ежелгі әдет-ғұрыптары» деген еңбек жазып, (1856-Петербург), тіпті, оны жеке кітап етіп шығартты. Тағы бір жай, қазақстандықтар үшін Гросс есімі барынша құрметке ие, өйткені ол кезінде халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбаевпен етене танысып, дәйекті достықты қалыптастырған, оның дүние танымы мен рухани өсуіне азды-көпті әсер еткендердің бірі болып саналады.
Сөйтіп, 19-шы ғасырдың ортасында қазақ жерінде айдауда болған поляк революционерлерінің біразы қазақ-европа әдеби байланыстары тарихында елеулі еңбек, өшпес белгі қалдырып кетті. Демек, 19-шы ғасырда Қазақстанда айдауда болған поляк азаматтарының өмірі мен қызметін жан-жақты зерттеу әлі де жұртшылыққа беймәлім көп деректердің бетін ашатыны сөйтіп, халықтар ынтымағының, достығының тарихын толықтыра түсері даусыз.
Тарихтың бұралаң соқпақтары енді бір поляк перзенті-Бронислав Залесскийді (1820-1880) туған жерінен тым шалғайда жатқан далаға әкетіп бейтаныс халықтың өмірі мен тіршілігін суретке салғыздырды. Бұл Қазақстанда айдауда болған поляк суретшісі Бронислав Залесскийдің 1865 жылы Парижде жарық көрген «La Viedes steppes kizqnizes» («Жизнь казахских степей») атты суретті альбом кітабы.
Рас бұл кітап бұдан ширек ғасыр бұрын республикамыздағы «Өнер» баспасынан қазақ және орыс тілдерінде бір түптемеде жарық көрген екен.
Демек, бұдан 150 жыл бұрын шыққан осы бір кітап тарихыда оның авторы Б.Залесскийдің шығармашылық өнері де алуан сырлы шежіреге толы екендігі ешбір дау туғызбаса керек.
Поляк халқының демократ-революционері Бронислав Залесский 19-шы ғасырдың 40 жылдарында өз елінде ұлт-азаттық идеяларын студенттер ортасында барынша батыл уағыздағаны үшін бірнеше рет қудаланған, тұтқынданған. Ақырында өз пікірінен қайтпаған оны патша үкіметі 1848 жылы Орынбордағы әскери корпусқа солдаттық қызметкер жібереді.
Осы жылдары Б.Залесский сол Орынборға өзі секілді айдалып, солдаттық қызметке келген Украинаның ұлы ақыны Тарас Григорьевич Шевченкомен танысып достасады. Сурет салуға деген қабілетімен ерекше көзге түскен Залесскийге 1848 жылы Арал экспедиция материалдарын қорыту тапсырылады. Міне, осы уақыттан бастап оның қазақ жерімен, тарихымен танысу кезеңі басталады. Суретші Залесскийдің өмірінде Шевченко үлкен роль атқарып, оған сурет салудың алуан тәсілдерін үйретіп, қамқорлығын аямайды.
1854 жылы бұлар Манғышлақ жартыаралындағы көмір қорын барлауға аттанған экспедицияда бірі суретші, екіншісі құжаттаушы қызметтерін бірлесе атқарған. Дәл осындай шаруамен бұл екеуі Каспий жағалауындағы жұмыстарға да бірге қатысты. Екеуінің арасындағы айнымас достық, шығармашылық ынтымақ байланыс кейін Залесский әскери қызметтен босанып, Петербургке қоныс аударғаннан кейін де үзілмейді.
Польшаға қайта оралған соң ол бірінші кезекте естеліктерін жариялауға әрекет жасап, 1857 жылы «Қазақ даласына екі сапар» деген атпен оны «Әлем кітабында» бастырды. Төрт жылдан соң Залесский Францияға біржола көшіп кетті.
Сөйтседе ол Польшадағы ұлт-азаттық қозғалыстарына қолынан келгенше рухани жәрдемдеседі. Сөйтіп, ол бір кезде Орынборда, Батыс Қазақстан өлкесінде өткізген өмірі туралы мақалалар жазады. Бұлар кезінде итальян, француз және поляк тілдерінде жарық көрді. Онда ол Поляк кітапханасының жетекшісі болды.
