Қазақтың 25 ақын-жазушысының кітаптары ағылшын тіліне аударылмақ
«Бес жылдың ішінде қазақтың 25 ақын-жазушысының кітабын ағылшын тіліне аудару туралы жоспарымыз бар. Болашақта бұл жұмысқа келгенде бізге билік көмектесер деген ойдамыз. Неге десеңіз, біздің әдебиетімізді ағылшын тіліне аударудың маңызы өте зор», - дейді Бигелді Ғабдуллин Астанада өткен Оралхан Бөкейдің ағылшын тіліндегі «Кісі киік» кітабының тұсаукесерінде.
Бигелді Ғабдуллин өз сөзінде дүние жүзінің жартысы қазіргі таңда ағылшын тілін білетінін айтады.
«Кітаптың аударылуына келгенде мына жайды ескеру керек: керек десеңіз, кез келген қазақ жазушысының кітабын осында да аудара беруге болады. Бірақ, мұнда аударған кітабымыз Франкфуртта немесе Нью-Йорктағы кітаптар жәрмеңкесіне қойылмайды. Сондықтан, кітаптың қай баспадан шыққанының маңызы өте зор», - дейді Бигелді Ғабдуллин.
Бигелді Ғабдуллин, сонымен бірге, нақты қай жазушылар мен ақындар туралы сөз қозғалып отырғанын атап өтті.
«Сәтін салса Сәкен Жүнісовтың шығармаларын, Қадыр Мырза Әлінің, Махамбеттің өлеңдерін аударғымыз келеді. Бірақ, поэзияны аудару өте қиын екенін атап өткім келеді. Сонымен бірге, алдағы бес жылда Қасым Аманжолов, Мұхтар Мағауиннің кітаптарын тәржімалауды жоспарлап отырмыз. Осылай, қазақ әдебиетін шетелдіктерге жақындатып жатырмыз», - деп түйді ол.