Қазақтың бесігі Кавказға қалай барды? - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 22 қазан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

Өткен ғасырдың ортасынан аса орыс пен батыстың тәрбиесіне еліктеп кеткеніміз болмаса, неше ғасырдан бері қазақ баласын бесікке бөлеп асырап келген. Қазір қаланың қазағы бұл бұйымды мүлде ұмытып та бара жатқандай көрінеді. Дегенмен, қазақ барда өлмейтін дәстүрдің бірі - баланы бесікке салу салты болмақ. Бүгін «Айқын» республикалық газеті осы бесіктің қазақта ғана емес, қыпшақтың ізі қалған қалалар мен далаларда да кездесетінін жазады. «Ел арасында «Қазақ пен бесік бір туған» деген сөз бар. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов те: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген. Рас, біздің бүкіл тіршілігіміз бесіктен басталады. Содан болар, бесік пен қазақ бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым секілді. Алайда, қазақтың бесігі басқа ұлттардың да тұрмысында барын байқап жүрміз. Түркі халықтарының көбінде бесік бар. Ауғанстан мен Тәжікстанда, тіпті Армения мен Грузияда бесік бар екен. Шешенстан, Дағыстан секілді Қап тауының халықтары да тұрмыста бесікті қолданып келеді»,-деп жазады басылым. Ендеше, біздің бесік Кавказға, батысқа қалай барғаны туралы деректер білгіңіз келсе, «Айқын» газетіндегі «Қазақтың бесігі Кавказға қалай барды?» деген мақаланы оқыңыз.

«Айқын» басылымы бүгін сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың, өзге де мемлекет басшыларының қандай аспен ауқаттанатыны туралы жазады. «Президент Нұрсұлтан Назар­баев - отандық өнімнің басты қолдаушысы»,-деп жазады басылым. «Ол тек отан­дық кос­тюм-шалбарларды ғана өз үлгі­сімен дәріптеп жүрген жоқ, сондай-ақ қазақтың классикалық асын тұты­нып, соңғы жылдары фуаграға әуес­теніп кеткен кейбір шенді-шек­пен­ділерді тәубесіне түсіруге тырысып жүрген сияқты. Қазақстандық ар­налардың бірінде көрсетілген «Назарбаев. Live» филь­мінде прези­денттік асхана­ның бас аспазшысы Игорь Кубря­ков Елбасының кеспе мен балық тағамдарын ұнататынын жеткізген еді. Қияр-қызанақпен басқа да көкөністер осы жерде өсіріліп, Президенттің ас мәзіріне кіреді екен. Кубряковтің айтуынша, Елбасының ең сүйікті асы - ет. Бұл жерде қазақтың ұлттық асын бас аспазшы өзіндік ерекше ре­цептімен дайындайтын көрінеді. Ақ орданың өзінде ет асылып, кеспе кесіліп жатқанда, қайдағы фуагра дерсіз?! Бұл арада жақында Прези­денттің бір жағынан, қал­жыңдап, екінші жағынан, астарлы ой айтып, халықты «фуагра мен Ленд Кру­зерлерден бас тартуға» шақырғанын әлі де ұмыта қойған жоқпыз. Елба­сының басты ойы - біздің елімізде өмір сүруге қажетті нәрсенің бәрі бар, шетелден әкелінетін фуагра, киім-кешектер мен автокөліктерсіз-ақ бірқалыпты тіршілік етуге болады деген үлкен мәселе еді». Ал АҚШ-тың бұрынғы президенті үлкен Джордж Буш брокколиді жек көрсе, Ресей Президенті Владимир Путин өте қарапайым аспен ауқаттанатын көрінеді. «Айқын» газетінде шыққан «Президенттердің сүйікті асы» атты мақаладан осы және өзге де қызықты мәліметтерді оқи аласыздар.

***

«Егемен Қазақстан» газеті астан бөлек, отандық өнімнің тағы бір түрі - Ақтөбедегі бағдаршам өндірісі туралы жазады. «Біз өзі кейде күнделікті қар­ба­лас тіршілікпен жүріп көп нәрсеге көңіл аудара бермейміз. Жақында Ақтөбеде өткен «Қазақстанның үздік тауары-2015» аймақтық конкурсында көшеде жол жүруді реттеп тұратын бағдаршамның өз шаһарымызда шығарылатынын көріп, таңғалғанбыз. Кон­курсқа инновациялық бағыт­тағы өз өнімдерін ұсынған 20 кә­сіпорынның арасынан «Светоком» ЖШС бағдаршамдарына деген қызығушылық басым болғанын айту керек. Бұл кәсіпорын елі­мізде өз нарығын тапқан, «Қа­зақстанда жасалған» деген маркалы жарық-диодты сапалы бағдаршамдарды көптеп шы­ғаруды жолға қоя бастапты»,-делінген басылым бетінде. Бұл туралы «Егеменнің» бүгінгі санында жарық көрген «Бағдаршам Ақтөбеде шығарылады» деген мақаладан оқи аласыздар.

Еліміздің бас басылымы сондай-ақ Кентауқаласының тыныс-тіршілігі туралы шаһар басшысының көлемді мақаласын ұсынған. « Бүгінде құрылғанына алпыс жыл толып отырған қарт Қаратаудың перзенті іспетті кеншілер қаласы сонау сексенінші жылдардың соңына дейін жұртты өзінің сұлу да көркем табиғатымен, еңбек даңқымен таңдандырып, тамсандырып келді. Көркіне көз тоймайтын көшелерімен қыдырыстаған қонақтар жасыл желекті аллеялар мен архитектуралық әсем ғимараттарға қарап, Кентауды «кіші Алматыға», тіпті «кіші Париж», «кіші Швейцарияға» теңеп те жүрді. Ал, кемеңгер Мұхтар Әуезов Кентауға келген сапарында табиғатына тамсанып «Кентауды Қаратау тәжі» деп атасақ, бұл қаланың көршілері ренжімес», деген болатын.Сол тұстары жанқиярлық ең­бекпен келген шағын шаһардың даңқы тек Қазақстанға ғана емес, Кеңес Одағына, тіпті, алыс-жақын шетелдерге де тарап жатты. Ол кезде қала тікелей Мәскеу арқылы басқарылатын. Өнеркәсiбi дамыған қала ретінде өндiрiс орын­дарының шоғырлануы жағынан Шымкент қаласымен дәрежесi тең едi»,-деп жазады газет. Кентау қаласының тоқырау жылдарынан кейінгі дамуы мен болашаққа көздеп отырған жоспарлары туралы «Кентау-Қаратау тәжі» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

Ал «Казахстанская правда» басылымы Ақмола облысында тұратын үшем баласы бар отбасы туралы жазады. 2014 жылы шілдеде өмірге үшем әкелген ана Надежда Рогожина отбасының әлеуметтік жағдайына байланысты «Нұр Отан» партиясына облыстық қабылдау бөліміне барған екен. «Жас отбасы үшем дүниеге келгенде қатты қуанған. Алайда, осы жылдың наурызында Надежданың жолдасы ауыр сырқаттан көз жұмады. Жас ана қоғамдық қабылдау бөліміне көмек сұрай келген екен»,-деп жазады басылым. «Нұр Отан» партиясының қандай көмек бергені туралы газетте жарық көрген «Нуротановцы помогли матери тройняшек» деген мақаладан оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар