Қазақы асыл тұқымды ірі қара сатылатын «KARASU Farm-2015» аукционы тамыз айында өтеді
Аукцион барысында барлығы 60 бас асыл тұқымды ірі қара мал саудаға шығарылатын болады. Оның 20 басы әулиекөл тұқымдас қашарлар, 10 басы қазақы ақбас тұқымдас қашарлар, 30 басы қазақы ақбас тұқымдас тайыншалар. Барлық асыл тұқымды тайыншалардың өнімділігін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкерлері бағалаған.
«Саудаға шығарылатын асыл тұқымды тайыншалардың еттері айрықша сапалылығымен және жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Тәулігіне шамамен алғанда 900-1000 грамнан салмақ қосып отырғанда, 15 айлық тайыншалардың салмағы 450-480 келіге дейін жетеді. Саудаға шығарылған асыл тұқымды қашарлардың салмағы 12-13 айда 300 келіден 340 келіге дейін жетеді», - делінген баспасөз баянында.
Сонымен қатар, аукцион аясында «Казагромаркетинг» АҚ IT-мамандары ұйымдастырған «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» Web-порталымен және Мал шаруашылығындағы ақпараттық-талдамалық жүйесімен жұмыс істеу бойынша семинар өткізілмек. Бұл жүйенің мақсаты эпизоотиялық жағдайды қалыпты ұстау, мал шаруашылығы шикізаты мен өнімдерінің санитарлы-ветеринарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауылшаруашылық жануарларының денсаулығын, олардың орнын ауыстыруын бақылау және қадағалау болып отыр. Жүйеде ауылшаруашылық жануарларының есебі ауылдық округтер мен аудандар, облыстар көлемінде жүргізіледі. Соның ішінде өңірлердегі жануарлардың түрлері мен тұқымдары көрсетіледі.
Бұдан бөлек, аукцион бағдарламасы аясында, шаруашылықта бірнеше жылдар бойы қолданылып келе жатқан биогаздық қондырғының жұмысын көрсету жоспарланған. Қондырғы жылына 16 мың тоннаға дейін мал шаруашылығы кешенінің табиғи қалдықтарын қайта өңдеп, 800 мың текше метр биогаз, 5 мың тоннадан артық сұйық және 8 мың тоннадан артық қатты тыңайтқыштар өндіруге, сонымен қатар, электр және жылу энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.