Қазалыдағы оқушылар төбелесі: аудандық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс берілді
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысында жасөспірімді ұрып-соғу оқиғасына байланысты Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кемшіліктерге жол берген Қазалы аудандық білім бөлімінің басшына қатаң сөгіс жарияланды. Өзге де тиісті мамандардың жауапкершілігі қаралады», -деді облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет.
Облыстық білім басқармасының басшысы аудан әкімімен бірге жоғары сынып оқушылары, ата-аналар, мұғалімдермен кездесу өткізді. Онда тәртіп пен тәрбие мәселелері талқыланды.
Еске салсақ, Қызылорда облысы Қазалы ауданында 6 сәуірде екі мектеп оқушылары арасында жанжал туындаған. Оған байланысты Қылмыстық кодекстің 293-бабына сәйкес тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Осы оқиғаға байланысты ІІМ-ге аудандық полиция бөлімінің бастығын қызметінен алу жөнінде ұсыныс жолданды. Тағы 10 қызметкер қатаң сөгіс, сөгіс және ескерту түрінде тәртіптік жазаға тартылды.