Қазақтың зерттеуші-ғалымдарына шет елдерден көбірек іздену керек- Сапар Ысқақов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күллі Еуразия жерінде арғы бабаларымыздың ізі сайрап жатыр. Ежелгі ғұндар, түріктер, қыпшақтардың ізі қалған әлемнің 15 еліне қазақстандық экспедиция аттанады. Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі, С.Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қоғамдық-қайырымдылық қордың Астана қаласы филиалының Президенті, Халықаралық туризм және спорт Академиясының академигі Сапар Ысқақов мәлім етті.

Ол алдағы экспедиция бағыты туралы егжей-тегжейлі баяндап, сапардың Торғай жерінен бастау алатынын мәлімдеді.

«Торғай - Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатұлы секілді дарындар дүниеге келген топырақ. Алғашқы көтерілістер болған жерден мол тарихи дерек табарымыз анық. Әрі қарай Ақтөбедегі Қарақыпшақ Қобыланды мемориалды кешеніне барамыз. Орал қаласындағы Орданы да айналып өте алмаймыз. Атырауда Сарайшық деген көне қала бар. Онда бірқатар қазақ хандары жатыр. Естуімше, Жайық өзенінің суы ескі қаланың орнын мүжіп жатқан көрінеді. Көп артефактілер жойылуы мүмкін. Үкімет оған қаражат бөліп, бетоннан кедергілер тұрғызуда. Осы аумақтарға дер кезінде зерттеу жүргізгіміз келеді», - деді Сапар Ысқақов.

Әрі қарай саяхатшы Ресей аумағындағы Ноғай, Құмық, Дағыстанға жол тартатындарын, одан кейін архивтерінде құнды материалдар жатқан, түрлі аңыздар мен жер-су аттары сақталған Армения, Грузия, Солтүстік Кавказ, Қырым, Беларусь, Украина, Польшаға бағыт алатындарын мәлім етті.

«Мәселен, Арменияда, Ереваннан 200-300 шақырым жерде қыпшақтар мекен еткен «Қыпшақ» селосы болған. Енді оны «Арич» деп өзгертті. Мұндағы монастырь атауы бұрын «Кипчакаванк» еді, қазір «Аричаванк» деп аталады. Ауыл жанында ағып жатқан өзеннің аты «Қазақ» болған. Енді осы мәселені қозғасақ, тарихи деректер келтіріп, ежелгі «Қыпшақ» атауын қайтарсақ деп армандаймын. Әзербайжанда «Қазақ» деген тұтас аудан әлі бар. Өзгерген жоқ», - деді экспедиция жетекшісі.

Зерттеу тобы Еуропа аумағында Польша, Германия, Венгрия, Италия, Францияға баруды жоспарлап отыр. С.Ысқақұлының айтуынша, Венеция қаласында 1200-1300 жылдары қыпшақ тілінде жазылған кітап сақталған. Сондай-ақ, Венецияда XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығының территориясы түсірілген карталар бар. Бұл карталарды Ұлы Жібек Жолын арнайы зерттеген Венеция саудагерлері жасаған. Ал Франция - ғұндардың, Едіге батырдың аяқ басқан жері, беріректе онда Мұстафа Шоқай өмір сүрген. Экспедиция Берлиндегі Мұстафа Шоқайдың бейітіне және оның жұбайы Марияның Франциядағы бейітіне арнайы соғады.

«Ашылмай жатқан тарих көп. Әрине, бір экспедициямен бәрін қамти алмаймыз. Дегенмен, жастарға жол ашып берсек, олардың тарихымызға деген қызығушылықтарын оятсақ, еңбегіміздің ақталғаны», - деп ағынан жарылған меценат келесі жылға ойластырған жоспарларымен бөлісті.

«Келесі жылы Қытайға барып, 130 жыл салтанат құрған Юань империясы кезеңін зерттейміз. Құбылай ханның уақытында ханды қорғайтын гвардияны тек қана қыпшақтардан жасақтаған екен. Жапонияға жорық жасағанда да Құбылай хан әскерін қыпшақтар бастап барған», - деп тарихи деректерді келтірді ол.  

Сонымен бірге, жиһанкез «Бабалар ізімен» экспедициясын ұйымдастыру идеясының қалай туғанын айтып берді.

«Бір кездері «Қазақта ел болмаған, шекара болмаған» деген алыпқашпа сөздер тарады.  Бізде ел болған, жер де болған, шекара да болған. Бабаларымыз қорғап қалған ен дала оңайлықпен келген жоқ.  Қазір еліміздің территориясы әлем бойынша 9-орын алады. Халқымыз 18 миллионға тақап қалды. Астанамызды салдық. Жақында ЭКСПО көрмесін өткізгелі жатырмыз. Сондықтан, қазақ халқын әлемге таныту алдында өзімізді өзіміз жете танып алайық. Бабаларымыздың кім болғанын, немен айналысқанын, өзге елдердің мәдениеті мен тарихында қандай із қалдырғанын білуіміз керек. Тарихи дерек өте көп. Оны зерттеп-зерделеу керек, біздің ғалымдарға ояну  керек. Олар ауыл арасындағы құр әңгімені ғана жазып жүр. Сыртқа шығып іздену керек, бұл үшін үкімет жағынан қаражат бөліну қажет. Олар әрбір елдің архивіне, кітапханасына баруы тиіс. Көршілес Қытайда Юань империясы тұсында көптеген кітаптар жазылған. Соларды көтеру керек», - деп С.Ысқақов өз сөзін түйіндеді.

Сапар Ысқақов -  белгілі кәсіпкер, меценат және саяхатшы. Ол Оңтүстік Полюс (Антарктида) пен Солтүстік Полюсті (Арктика) бағындырып, әлемнің 6 құрлығының 125-тен астам елінде болған. 2014 жылы «Astana EXPO-2017» жалауымен 119 күнде жер жүзін лайнермен айналып шықты. 2016 жылы С.Ысқақов «МИГ-29» әскери ұшағымен 22 000 метрге стратосфераға ұшқан.  Айта кетейік, Сапар Ысқақов жетекшілік ететін «Бабалар ізімен» атты ғылыми экспедиция 2017 жылдың 4 мамырында сапарға аттанады . Олар ежелгі ғұндар, түріктер, қыпшақтардың ізі қалған әлемнің 15 елін аралап, ДНҚ зерттеулер жүргізеді.  

Соңғы жаңалықтар