Қазақтың «Ломоносовы» атанған Елдес Омаров туралы не білеміз?

Иә, біздің бүгінгі Тәуелсіз ел болып отырғанымызға Алаш арыстарының қосқан үлесі орасан зор екені тарихтан белгілі. Алаш арыстары десе, көз алдымызға Ахмет, Әлихан, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжандар көлбейді. Оның ар жағында Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер, Қошке Кемеңгеров, Мұстафа, Мұхаммеджан, Отыншылар бар. Бұлардың әрқайсысы бөліп-жаруға келмейтін, тұтас тұлғалар. Өйткені бұл арыстардың мақсаттары, армандары бір, ол - Қазақ Елінің Тәуелсіздігі.
Қазақ Елiнiң тәуелсiздiк жолындағы азапты сапарында жан аямай күрескен перзенттердiң бiрi - көрнектi ғалым, бiлiктi аудармашы, ұлағатты ұстаз, белгiлi қоғам қайраткерi Елдес Омарұлы.
Елдес Омарұлы хақында жазылған дүниелер аз, көп жағдайда ол кісінің есімі бірлі-жарлы Алаш арыстарының есімімен қатар жүргенін ғана кездестіреміз. Жазушы, ақын, драматург Ақылбек Шаяхметтің 2011 жылы «Тайбағар» атты ауқымды кітабы жарыққа шықты. Үш бөлімнен құралған қолжазбаның тұтас бір бөлімі «Тайбағарға», яғни Елдес Омарұлына арналыпты. Бұл жерде Елдестің өмірбаянынан бастап, жазған еңбектері, қазақ ғылым үшін қосқан үлесі туралы егжей-тегжейлі баяндалған. Енді Елдес жайында Ақылбек ағаның деректеріне сүйенсек.
Елдес Омарұлы Қостанай өңiрiнiң Тобыл болысында, қазiргi Таран ауданына қарасты Қожай ауылында 1892 жылы дүниеге келген. Әкесi Омар ерте хат таныған, ауылдағы сауатты кiсiлердiң бiрi болған. Елдес әуелi Ыбырай Алтынсарин ашқан Қостанайдағы екi жылдық қазақ-орыс мектебiнде бiлiм алып, кейiн Орынбордағы мұғалiмдер институтын үздiк бiтiрiп шығады.
Азамат соғысы жылдары Елдес Омарұлы Қостанай уезi бойынша «Алаш Орданың» комиссары және Қостанайдағы бөлiмшесiнiң төрағасы дәрежесiнде қызмет еттi.
1920 жылдардан. бастап Орынбордағы халыққа бiлiм беру комиссариатының мектеп бөлiмiнде қызмет ете жүрiп, өлкелiк академиялық орталықтың қызметкерi болды.
Елдестің қазақ тарихында алтын әрiптермен жазылып қалуға тиiстi үлкен еңбегi оның Ахмет Байтұрсыновпен бiрге 1926 жылы Әзiрбайжанның астанасы Бакуде өткен түркологтардың, яғни, түркiтанушылардың бiрiншi құрылтайына (съезiне) қатысуы. Мұнда ол жасаған баяндама мамандар тарапынан жақсы бағаға ие болған. Елдес аға Оқу комиссиясының мүшесi болған жылдарда да өнiмдi еңбек етедi, қазақ мектептерi үшiн арнаулы оқулықтар жазып, бiрқатар кiтаптарды орыс тiлiнен қазақ тiлiне аударады. Ғалымның көптеген кiтаптары Орынбор, Ташкент, Қызылорда қалаларында жарық көредi. Бұл кiтаптардың бiразы тiлтануға, қазақ тiлiнiң грамматикасына арналса, ендi бiразы хрестоматиялық негiзде құрастырылған. Қалай болған күнде де ғалым қазақ мектебi үшiн ауадай қажет оқулықпен қамтамасыз етуге өзi де жан аямай кiрiсiп, өзге кiсiлердi де осы мақсатқа жұмылдыра бiлген. Қазiргi уақытта көптеген тiлшi-ғалымдарымыз бен аудармашылар орыс тiлiндегi көптеген сөздердiң баламалары мен қазақша атауын дәл таба алмай, бас қатырып жүрсе, әрi ұстазы, әрi досы болған Ахаң секiлдi Елдес аға да көптеген қазақ сөздерiн ұтымды әрi шебер қолданады.
