Қазақтың киімін қай ұлт өкілі кисе де жарасады - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу
***
Қазақтың киімін қай ұлт өкілі кисе де жарасады - kaznews.mn
Дәл осындай тақырыппен Моңғолиялық kaznews.mn порталында суреттік ақпарат жарық көрді. Бастарына керейлерге тән үкілі пұшпақ тымақты (түлкі терісінің пұшпақтарынан жасалған тымақ) киіп, белдеріне қазақы күміс белбеуді буынған, алдында қыран құс тұрған еуропалық нәсілдегі екі қыздың фото суреті жарияланған. Суретке «Қазақтың киімін қай ұлт өкілі кисе де керемет жарасады ғой!» деген тақырып қойыпты аталған ақпарат көзі.
Қытайдағы «Атлас мекені» атты халықаралық киім-кешек апталығы - kazakcnr.com
Шыңжандықтардың ұлттық стильін негіз еткен халықаралық киім-кешек көрмесі Қытай астанасы Бейжің қаласында өзгеше формада өтті деп хабарлаған Қытайдың Қазақ радиосы ақпараттық порталы.
«Шыңжандағы танымал киім сәнгерлерінің ең үздік киім жобалаушылары, көп жылдық тәжірибесіне негізделген атластық стильдегі халықаралық көрмесі өтті. Ұлттық өзгеше мәдениет саналған бұл көрме халықаралық сахнада бой көрсетіп, тек Шыңжанға ғана тән дәуір ағымын бейнеледі», - дейді жоба авторлары.
30 қазанда мемлекеттік деңгейдегі құнды мәдени мұра атластық үлгіде жасалған «Атлас мекені» тақырыбындағы бұл киім-кешек көрмесінің алғашқы жарияланымы танымал «Бейжіңнің» алтын түсті сахнасында қойылды, деп жазады аталған ақпарат көзі.
Қаптаманың қауіпсіздігі қалыс қалмасын - ulgiinews.mn
Дәл осындай тақырыппен ulgiinews.mn порталында тұтынушы құқығы турасында көлемді мақала жарық көрді. Мақала авторы кез келген мемлекеттің тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсізідігінің басты көрсеткіші азық-түлік болып саналады дей отырып, әлемдегі ең маңызды мәселе - адам денсаулығы екенін алға тартады. Тағам мен азық-түлік ластанынан пайда болатын аурулар сол елдің беделі мен экономикасына нұқсан келтіреді. Қауіпсіздік қамтамасыз етілмегендіктен азық-түліктен әлемде жылына 2 млн адам көз жұмады деген мәлімет бар дейді жазба авторы.
Автор ҚХР-нан әртүрлі жолмен келген азық-түліктер құрамында адам ағзасына зиянды заттар барын айтады.
«Микроб, вирус, насекомдар және химиялық зат қосылған азық-түліктер іш өтуден бастап қатерлі ісікке дейінгі 200 түрлі сырқатқа себеп болады. Азық - түлік шикізатының сапасы, оны өндіру, тарату, тұтынудағы өзгерістер нәтижесінде азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілмей, көп жағдайда ұмыт болып жатады. Арнайы азық-түлікке пайдалануға тиісті емес техникалық май және сұйықтықтар құйылған немесе ҚХР-нан әртүрлі жолмен келген «көк торсықтарда» темір 2 есе, нитрит 11 есе, аммиак 48 есе көп болып шыққан. Осындай ыдыста бір тәулік сақталған сүт құрамында ауыр металл карминнің мөлшері стандартта көрсетілген деңгейден 3-4 есе көп болады деп жазады аталған портал.
Автор бұл мақаласының тұздығы ретінде, кез келген азықтық тауар қаптамасының да адам денсаулығына айтарлықтай кері әсерін тигізетінін тілге тиек етеді.
