Қазалыда ауыл спортшыларының XXX «Алтын күз» спартакиадасы аяқталды

Спорттың 15 түрін қамтитын бұл бәсекеде аймақтың барлық аудандарының құрама командалары өнер көрсетті. Елбасының жыл сайынғы жолдауында атап көрсетілгендей бұқаралық спортты дамыту, ауылдық жерлерде саламатты өмір салтын қалыптастырып, спорттың маңызын арттыру мақсатында өткізілген спартакиадаға 1000-ға жуық ауыл спортшылары қатысты.
Спартакиаданың салтанатты ашылуында аудан әкімі Нәжмадин Шамұратов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев жарысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін спорт басқармасының медалімен Семей-Невада республикалық қоғамдық бірлестігінің Арал аудандық филиалының төрағасы Серік Өтебалиев марапатталып, велосипед сыйға тартылды.
«Семей» ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуын насихаттауда С.Өтебалиев Арал-Қызылорда бағытымен жүгіре отырып, 487 шақырым қашықтықты бағындырған болатын. Оның ендігі мақсаты - 30 жылдыққа Арал-Семей бағытына велосипедпен бару.
Жарыс қорытындысына келетін болсақ, жалпыкомандалық есепте 110 ұпаймен Жаңақорған ауданының командасы - бірінші, 104 ұпаймен Сырдария ауданы - екінші, 92 ұпаймен Қармақшы ауданы - үшінші орындарға ие болды.
Айта кетейік, келесі жылы спартакиаданың бағдарламасына стритбол, асық ату, арқан тарту және жамбы ату спорт түрлері қосылады.
Кезекті спартакиада жалауын Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Арман Қаржаубаев Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Өмірзақ Елеусіновке табыстады.