Қазан қаласында Қазақстанның Сауда өкілдігінің бөлімшесі ашылады

Аталған келісім бойынша Қазан қаласында Қазақстанның Сауда өкілдігінің бөлімшесін ашу қарастырылады. Сондай-ақ Алматы қаласында Ресей Федерациясының Сауда өкілдігінің бөлімшесін де ашу көзделеді. Ондай бөлімшелер өздерінің өкілеттіктері шегінде елдер арасындағы саудаға және экономикалық ынтымақтастықтың басқа да түрлеріне қатысты мәселелер бойынша өз мемлекеттерінің мүдделерін білдіретін болады.
Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаттары отырыс барысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Аталған құжаттың мақсаты - Қазақстанның Ресей Федерациясындағы сауда өкілдігінің қызметкерлеріне дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер беру. Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күнге дейін еліміздің Сауда өкілдігінің қызметкерлері Ресей аумағындағы шетел өкілдіктерінің қызмет ету жалпы талаптары негізінде жүзеге асырылып келеді. Өйткені, еліміздің дипломатиялық қызмет туралы заңына сәйкес, тек дипломатиялық өкілдіктер қызметкерлері ғана иммунитеттерді пайдалана алады. Осыған байланысты Сауда өкілдігінің қызметкерлеріне дипломатиялық иммунитеттер мен артықшылықтар беру ұсынылады. Құжатты қабылдау қазақстандық қызметкерлер мәртебесін арттыруға, сондай-ақ БЭК мәселелері бойынша келіссөздер жүргізудің тиімділігін арттыруға әсер етеді. Қазақстан мен Ресей сауда өкілдіктерінің жұмыс жағдайларының теңдігін қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді. Өйткені, дәл осындай иммунитеттерді ресейлік қызметкерлер қазірдің өзінде пайдаланады. Жалпы, заң жобасы Ресей аумағындағы қазақстандық бизнестің мүдделерінің қорғалуын жақсартуға септігін тигізеді.