«...Тауардың қаптамасы азық-түліктің құнарлығы, дәмі және сапасын жоғалтпай, тұтынушыларға жеткізу міндетін атқарады. Қаптама тауарды су, жауын-шашын, күн, жел сияқты сыртқы әсерлерден қорғап, тауарды тіркеуге алу, санау, жинау жұмысын ретті және жедел атқару мақсатында пайдаланылады. Оған қауіпсіздік, гигиена, табиғатқа кері әсеріне байланысты талаптар қойылады. Қаптамалар сыртқы және ішкі деп 2 түрге бөлінеді. Олар тауардың өтуіне ықпал етіп, тұтынушыларды өзіне тартатындай дизайнда жасалуы шарт. Ал, сыртқы ыдыс, қорап, қаптама тауарды жинау және сақтау мақсатына сай істеледі. Қаптама кардон қағаз, пакет, әйнек, қалайы және тағы басқа материалдардан өндіріледі. Ол өнімді пайдалануға ыңғайлы ету, сақтау мерзімін ұзарту, тұтынушылардың назарын аудару, тауар жайлы ақпарат тасымалдау кезіндегі іс-әрекеттерді жеңілдету міндетін атқарады. Қаптама халықаралық және еліміз стандартына және тұтынушылар сұранысына сай болғаны абзал. Осы талаптарға сәйкес болса ғана қаптама халықаралық талаптарды қанағаттандыра алады. Қаптаманың жапсырма этикеті заңда көрсетілген талаптарды орындаған, азық-түлік өнімдері туралы стандартта көрсетілген ақпараттар қамтылған болуы шарт. Елімізге импортталатын өнімдерде тауар туралы мәліметтер моңғол, ағылшын, орыс тілдерінде жазылуға тиіс. Ал халықаралық деңгейде ағылшын тілінде болуы міндетті. Кез келген ел шетелден әкелінетін тауарлар қаптамасында этикет мемлекеттік тілде жазылған болу талабын қояды. Онда өнімнің аты, құрамы, технологиялық ерекшелігі айқын жазылған болуы қажет. Еліміз азық-түлік өнімдері қажеттілігінің 80 пайызын шетелдерден импортпен енгізеді. Импорттық тауарлардың 30 пайызын күнделікті тұтынатын азық түлік иеленсе, оның 40 пайызы сүт өнімдері ҚХР-нан тасымалданады. Онда көбінесе моңғол тілінде тұтынушыларға арналған ақпарат жазылмайды. Кейбір азық-түлік өнімдеріне қосылатын заттар зиянды болып келеді...»
Мақала соңында автор, денсаулыққа пайдалы ақ тағамды техникалық май, тосол, сұйықтық құйған ыдыс, қайта өңделген көк торсықтарға құйып, оны күн түсетін ашық жерде саудаласақ, оның ақ тағамымыз химиялық өзгерістерге ұшырап, улы тағамға айналып, нәтижесінде қатерлі ауруға шалдықтыруы мүмкін екенін әсте естен шығармау керектігін айтады. Сондай-ақ, қауіпті тауар қаптамаларынан бас тартып, қауіпсіз саламатты да салауатты ортада өмір сүру дәстүрін қалыптастырып, тек қана азы-түлік өнімдеріне арналып жасалған ыдысты қолдануды дағдыға айналдырайық, ағайын деп түйіндеген.
Аталған зерттеу материалын Азық-түлік, ауылшаруашылық басқармасы Өндіріс, сауда, даяшылық бөлімі бастығы Лара Солтанқызы әзірлеген.
Шымкент қаласында «Түрік фильмдерінің апталығы» басталды - trt.net.tr
Қазақстандықтар үшін әлдеқашан танылып үлгерген түрік фильмдерінің кезекті бір таныстырылымы Шымкент қаласында басталғаны туралы біздің ҚазАқпарат ХАА-да хабарланған болатын. Осы аптада Түркия Радио Теледидар мекемесінің порталы аталған мәдени іс-шараның апта соңына дейін жалғасатынын айтады. Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі мен Оңтүстік Қазақстан әкімдігінің қолдауымен Еуразия азаматтық қоғам ынтымақтастығы қоғамының ұйымдастыруымен өткізілген шараның беташарында Қазақстанның Анкарадағы бұрынғы өкілетті және төтенше елшісі, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Еуразия азаматтық қоғам ынтымақтастығы қоғамының төрағасы Исмаил Сафи және көптеген қонақ қатысқанын жазады аталған ақпараттық портал. Азаматтық қоғамның төрағасы И. Сафи мырза Шымкентте бұндай кино көрсетілімнің өткеніне риза екенін, осында өнер қайраткерлері және ағартушылардан тұратын 25 адамдық делегациямен келгенін, түрік фильмдерін қазақ бауырларымызға таныстыру апта бойы жалғасатынын айтты деп мәлімдеген trt.net.tr.
Жексенбі күні аяқталатын Түрік фильмдері апталығында «Ұзын хикая», «12», «Көзімнің нұры», «Соңғы хат» сынды Түркияда танымал болған фильмдер көрсетіледі екен.
