Қазалыда құрылысшылардың мерт болуына байланысты оқиғаның жай-жапсары анықталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Қазалы ауданында құрылыс нысанында екі адамның мерт болуына байланысты оқиғаның жай-жапсары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазалыда құрылысшылардың мерт болуына байланысты оқиғаның жай-жапсары анықталды

Аталмыш оқиға «ҚазҚұрылысСервис» ЖШС-не қарасты құрылыс нысанында орын алған. Серіктестік аудан орталығы - Әйтеке би кентінен мәдениет үйін салып жатқан болатын. Құрылыс нысанында 29 жастағы екі азамат 11 метр биіктен құлап түскен.

«Екі азамат екі ай бұрын еңбек шартымен жұмысқа шыққан екен. Құрылыс мердігері – «ҚазҚұрылысСервис» серіктестігі 2006 жылы тіркелген.Қазір қауіпсіздік талаптарының сақталу жағдайы және қайғылы жағдайдың орын алу себебі анықталуда. Құрылысшылар сол аумақта 600 орындық мәдениет үйін салып жатқан еді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаев.

Естеріңізге сала кетелік, 29 қазанда Әйтеке би кентінде құрылыс нысанында қайғылы жағдайы орын алған болатын.

Сондай-ақ, бұдан бұрын Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.