Қазақтың ұлттық киімінің қадір-қасиетін кетіріп жүргендерге тоқтау салу керек - Г. Құлжабаева

«Гүлзар» қоғамдық бірлестігі мен республикалық «Гүлстан» журналының құрылтайшы-директоры Гөзел Құлжабаева Алматы облысы Кербұлақ ауданындағы Басши ауылдық округінде «Батыр ана бағының» жұмысын үйлестіруге арналған алқалы жиында осылай айтты.
«Балалар дүниені ең алдымен ертегіден таниды. Өкінішке қарай балабақшаларда Білім және ғылым министрлігі мақұлдаған ертегілердің өзі балалардың жас ерекшелігі мен талғамына сай келмеуде. «Қызыл телпек», «Қотыр торғай», «Шалқан» «Бауырсақ», «Мақта қыз» сияқты ертек кітаптар соның нақты айғағы. Оның аудармасында орыс халық ертегісі екені жазылмаған, ал оны кітап қып шығарушылар кейіпкерлеріне түгелдей қазақтың ұлттық киімін кигізіп қойған», - дейді Г. Құлжабаева. Гөзел Әліпбекқызының сөзіне қарағанда, «Қызыл телпек» ертегі кітабын шығарушылар қартайған апаны орманның ішіндегі киіз үйге жалғыз жатқызып қоюы және кішкентай қызды тамақ апаруға жалғыз жіберуі ақылға еш қонбайды. Ал «Қотыр торғайда» шеңгелге қотырын қанатып алған құстың одан кек алу үшін, ешкіні малшыға, малшыны байға және басқаларды осы тізбекпен бір-біріне айдап салуы балаларды өзімшілдікке, қатігездікке баулиды.
Ал әйгілі әнші, қоғам қайраткері Нұрғали Нүсіпжановтың айтуынша, халқымыз бала тәрбиесін жөргектен бастаған. Яғни, тәрбиені жүйесіз жіберуге болмайды. Ел болатын мемлекет бесігін түзеуі керек. Онсыз да өтпелі кезеңдегі бүтін бір ұрпақ өнегелі тәлім-тәрбие мен ұлттық асыл құндылықтардан айырылып қалды.