Қазалыда мүмкіндігі шектеулі балаларға көлік сыйлады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазалыда мүмкіндігі шектеулі балаларды тасымалдайтын көлік табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазалыда мүмкіндігі шектеулі балаларға көлік сыйлады

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Әйтеке би кентінде «Өлкенің гүл жайнаған балғындары» атты мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелік кеш өтті. Қазалы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мен «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Қазалы корпоративтік қоры» игілікті шараға ұйытқы болды.

«Біз кішкене бүлдіршіндердің келелі келешегі үшін еңбек етудеміз. Олар есейгенде ел іргесінің баянды болуы үшін адал қызмет етіп, үлкен азамат болып өсуіне мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп келеді. Сол себепті балдырған балаларды шын жүректен мерейлі мерекелерімен құттықтап, алдағы уақытта олардың қажетіне пайдаланылатын «Газель» автокөлігінің кілтін табыстағалы отырмыз», - деді Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов.

Бұдан соң аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Талайлы Әмитжанұлына салтанатты түрде көлік кілті тапсырылды. Бөлім басшысы кішкентай бүлдіршіндерді меншікті мерекелерімен құттықтап, оларды қоғамдық ортадан тысқары қалдырмау бағытындағы жұмыстарды жандандыра беретінін жеткізді.

Жиын барысында ата-аналар да ізгі тілектерін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Сәрсенқұл Назар