Мәселен, Ахаң публицистиканы көсем сөз, афоризмдi дiлмар сөз деп атаса, Елдес ана тiлiнде жарық көрген геометрия оқулығын пiшiндеме, тригонометрияны кескендеме деп аударған. Ал математиканы есеп-қисап деп атаған. Профессор, физика-математика ғылымдарының кандидаты Сәрсенғали Әбдiманапов: «Ана тiлi» газетiнде жарық көрген «Математика қазақшалауға көне ме?» деген мақаласында, кезiнде математикадан алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарын жасаған Елдес Омарұлы еңбегiне үлкен баға берiп, оның «Пiшiндеме» оқулығында теорема - түйiн, биссектриса - жарма, радиус - өре, хорда - керме, параллелограмм - қиықша, пропорционал- құрылымдас, фигура пiшiн, трапеция қостабан деп аталып, қазаққа өте түсiнiктi тiлде жазылғанын атап көрсетедi. Елдес Омарұлы алғашқылардың бiрi болып Мұхтар Әуезовтің ғылыми еңбектерi туралы пiкiр жазған. Ол М. Әуезовтің еңбектерiне жоғары баға бердi. Мұхтар Әуезов 1927 жылы туған ұлының атын Елдес Омарұлының құрметiне Елдес деп қойған болатын.
Елдес Омарұлының Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң мұрағатындағы (3626 iс, 61-шi бума) 1935 жылдың 10 маусымында өз қолымен толтырған жеке парақшада (личный листок по учету кадров) 1892 жылы 29 ақпанда шаруа отбасында туғанын, Орынбордағы Қырғыз мұғалiмдер мектебiне 1907 жылы түсiп, оны 1911 жылы бiтiрiп шыққанын, ал 1918-1919 жылдары Алашордада қызмет атқарғанын атап жазған. Ел басына қара бұлт үйiрiлген ауыр жылдарды Елдес Омарұлы өзiнiң жан аямас достары Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Жүсiпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтармен бiрге өткiзедi. Осы бесеуiне ашылған №6 iс бойынша 1929 жылғы 16 тамызда Бiрiккен саяси басқарманың Шығыс бөлiмi бастығының көмекшiсi Саенко Қылмыстық кодекстiң 207-статьясын басшылыққа алып, қаулы шығарады. Мәскеудiң атышулы Бутыр түрмесiне де Елдес Омаров өз әрiптестерiмен бiрге түседi. Ал 1929 жылы 24 қарашада Бiрiккен саяси басқарманың Шығыс бөлiмiнiң бастығы Мiржақыпты 14-шi камераға алып кеткеннен кейiн бұған дейiн бiр камерада отырып келген Ахмет, Мағжан, Жүсiпбек, Елдес және тағы бiрнеше адамды бiр-бiрiнен бөлектеп, жеке камераға отырғызуды сұраған құжат та архив деректерiнде сақталған.
Елдес Омарұлы қызық күндердi де достарымен бiрге көрiп, қысылтаяң заман қияметiн туған даланың аяулы перзенттерiмен, алаштың ардақты ұлдарымен бiрге тартады. Елдестiң Мағжанмен, Ахаңмен және басқа қазақтың бiртуар ұлдарымен түскен суреттерi де табылды.
Жазушы Дүкенбай Досжановтың 1992 жылы Қазақстан баспасынан жарық көрген «Абақты» деп аталған кiтабында ғалым туралы нақты деректер келтiрiлген. Жазушы архивтен тапқан деректерге қарағанда, 1930 жылы 4 сәуірде Бiрiккен саяси Бас басқарманың алқасы Ахмет, Мiржақып, Жүсiпбекке қоса барлығы он үш кiсiге ату жазасын қолдану туралы қаулы қабылдайды. Кейiнiрек Мағжан, Елдес және Дамулла Битiлеуовке ұйғарылған ату жазасы концлагерьде он жыл отыруға алмастырылады. Елдес бұл мерзiмдi Мағжан және Мiржақыппен бiрге Қиыр солтүстiкте, Карелия орманының iшiнде өткiзедi.