Алғаш рет осында Парижде он екі кескіндеме суреттерін (офорттарын) көпшілік назарына ұсынды. Франция оқырмандары олардың ерекшеліктерін тез байқады. Өйткені, бұл Батыс Европа жұртшылығын Қазақстан пейзажының сондай-ақ, қазақ халқының тіршілігімен, дәстүр-салтымен көзбе-көз таныстырған тұңғыш басылым еді.
Бронислав Залесскийді зиялы Европа жұртшылығына салиқалы суретші ретінде әйгілі еткен еңбегі оның 1865 жылы Парижде француз тілінде шыққан «Қазақ даласының тіршілігі» атты суретті альбом кітабы. Әдемі әшекейлермен, татымды түсініктермен шыққан бұл албом сонау алыстағы қазақ даласының тыныс тіршілігін европалықтарға айқара жайын салған.
Залесский альбомға жазған қысқаша алғысөзінде «Оқырман назарына ұсынылып отырған осынау дүние тарихи зерттеуде, этнография жөніндегі еңбек те емес. Туристің қолжазбасы деуге де болмас еді. Бұл шалғайдағы өлкені мекен етуге дәм айдан келген соң, менің мұнда табаны күректей тоғыз жылды өткізіп, шетсіз-шексіз даланың бір қырынан екінші қырына дейін ерсілі- қарсылы, аттылы-жаяулы дегендей, жүруімен тура келіпті.
Сурет салу мен үшін еріккенде ғана уақыт өткізер ермек емес. Қарындаш, қағазымды қолыма алып отыра қалар сәттерімді жанымды жеген мұң-шерімді ұмыттарып, көңілді алаңдатар ең бір бақытты уақыт деуге болады. Табиғат екеуіміз бір-бірімізбен мүлде жақындасып, кірігіп кеткендейміз. Ол менің ұстазыма айналды. Жазира перзенттері өмірінің еріксіз куәгері ретінде олардың тіршілігін қалауымша бақыладым. Олардың аузынан жүйрік қиялдарының жемісіндей кейбір ертегілерін тыңдадым.
Бұл жазбада мен өзім байқаған жайлардың және жинап қағазға түсірген аңыздардың бір бөлігін ғана ұсынып отырмын. Меніңше, мұндай еңбек оқырманын өзінің жаңалықтарының молдығымен қызықтырар деген ойдамын.
Қателеспесе, батыстың бірде-бір адамы бұл ел туралы көркемдік тұрғыдағы шығарма жазбаған, осынау даланың пейзажын салмаған. Өз шығармамда ұсынып отырған дүниелердің бәрі де өмірдің өзінен ойып алынғандай. Салған суреттерім мен жазбаларымда қиял жетегінде ілесіп кетпей табиғаттың өзіне көп үңілдім. Сондықтан да әрбір деталь, тіпті қылаудай сызығымда кейбір кемшіліктер болуы мүмкін, бірақ олардың дәлдігі мен шыншылдығында күмән жоқ.
Желтоқсан, 1864, Париж.
Бронислав Залесский».
Залесский альбомына қазақ жерінің әр қырын бейнелейтін 22 сурет және олардың әрқайсысына жеке-жеке түсініктемелер қоса берілген. Автор аьбомына кейде қазақ даласының әр шетінен естіген аңыздарды да шеберлікпен енгізе білген.
Залесский альбомының барынша құндылығының енді бірі-оның айдауда жүрген кезінде жазылып, 1857 жылы өз елінде баспа бетін көрген «Қазақ даласының тіршілігі» атты очеркінің осы жинаққа тұтас берілуі. Тіпті, осы очерктің атымен Залесский өзінің альбом кітабын да тегін атамаған. Сол себепті де бұл басылып тек бейтарап қалдырмас шындық қасиетімен құнды деуге негіз болады. Альбомдағы барлық суреттеріне кезінде өзі аралаған Батыс Қазақстан жерлері арқау болған. Атап айтқанда «Ақтау тізбектері», «Маңғыстау бағы», «Жалаңашкөл», «Маңғыстаудағы сай», «Киелі адам», «Қазақ әулиесінің зираты» суреттері арқылы бүкіл қазақ даласына тән құбылыстар мен көріністерді дәл бейнелеген.
