Қазалыда ұлттық ойындардан жарыс өткізілді
Аталмыш игі шара Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде ұйымдастырылды.
Майдакөл ауылдық округінде теңге ілу мен аударыспақтан жарыс өтті. Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов құттықтау сөз сөйледі.
«Ұмыт бола бастаған ұлттық ойындардан ауданда тұңғыш рет жарыс ұйымдастырылып отыр. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, бауырмалдыққа тәрбиелейтін осындай асыл қазынамызды санасына сіңіріп өскен баладан ертең елін, жерін шынайы сүйетін, салт-дәстүрін ұлықтайтын азамат өсіп шығады. Дене қимылымен айналысқан жасөспірімнің денсаулығы зор болатыны сөзсіз», - деді Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов.

Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен ұлттық ойындардан алғашқы аудан біріншілігі тартысты болды. Аударыспақтан 60-90 келі аралығындағы жігіттер жарыс жолына шықты. Олардың қатарында Шархан Тілеуназаров (60 келі), Болат Тұрабаев (70 келі), Жеңісбек Мұсабаев (80 келі), Сәкен Үмбетов (90 келі) жеңімпаз атанды. Ал теңге ілуден Алмат Көбейсіннің мерейі үстем болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылардың тарапынан ақшалай және бағалы сыйлықтар табысталды.