Қазақтың батыр ұлы Р. Қошқарбаевқа елорда төрінен ескерткіш орнатылса игі - Ж. Дүйсебаев
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған Жексенбай Дүйсебаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлы Отан соғысы жылдары қазақ халқының батыр ұлдары есімі тарихта мәңгі қаларлықтай ерліктер көрсетті. Сондай қаһармандардың бірі Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев болатын. Сол замандағы кері кеткен шовинистік саясат кесірінен қазақ батыры ұзақ жылдар бойы елеусіз қалды. Елбасымыз осы қателікті ескеріп Р. Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын берген болатын. Ендігі кезекте ұлттың бұндай біртуар ұлдарын ұлықтап, тарихтағы әділетті орнын белгілеу, олардың асыл қасиеттерін, туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілігін, оны жанқиярлық сезіммен қорғауын дәріптеу - жастардың ұлттық сана сезімін оятуға жағдай жасайтыны айқын. Сол себепті батырдың туған жері Астана қаласының маңы болғандықтан және Ұлы Жеңістің 65-жылдығына орай Р. Қошқарбаевтың құрметті есімі елорда көшелірінің біріне берілуі керек. Батыр мұраларына арнап мұражай ашылғаны, Астана төрінен Р. Қошқарбаевтың ескерткішін орнату орынды болатын еді», деді Ж. Дүйсебаев.
Оның айтуынша, аталған шаралар еліміздің әлем тарихына қосқан үлесін белгілеп қана қоймай, келешек ұрпақтың елге адал, патриоттық сезімде өзіне сенімді әрі батыл болып өсуіне көп септігін тигізеді. Тоқтала кететін жайт, депутат Ж. Дүйсебаевтың атына Астана қаласының соғыс және еңбек ардагерлерінің атынан дәл осы мазмұндас хат келіп түскен.