Мысалы, «Жалаңашкөл» суретіндегі көл жағасында ат суарып тұрған қазақтың киім киісі, немесе, «Қазақ әулиесінің зиратында» бейнеленген екі жолаушының құран оқып отырған кезі келген көрерменге дәлділігімен, тіпті, нанымдылығымен баурап алары сөзсіз.
Қазақтың ақындық, жыршылық өнері әрқашанда өзіне ерекше назар аудартқан ғой. Залесский де осыған орай «Қазақ үйінің ішінде» деген сурет салып, оның ішінде қымыз ішіп отырған қазақтар мен қобыз тартып, өлең айтып отырған жыршыны бейнелеген.
Қазақ елі жайлы естеліктерінде Залесский бояумен жаза алмаған нәрселерін кейінгі ұрпаққа сөзбен жеткізген. Соның ішінде дарқан дала иесі қазақтың бейнесін жатжұрттықтар ішінде Залесскийден артық суреттеген ешкім жоқ. Ендеше Залесский баяндап көрсін.
«Қазақты ат үстінде тану қажет. Жер түбіне дейін шаршамай шалдықпай ат үстінде жүре берер төзімділігін, ептілігін көргенде қазақтар осы ер үстінде жаралғандай көрінеді. Оның есесіне жаяу жүрісте тез шаршап қалады. Қазақтар шешен келеді және өздері мұны тәлімді тәрбиенің немесе жақсы тектен шыққандығының дәлелі деп санайды. Жоғары мәртебелі кісі әңгімеге бел шешіп араласқан кезде шешендік сөздер мен әдемі теңеулер шегінен аса төгіледі дерсің, даусын көтере, қолдарын сермей отырып сөйлегенді ұнатады».
Ал сол заманның дала көлігі түйе малын Залесскийше баяндау да оқырманды бей-жай қалдыра алмаса керек. «Шөл даланың нағыз тәңірі деп қазаққа өлшеусіз пайдалы түйе көлігін атаған жөн. Бұл маңда болып кеткен жолаушы түйенің сызылта ұзақ боздаған жалынышты үнін өмір бойы ұмыта алмас. Егер осы үнді біздің қалалардың көшесінен немесе бақтың ішінен естір болсаң онда, дау жоқ бұл дыбыс төбе құйқаңды шымырлататындай жаман әсер берер еді.
Алайда, шексіз шөл даланың тымық түнінде келе жатқан кезіңде түйенің боздағанын естісең, онда бұл үн тым асқақ шіркеу органының үніндей құдіретті естілер еді. Бұл шынында дала органы, оның қуаттылығы сонау шексіздікпен әдемі астасып, көкірегіңде бір салтанатты күйді ойнатады».
Залесскийдің бұл альбомы өз кезінде кейін де жұртшылық назарын аударты, жоғары бағаланады. Альбом Парижде жарық көрісімен-ақ Ресейге де мәлім болады. Альбомға сол кездің атақты ғалымы В.В.Григорьев деген мәнді пікір жазған. Ол сол 1865 жылғы «Императорлық география қоғамының хабарлары» атты журналдың он бірінші санында басылған. Григорьев қазақ даласын зерттеу сапарларының бірінде Залесскиймен бірге болып, оның көптеген суреттерінің туу кезінде көрген екен.
Сондықтан да ол Батыс Қазақстан далаларын Залесскийдей аралған европалықтардың аз екенін, оның суреттерінің дәл және анықтығын айта келіп, «мұнда қазақ далалары мен қазақтардың өмірі шындыққа толық сай келетінін біз растай аламыз», деп жазған.
Демек, дарқан дала перзентері қазақ халқын ақ адал жүрегімен қатерлеп ұнатқан поляктың айтулы азаматтарының еселі еңбегі арқасында, 19 ғасырдың ортасында-ақ, Париж ғана емес, Варшава, Берлин де қазақ ауылына көз тігіп, киіз үйлерді өз көздерімен көргендей әсер алған. Ендеше, Залесскийдің бұл суретті кітабы күні бүгінге дейін тарих этнография ғылымдары үшін аса бағалы мұра болып қала бермек.