14:02, 17 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақтың партизан қыздарының бірі М.Мақатова Орал қаласында тұрады
ОРАЛ. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Соғыс және еңбек ардагері, қазақтың партизан қыздарының бірі Майра Мақатова Орал қаласында тұрады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлы Отан соғысы басталғанда, Майра Орал қаласындағы №4 орта мектепте (қазір дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешені) білім алып жүрген-ді. Мәскеуден уақытша Оралға көшірілген радистер мектебінде де оқыған ол көп ұзамай майданға сұранды. Кейін оралдық құрбылары Матрена Бабченко, Зинаида Окуневамен бірге Карелияға аттанды. Сөйтіп партизан қозғалысына радист ретінде қатысып, талай қиын тапсырманы абыроймен орындай білді.
1945 жылы елге аман-есен оралған Майра Мақатова Орал педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, көп жыл ұстаз болып еңбек етті. Ері, марқұм Ғайнолла Әбдірахмановпен бірге екі қыз, бір ұл сүйген, бүгінде 87 жастағы ардагер немересі Әлібек пен келіні Нұргүлдің қолында тұрады.
Осы кезге дейін көптің назарына түсе қоймаған партизан Майра Мақатова ? Отан соғысы, «Құрмет Белгісі» ордендері мен бірнеше медальдың иегері.