Қазақтың кейбір билеріндегі қол қимылдары ешбір халықта кездеспейді - өнертанушы Тойған Оспанқызы

- Тойған Оспанқызы, ой мен жан құбылысын қозғалыс, дене қимылымен көрсететін балет өнерінің еліміздегі қазіргі жағдайына қандай баға бересіз?
Сонау ХХ ғасырдың отызыншы жылдары кәсіби сахнаға шыққан балет өнері бүгінгі күні өзінің даму жолын жалғастырып келе жатқан өнер түрі. Соның айғағы ретінде бүгінгі күні Қазақстанда екі бірдей театр жұмыс істеп отыр. Бұл театрларда қазақтың талантты жастары еңбек етіп жүр. Сондықтан бүгінгі Қазақстан балеті дүниежүзі балетімен терезесі тең екені айқын.
- Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры, мемлекеттің сыйлықтың иегері, биші Болат Аюханов сұхбаттарының бірінде: «Балет - жан дүниенің музыкасы» деген еді. Сахналық өнердің бір түрі саналатын балет көрерменінің аз болуын калай бағалауға болады?
Бүгінгі күні балет көрермені аз деген пікірге қосыла алмаймын. Балет спектакльдері әр кезде толы залда өтетінін көріп жүрміз. Қандай да болмасын балет әртістерінің концертіне билет алу оңай шаруа емес. Сондықтан балет қойылымдары әр кез аншлагпен өтеді.
- Соңғы жылдары балет өнерінің бірқатар өкілдері алыс-жақын шет елдерде табысты өнер көрсетіп жүр. Өнерімен өзге жұрттарды тәнті етіп жүрген өнерпаздарға мемлекет тарапынан да бірқатар қамқорлықтар жасала бастады. Астанада жаңа театр салынып, шетелдік мамандарды өз елімізге шақыру қолға алынды. Бұл үрдіс дамуға қаншалықты ықпал жасауда?
Иә, ғасыр басындағы экономикалық, рухани дағдарыстарға байланысты көптеген жастар шетел балет театрларына кеткені рас. Дегенмен көп жас мамандар елге қайта оралуда. Олардың қатарында бүгінгі күні Астана театрының солист бишілері боп жүрген Сержан Қауықов, Гаухар Усина сиякты жастарды атап өтуге болады. Мұндай өнерлі жастардың елге оралуы міндетті түрде елімізде балет өнерінің белгілі бір деңгейге дамуына өз ықпалдарын тигізіп жүргені күмәнсіз.
- Шетелдік кейбір өнер зерттеушілерінің айтуынша, әлемдік балет өнерінде әйелдер қауымының басымдығы айқын сезіледі. Бұл үрдіс Қазақстанда керісінше көрініс тауып отыр. Бұл пайыммен келісесіз бе?
Біздің елде жігіттер қауымымен бірге қыздар қауымы да белгілі бір деңгейде өз өнерлерін ортаға салып келеді. Сондықтан жігіттер өнері басым дегенге онша келісе қоймаймын.
- Балет мамандарын дайындау мәселесі елімізде толық шешілген бе?
Әрине. Алматыда 80 жылға жуық уақыттан бері жұмыс атқарып келе жатқан хореография училищесі көп жұмыс атқарды. Бұдан бөлек әр деңгейде хореографтар дайындайтын бірқатар орта және жоғары оқу орындары бар. Олардың қатарына 2010 жылы Астана қаласында Қазақ ұлттық өнер университетінде хореография мамандығы бойынша көпсатылы оқу орны қосылды. Бұл кәсіби мамандарды дайындайтын оқу орындары. Сондықтан хореограф мамандарды дайындау елімізде шешілген деуге болады.
- Кейде би әйелдерге арналған деген пікір естіліп қалады. Қазақта ерлердің үлкен ұжыммен билейтін билері бар ма?
Қазақ би өнерінің даму жолына шолу жасасаңыз, негізінен ер адамдар билеген. Алысқа бармай-ақ, Қанабек Байсейітов ағамыздың «Құштар көніл» атты еңбегін оқысаңыз, онда қазақта қаншама би түрлерінің болғанын және оны негізінен ер адамдар билегенін жазған.
- Көптеген өнер байқауларына төрелік етіп жүрсіз, еліміздегі би өнерінің аймақтардағы дамуы қай деңгейде?
Қазір аймақтарда, соның ішінде мына баска ұлттар көп мекендеген аймақтарда қазақ би өнерінің қарқынды дамып отырғанын көріп жүрміз. Оған себеп қандай да бір байқауларда болмасын қазақ биін орындау міндетті болғандықтан деп ойлаймын.
- Қазақ билерінің өзге халықтардың билерінен қандай айырмашылығы бар?
Әр халықтың өзіне тән салт-дастүрі, өмір салты бар. Ал, би дегеніміз - халықтың өмірін сахнада бейнелеу. Қазақ биін қимыл-әрекеттері, би лексикасы әрине өзгеше. Бір ғана мысал: «Қайнар бұлақ», «Толқын», «Жалын», «Кереге көз» сияқты қол қимылдары ешбір халықта кездеспейді.
- Жаңа би қойылымдарының қойылуы сізді қанағаттандыра ма?
Иә қанағаттандырады. Қазір қазақ биінің сахналық үлгісін білімді жастар атқарып жүр ғой.
- Елбасы адам капиталын дамыту мәселесін жиі қозғайды, бұл би өнеріне қалай әсер етуде?
Елбасы адам капиталы дегенде жастарды алға тартатыны баршаға аян. Сондықтан жастарға эстетикалык тәрбие беруде би өнерінің рөлі үлкен. Бұл өз тарапынан би өнерінің дамуына, халық арасына таралуына әсер етуі сөзсіз. Көрнекті әдебиет және өнер қайраткерлеріне берілетін мемлекетік стипендиядан да әркезде балет шеберлері сырт қалған емес. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында Мемлекет басшысы әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылу міндетін жүктеп отыр. Әрине бұл межеден көрінуде мәдениет пен өнердің де алар асуы мен шығар биігі әлі алда екені анық. Сондықтан болашақтан күтер үмітіміз өте зор.
- Әңгімеңізге рахмет.