Қазалыда ардагерлер үйінің іргетасы қаланды - Қызылорда облысы

Аудан ардагерлер ұйымы осы кезге дейін Әйтеке би кенті әкімдігінің ғимаратындағы аядай бір бөлмеге орналасып келді. Тар бөлме аға буын өкілдерінің бас қосып, келелі кеңес өткізуіне көп қиындық келтіреді. Осыны ескерген аудан басшысы игі іске мұрындық болып, кәсіпкерлердің демеушілігімен іс бастады. Енді аз уақытта аудандық ардагерлер кеңесінің өз баспанасы болады.
Ғимараттың іргетасын қалау рәсіміне қатысқан аудан әкімі Бақыт Жаханов ардагерлерді мерекемен құттықтап, аға буын өкілдеріне алдағы уақытта да қамқорлық жасала беретінін жеткізді. Облыстық мәслихат депутаты Қ.Ысқақ жылы лебізін білдірсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Бекбанов осындай ұрпақ үшін маңызы бар жұмысқа мұрындық болған аудан әкіміне, оны қолдаған аудан кәсіпкерлеріне ардагерлер атынан алғысын айтты.
Бұдан кейін мерекелік шара «Наурыз» мейрамханасында жалғасты. Онда ауданның әр саласынды еңбек еткен 100 ардагер мен ақ жаулықты аналарға арналып, аудан әкімінің дастарханы жайылды. Шара барысында бірнеше ардагер аудан әкімінің, аудандық ардагерлер кеңесінің «Алғыс хаттарымен», «Нұр Отан» ХДП облыстық және аудандық филиалдарының «Құрмет» грамотасымен маратталса, барша үлкендерге сый-сияпаттар табысталды.