Тағдыр тәлкегi, мақсат бiрлiгi ме, әйтеуiр, Алаш асылдары қайда да бiрге жүргенге, өмiр тауқыметiн бiрдей көргенге ұқсайды. Орынборда бас қосқан қазақ зиялылары ұлтты аман сақтау үшiн жалпы қазақ съезiн шақырайық деген пәтуаға келгенде, Алашорда мүддесi үшiн құрылған ұйымдастыру алқасындағы бес адамның бiрi - Елдес Омарұлы.
Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Сағындық Досжановтардың жанынан табылған Елдес 1918-1919 жылдары Алашорданың Қостанай уезiндегi комиссары болған еді. Қазақтың Ломоносовы атанған ағаның «Ломоносов» деген бүркеншiк аты да болған. Ал «Тайбағар» деген атпен «Жас қазақ» журналына (1924 жыл №5-7) «Қазақ салты» және «Дағдылы жол мен айлалы жол» деген мақалаларын бастырған. Бiрқатар шығармаларын «Әдiл» деген бүркеншiк атпен жариялаған.
Керекуде шығып тұратын «Дауа» газетiнiң 1994 ж. №1 (наурыз) санында жазушы Рамазан Тоқтаровтың «Күнi бардың күншiлдiгi жоқ» деп аталған мақаласы басылды. Онда оқу-ағарту жұмысында жүрген iрi мемлекет қайраткерлерi мен қазақ зиялыларының iргелерi ажырамай, үнемi бiрге бас қосқаны айтылады. Жазушы осы мақаласында арыстарымыз өздерiнiң оңаша отырыс-мәжiлiстерiнде бiрiн-бiрi қосалқы аттарымен атағанын жазады. Мысалы: Мiржақып - Қоңқақ, Мендешев - Шұбар, Сәкен - Долан, Елдес - Жорғақ.
Әлихан Ахмет Байтұрсыновқа жазған хатында: «Елдесiм жақсы жiгiт. Бұрын да жақсы едi. Ендi онан да сүйiктi болып кеттi. Бiр күнi Шәңгерей маған: «Мен сенi жақсы көрем. Бiлесiң бе?» - дедi. Мен: «Жоқ!» - дедiм. Шәңгерей маған: «Сен шын қазақсың ба? Сенi қазақ деп жақсы көрем!» - дедi. Физиканы оқып қарасам, Елдесiм де қазақ екен», - деп жазыпты.
Алаш арысы туралы мұрағатта сақталған құжаттар сыр шертедi:
Қазақ ССР-iнiң Жоғарғы соты 1989 жылы 22 тамызда берген анықтамада: «Дело по обвинению Омарова Елдеса, 1892 года рождения, уроженца Кустанайского округа Тобольской волости, казаха, беспартийного, до ареста работавшего преподавателем Казпедвуза, пересмотрено. Определением судебной коллегии по делам Верховного суда КазССР №11 от 4 ноября 1988 года Постановлением коллегии ОГПУ при СНК СССР от 41 апреля 1930 года и 13 января 1931 года в отношении Омарова Елдеса отменены и дело производством прекращено за отсутствием в его действиях состава преступления. Омаров Елдес реабилитирован», - деп жазылған.
Асыл ағаға «жаптым жала, жақтым күйеден» құтылу үшiн алпыс жыл, бiр адамның тұтас ғұмыры қажет болған.
Азаттық аңсаған есiл ер абақтыға сан қамалып, азап тартып жүрiп, соңғы рет 1937 жылдың 22 қарашасында тұтқынға алынады. Ол кезде Елдес аға өзiнiң отбасымен Алматы қаласындағы Виноградов көшесiндегi 95-шi үйде тұрған. Отыз жетiншi жылдың 1 желтоқсанында Алматы облыстық НКВД бөлiмiнiң үштiгi тергеп-тексермей-ақ, оны ату жазасына кеседi.
Иә, қатарластары «қазақтың Ломоносовы» деп атаған Елдес Омаров Тәуелсіздік алғанымызға 24 жыл болса да, әлi өз бағасын алып бiткен жоқ. Кім білер, бәлкім Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жарияланған ғылыми еңбектердің парақтарынан қылаң берер...
Гүлден Оспанова