Қазалыда екі тұрғын тепловоздың аккумуляторларын ұрлаған
ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданында тепловоздың аккумуляторлары ұрланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазалы аудандық сотының баспасөз қызметінің өкілі Ақылбек Қазыбекұлының айтуынша, аудандық сотта ұрлық жасау фактісімен айыпталған екі күдіктінің ісі қаралды. Олар алдын-ала ойласып, локомотив жөндеу зауытына заңсыз кіріп, 5 дана тепловоз аккумуляторын ұрлайды. Сөйтіп, жәбірленушіге жалпы құны 187 000 теңге материалдық залал келтіріп, оқиға орнынан бой тасалаған.
«Басты сот талқылауында судья екі тарапқа Қылмыстық кодекстің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес, арыз берушімен медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, күдіктілер қылмыстық жауаптан босатылатынын түсіндіріп өтті. Медиацияны қолдануға жәрдемдесу қылмыстық сот ісін жүргізу міндеттерінің бірі болып табылады. Нәтижесінде сотталушылар істеген іс-әрекеттеріне өкініп, жәбірленуші өкілінен кешірім сұрап, келтірілген шығынды толығымен өтеген. Өз кезегінде жәбірленушінің өкілі кешірімді қабыл алып, тараптар өзара медиация тәртібімен татуласты», - дейді Ақылбек Қазыбекұлы.