15:42, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
«Қазатомөнеркәсіп» биыл Халықаралық уран қорын құруды бастайды
АЛМАТЫ. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ биыл Халықаралық уран қорын құруды бастайды.
Компания президенті Мұхтар Жәкішев бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында осылай айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Халықаралық уран қорын құрудағы басты мақсат - сауда алаңын құру. Қазір біздің бұл идеямызға үн қосып жатқандар бар. Оны жүзеге асыруды биыл бастаймыз. Оған ірі уран өндірушілер мен тұтынушылар кіреді. Біздің пайымдауымызша, әзірге қаржы институттарының қызметіне мұқтаж емеспіз. Ал болашақта бұл қорға олардың да қатысуын қарайтын боламыз», - дейді М.Жәкішев. Оның сөзіне қарағанда, Халықаралық уран қорын құру уақыт талабынан туындап отыр. Өйткені әрбір атом электр стансысының іске қосылуынан кейін тұтынылатын уран көлемінде күрт секірістер болуда. Себебі олардың әрқайсысы алғашқы кезде шикізатты әдеттегіден 5 есе коп жұмсайды. Егер уранды жинақтайтын тұрақтандыру қорын құрмасақ мемлекеттердің АЭС құру туралы жобалары тығырыққа тіреледі. Ал Халықаралық уран қорын құру оларды болашақта қамтамасыз етуге жеткілікті деңгейде кепіл бола алады.