«Қазақтың рухын қалай оятамыз?» - республикалық басылымдарға шолу

***
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Арменияның астанасы - Ереван қаласына келіп, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кедесуіне қатысты. Осыған орай ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Өңір қауіпсіздігінен - әлем тыныштығына» деген тақырыппен көлемді мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, бейресми кездесуге Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Армения Президенті Серж Саргсян, Беларус Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының өтпелі кезеңдегі Президенті Роза Отынбаева, Ресей Президенті Дмитрий Медведев және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысты. «ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары өңірлік қауіпсіздік проблемаларын шешуде өзара әрекет етудің ең өзекті мәселелерін, Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға жәрдемдесу жөнінде ҰҚШҰ қолға алған және жоспарлап отырған шараларды, сондай-ақ ҰҚШҰ аясында дағдарысқа қарсы әрекеттестік білдірудің тиімді жүйесін қалыптастыруды талқылады. Президенттер Қырғызстандағы жағдайға байланысты ҰҚШҰ бас хатшысы Николай Бордюжаның хабарламасын тыңдады», деп жазады басылым.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, тамыздың 20-сында Алматыда ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәмидің төрағалығымен Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығының ережелерін жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиналыс өтті. Алқалы жиын барысында Бас прокурор алдағы жаңартудың қазіргі уақыт талабына сай екенін атап көрсетіп, қабылданған Жарлықтың мазмұны уәкілетті органдардың ұйымдастырушылық құрылымын жетілдіруге, оларға тән емес функцияларды алып тастауға және олардың құзіретін неғұрлым нақты бөлуге, қызметкерлердің штат санын оңтайландыруға, қылмыстық заңнаманы ырықтандыруға бағытталғанына басты назар аударған. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне негізсіз араласу фактілерін болдырмау және бақылау-қадағалау функциялары бар мемлекеттік органдарды одан әрі қысқарту түрінде бизнеске қысым жасауды азайту шаралары қарастырылғандығын атап өткен. Мақала «Уақыт талабына сай реформа» деген тақырыппен берілген.
***
«Қазақтың рухын қалай оятамыз?». Осы тақырыппен «Алаш айнасы» газетінің сенбілік нөмірінде жарық көрген мақалада қазақтың ұйықтап жатқан рухы қайтсе оянады деген мәселе көтеріліп, аталған жайтқа орай бірқатар танымал азаматтың пікірі қоса берілген. «Әлбетте, қазақтың елі мен жері үшін жан алып, жан беріскен, өмірін қазақтың жолына арнаған ұлық бабаларымыздың ұлағатты істерін, батырларымыздың ерлігін, хандарымыздың қасиетін дәріптеу,талмай насихаттау арқылы ғана. Алайда таиғатынан бұйығы, қой мінезді, көнбіс, алқымына пышақ тақалмайынша, тұяқ серіппейтін біздің қоғамда Абай селт еткізе алмаған, Ахаңдар оята алмаған рухты батырларымыз бен хандарымыздың, кешегі Алаш арыстарының ұлт азаттығы үшін күресін баспасөзде жазу арқылы ғана насихаттау жеткіліксіз», деп жазады басылым.
Кеңес заманымен бірге келмеске кеткен оқушыларға бірдей форма кигізу мәселесі кейінгі жылдары бір арнаға түсіп, тәп-тәуір жолға қойылған болатын. Енді осы биылғы оқу жылынан бастап оқушылар ғана емес, ұстаздардың да біркелкі киім үлгісіне көшу керектігі жайлы мәселе көтеріліп жүр. Бұл ретте аталған идея қаншалықты өзекті және қоғам тарапынан қаншалықты дәрежеде қолдау табуы мүмкін деген сауалды «Алаш айнасы» газеті өзінің бүгінгі нөмірінің «Ой-көкпар» айдарында педагогика ғылымының докторы, профессор, этнопедагог Серғазы Қалиұлы мен психолог Әбдуәлі Мамәділ арасында талқыға салынған. Екі азаматтың аталған жайтқа қатысты ой-пікірлерін білгіңіз келсе, басылымның сенбілік нөмірін жіберіп алмаңыз.
***
«Реформалау кезеңдерінен өткен Ата заңымыз елдегі саяси жүйенің құқықтық іргетасын қалап, биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етті. Бізге енді Ата заң бойынша өмір сүру ғана қалды. Ол үшін Ата заңнан бастау алған заңдарымыз жұмыс істеп, халықтың құқықтық мәдениеті дамуы керек. «Қазақстан Республикасының Конституциясына - 15 жыл: заңнаманың ілгері дамуы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқан орталық мемлекеттік органдар өкілдері, Парламент депутаттары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар, шетел дипломатиялық корпус өкілдері мен сарапшы-ғалымдардың пікірі осы ойға тоқайласты», деп жазады «Айқын» газеті. Мақаланың толық нұсқасы басылымның бүгінгі санында «Конституцияның қазақстандық үлгісі туралы айтатын уақыт келді!» деген тақырыпта оқи аласыздар.
«Айқын» газетінің сенбілік нөмірінде «Ресейді қазақ асырай ма?» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, қазақ елі тек қырғыз бауырларын өз қамқорлығына алып қана қоймай, енді «орыс тамырының» да асыраушысына айналатын болды. Апта басынан бері солтүстік көршіміздің «Ведомости», «РИА-Новости» сынды белді ақпарат құралдары Ресей астықтың елеулі көлемін сырттан таситын кеңестік тәжірибеге қайта оралғалы жатыр деп жарыса жазуда. Олардың мәліметінше, РФ Үкіметінде шенеуніктер талқылап жатқан сатып алу ауқымы 5 миллион тонна және одан көп болуы мүмкін. Ақпар берген ресейлік ірі экспортер болып табылатын екі компанияның менеджерлері осынша астықты «жақын шетел мемлекеттерінен - ең алдымен Қазақстаннан импорттау жоспарланып отырғанын» хабарлапты. «Ведомостиге» экономикалық блоктағы министрліктердің бірінің жоғары лауазымды шенеунігі «астық импорттау туралы әңгімелердің жүргізіліп жатқанын» растаған.
Осы басылымның жазуынша, кеше алматылық полицейлер бір адамды аяусыздықпен өлтіріп, оның көлігін емін-еркін саудалап тұрған қос қылмыскерді тұтқындаған. Тергеу барысында қос қылмыскер қылмыстың ізін жасыру мақсатында әлгі адамның кейбір дене бөлшегі салынған қапты қаладағы Райымбек даңғылы бойындағы өзенге лақтырып жібергендіктерін мойындады. Тергеу барысында күдіктілердің бір - атбегі, ал екіншісі қаладағы мейрамханалардың бірінде даяшы болып жұмыс істегені анықталды.
***
«Кеше ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Аудронюс Аджубалиспен телефон арқылы сөйлесті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Екі елдің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Астанада өткізілуі жоспарланып қойылған ЕҚЫҰ Саммитінің күн тәртібін пысықтау мәселелерін талқылап, ЕҚЫҰ «үштігі» ауқымында Астана мен Вильнюстің өзара іс-қимылы барысын қарастырған. Сонымен қатар Қ.Саудабаев пен А.Аджубалис екі жақты қазақстандық-литвалық байланыстардың ахуалы мен болашақ бағыттарына қатысты пікір алмасқан.