KazAtomExpo-2024: Астанада атом энергетикасындағы озық компаниялар жиналды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада ядролық технологиялар мен атом энергетикасына арналған KazAtomExpo халықаралық көрмесі ашылды.

Оның аясында Қазақстанның атом энергетикасы мен ғылым саласындағы жетістіктері, сондай-ақ еліміздің осы саладағы мүмкіндіктері таныстырылды. Сонымен қатар, KazAtomExpo-2024-ке АЭС құрылысында тәжірибесі мол әлемдік жетекші компаниялар қатысып жатыр.

Олардың қатарында «Қытай ұлттық ядролық корпорациясы» (CNNC), «Кореяның су және ядролық энергетикалық корпорациясы» (KHNP), «Électricité de France» (EDF), сондай-ақ ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бар. Бұл компаниялар өздерінің инновациялық жобаларын таныстырып, тәжірибелерімен және атом энергетикасын дамыту жоспарларын жария етті.
ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бүгінгі көрменің еліміздің атом энергетикасын дамытудағы маңыздылығын атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, бұл көрме Қазақстанда АЭС салу бойынша жалпыұлттық республикалық референдум өткізу қарсаңында өтіп жатыр. KazAtomExpo көрмесі атом энергетикасын дамытудың маңыздылығын және энергияның негізгі көзі ретінде атом электр станцияларының қажет екенін жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді. Бұл мүмкіндікті бізге шетелдік әріптестеріміз, яғни озық ядролық технологиялары бар елдер ұсынып отыр», - деді министр.

Ведомство басшысы еліміз көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін бірқатар стратегиялық құжатты қабылдағанын еске салды. Бұл құжаттарда баламалы және «жасыл» энергия технологияларына инвестицияны ұлғайтуға, көмір өндіру үлесін кезең-кезеңмен қысқартуға және 2060 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері мен баламалы энергия үлесін арттыруға екпін қойылған.

Көрме барысында пленарлық отырыс өтіп, шетелдік делегациялардың басшылары сөз сөйледі. Олар ҚР Энергетика министрімен кездесу кезінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.
Айта кетейік, көрме аясындағы брифингіде ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Ғұмар Серғазин Атом электр станциясын (АЭС) салып беретін вендорға тәуелді болып қалмау үшін өзіміздің мамандарды даярлауға екпін қойылатынын айтты.