Қазақстан 36-орын, Моңғолия 62-орында тұр - KAZNEWS
Осы аптада «Doing Business 2018» өздерінің жаңа рейтингісін жариялағаны белгілі. Бірақ оны әр ел қажетті тұсын ғана алды. Моңғолиялық портал өз елдерінің Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізуге қолайлылықты анықтайтын Doing Business 2018 рейтингінде 1.27 индекспен көтеріліп, 190 елден 62-орынға шыққанын айтады.
KAZNEWS-те атап өтілгендей, Дүниежүзілік банктің "Doing Business 2018: Equal Opportunity for all" дейтін есебінде Бруней, Дарусалам, Тайландия, Малавия, Косово, Үндістан, Өзбекстан, Замбия, Нигерия, Джибоути және Эл-Салвадор 2016-2017 жылдары бизнеске қолайлы жағдай туғызуда үлкен жетістіктерге жеткен он ел қатарына кіргені айтылады.
Бизнес жасауға ең қолайлы елдер тізімін биыл Жаңа Зеландия бастаған. Екінші орындағы Сингапур бұған дейін он жыл бойы тізімнің басында болған еді. Алғашқы ондыққа сонымен қатар Дания, Оңтүстік Корея, Гонконг, АҚШ, Ұлыбритания, Норвегия, Грузия және Швеция кірген.
«34- шы Жапония мен 35-шы Ресейден кейінгі орынды Қазақстан 36-шы болып иелеген, ал экономикасының жылдам дамуымен әлемде алдыңғы қатарға шығып кеткен ҚХР болса 78-шы орынды қанағат тұтып тұр» деп жазады аталған ақпараттық портал.
Doing Business-тың бұл жолғы есебінде мемлекеттердің азаматтары бизнесті ашып, іс жүргізуіне қолайлы жағдайлар жасауы мен кедергі келтіруі, сыртқы сауда жүргізу қызметі, салық төлемдері, инвесторлар мүддесін қорғау деңгейіне қатысты 190 елдің көрсеткіші талданған.
Астана процесі бейбітшілік шұғыласын сыйлады - People Daily
Осы аптада Сирия мәселесі жөнінде екі күн өткізілген Астана процесінің 7-ші халықаралық кездесуі Қытайдың белді ақпарат көздерінің назанынан тыс қалмады.
Екі күнге созылған Сириядағы қақтығысты реттеу жөніндегі Астана процесі аясындағы жетінші халықаралық кездесу 31 қазан күні аяқталғаны белгілі. Бейбітшілік келіссөзінің жалпы мәжілісінде Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Сирияда соғысты тоқтатуға кепілгер елдер Ресей, Түркия, Иранның бірлескен мәлімдемесін жариялап, қатысушы тараптардың Сирияда «қақтығысты бәсеңдету аумағын» құру туралы 4 мамырда қол қойған жадынаманы тиянақтандыруына ризашылық білдірді.
«Бірлескен мәлімдемеде қақтығысты бәсеңдету аумағы (деэскалация аумағы) құрылғаннан бері, Сириядағы лаңкестікке қарсы әрекеттің натижелі болғаны, лаңкестік ұйымдарға соққы беруде нақты ілгерілеушілік бар. Кепілдік беруші елдер Сириядағы лаңкестікке қарсы әрекеттерді үздіксіз жүргізілетінін жеткізді», - дейді Жэньминь жибао.
Сирия халқымен тілдесу жиынын ашу ــ осы жолғы Астана процесі аясындағы маңызды нәтижелерінің бірі есептеледі. Бұл ұсынысты Ресей тарапы ортаға салып, кепілгер елдер қолдау көрсеткен. Сирия мәселесі бойынша келесі жиын Ресейдің Сочи қаласында өтеді. Сирияның БҰҰ-да тұратын тұрақты өкілі Башар аль-Джафари БАҚ-қа берген сұхбатында бұл келісімге - қайта-қайта кеңесу, сәйкесу нәтижесынде қол жеткізгенін айтқан.
«Халықпен тілдесу Сириядағы түрлі қарсы топ өкілдерінің басын қосып, негізгі заңға өзгеріс енгізу және БҰҰ-ның бақылауында парламент пен президентті сайлау сынды мәселелер жөнінде кеңес өткізуге жол ашады деп үміттенеміз. Сирияда ұлттық біртұтас үкімет құрудың мүмкіншілігін жоққа шығармаймыз, - дейді Астана процесіне келген РФ Президентінің Сирия жөніндегі арнаулы елшісі Александр Лаврентьев» деп жазады аталған ақпарат көзі.