10:10, 14 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазалыда халық санағына дайындық қызу жүріп жатыр
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) – Қазалы ауданында ұлттық халық санағын ұйымшылдықпен өткізу жөнінде аудан әкімінің қаулысымен құрылған құрамы 40 адамнан тұратын арнаулы комиссия жасалған жоспарға орай бірқатар жұмыстар атқарды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазір 19 ауылдық, кент және қалалық округтердің міндеттері белгіленіп берілді. Барлық әкімдіктер бойынша аумақтық карта жасалды. Үйлерді нөмірлеп, көшелердің аттарын нақтылау, болған өзгерістерді қосу, елді мекендерде әлі де жүріп жатыр. Мұндай жұмыстар кенттегі 143, қаладағы 49 көшеде, ауылдарда атқарылуда. Халық санағы қоғамда жеке сектордың тез дамуына, меншіктің жаңа формаларының қалыптасуына байланысты бұрын болмаған қызмет түрінің пайда болуына, екінші қызметке орналасуға шек қоюды жоюға, жұмыссыздықтың орын алуына орай халықты жұмысқа орналастырудың жаңа жүйелерін ойластыруға көмектесетін болады.Әзірлік жұмыстарының барысы туралы жергілікті ақпарат құралдары арқылы халық хабарланып отыр. Әрбір тұрғын өзі тұратын үйдің номерін, егер үйі көшенің қиылысында орналасқан болса, көше аттарының жазылу тәртібіне тағы да назар аударып, оны жаңғыртуға, не жарамсыз, не жоқ болған жағдайда қайта жаздыруға көңіл бөлуі қажет.Аудан көлемінде халық санағын өткізуге 8 санақ бөлімін құрып, оған 400-ден астам адам тарту көзделіп отыр. Санақ бөлімдерінде 65 нұсқаушы, 251 санақ алушы немесе сауалнама жүргізуші санақ кезінде жұмыс істейді. Облыстық статистика департаменті тікелей басшылық жасаумен қатар, санақтың ойдағыдай өтуін басты назарда ұстап, көмектер беріп келеді.