Қазан айында көлік заңнамасын бұзудың 643 фактісі анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрлігі Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес көліктік бақылау жұмыстарын күшейткенін мәлім етті.
Негізгі мақсат – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, автомобиль жолдарын сақтау және көлік заңнамасы талаптарының орындалуын бақылау.
2026 жылғы 1–27 қазан аралығында Абай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында көліктік бақылауы бойынша іс-шаралар өткізілді.
Нәтижесінде 643 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Олардың қатарында рұқсат етілген салмақ және габарит талаптарын бұзу, жүктерді тасымалдау қағидаларын сақтамау, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін бұзу, сондай-ақ көлік заңнамасының басқа да талаптарын орындамау фактілері бар.
Рұқсат етілген салмақтан артық жүк тасымалдау фактілерін анықтауға және жолын кесуге ерекше назар аударылады. Мұндай заң бұзушылықтар жол жабынының мерзімінен бұрын тозуына және автомобиль жолдарының бүлінуіне әкеледі. Сонымен қатар жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.
Көліктік бақылаудың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол инфрақұрылымын сақтау.
Көлік министрлігі тасымалдаушылар мен тасымалдау процесіне қатысушыларды белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырады.
Көліктік бақылау жұмыстарын күшейту «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүйелі түрде жалғасады.
Айта кетейік, Қазақстан мен China Transinfo Group пилотсыз көлікті дамыту жөнінде меморандумға қол қойды.