Қазақтың «Оралман» картинасы Мұсылман кинофестивалінде көрсетіледі

Аталған картинаның сценарийін кинодраматург Нұрлан Санжар жазып шыққан. Оған Сәбит Құрманбеков те көмектесті. Композиторы - Айдос Сағат. Бас рөльдерді Дулыға Ақмолда, Ержан Түсіпов, Есім Сегізбаев, Шынар Асқарова, Баян Қанжабиева және тағы басқа актерлар сомдады.
«Фильм "Отан" сөзінің адам жүрегінде алар орны жайында баяндайды. Идея авторы ретінде "Отан" сөзінің қазақ үшін нені білдіретінін көрсеткім келді. Қазақ үшін Отан жеңіл нәпақа табатын жер емес, қазақ үшін Отаны - арқаны кеңге жайып, емін-еркін жүретін жері. Режиссер болса, сценарийден тағы бір мәселені байқап қалды. Ол тозақтан жұмаққа баратын жолды көрді. Себебі Ауғанстанмен салыстырғанда, Қазақстан, шынымен де, жұмақ іспетті", - дейді Нұрлан Санжар.
Фильм сценарийі осыдан төрт жыл бұрын жазылған еді. Алайда бірқатар себептерге байланысты жобаны түсіру мерзімін кейінге қалдырып келген.
Айта кетейік, XIII Халықаралық мұсылман кинофестивалі 5-11 қыркүйек аралығында өтеді. Фестиваль бағдарламасында 27 елдің 60 фильмі бар.