Қазақтың көрнекті ақыны Өтежан Нұрғалиев дүниеден озды

Ақынмен қоштасу ертең, 7 қаңтар күні, Жазушылар Одағында сағат 11-де болады.
Қазақ әдебиетінің танымал өкілі Өтежан Нұрғалиев 1938 жылы 15 тамызда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының «Ақжар» ұжымшарында дүниеге келген. 1964 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген ол «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жалын» баспасында қызмет атқара жүріп, «Менің махаббатым», «Ақ нөсер», «Нөсерден кейін», «Ай астында ақбоз үй», «Қайыңды тоғай» т.б. өлең жинақтары мен «Соғыстың соңғы жазы» балладаларын жазған.
Ақынның 1962 жылы, Қазақ мемлекеттік университетінің 3-курсында оқып жүргенде жарық көрген алғашқы «Менің махаббатым» жыр жинағы әдебиетке ерекше талантты, тосын үнді, жасандылықтан ада жаңа ақын келгенін паш еткен еді. Ал 1976 жылы ұсынылған «Таңдамалысы» талғамның мінсіз таразысына айналды. Жетпісінші жылдардың екінші жартысында Өтежан Нұрғалиев әдебиетімізге тағы бір тың леп әкелді. Сол кезде қолға алған, кейін «Соғыстың соңғы жазы» деген ортақ атаумен төрт кітап болып түзілген балладалар жаралы жылдардың өшпейтін сиямен жазылған боямасыз шындығы еді. Біріне-бірі көрінбейтін жіппен байланысып тұрған бұл балладалар қазақ сөз өнеріне тың құбылыс болып енді.