10:45, 30 Желтоқсан 2015 | GMT +5
Қазалыда Ғани Мұратбаевтың 114 жылдығына орай республикалық байқау өтеді
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Орта Азия және бүкіл Шығыс жастарының жалынды жетекшісі, Қазалы топырағында дүниеге келген Ғани Мұратбаевтың туғанына 114 жыл толуына орай 2016 жылы Қазалы ауданында республикалық деңгейде байқау өткізілмек.

Бұл туралы аудан әкімі Нажмадин Шамұратов жастар форумында айтты. Байқау үшін бюджеттен 5 млн. астам қаржы қаралды. Жыл басында белсенді жастар арасында іріктеу жарияланбақ. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Маусым айында Ғ.Мұратбаевтың туған күніне орай байқау қорытындысымен кемінде 30 жеңімпаз жас Ғани атындағы сыйлықпен марапатталады.
Жалпы Қазалы ауданында тұрғындардың 27,2 пайызы, яғни 20 716-ы - жастар. Өткен жылы жастар арасында жұмыссыздық деңгейі - 6,4, биылғы жылы 5,6 пайызды құрап отыр.
«Дипломмен - ауылға» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы жұмысқа орналасқан 76 маман көтерме жәрдемақымен, 57 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Жастар саясатына бөлінетін қаржы көлемі артып, биыл10 млн теңгеге жетті.