Қазатомөнеркәсіп өз қызметіне санкция ықпалын жіті қадағалап отыр
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ биылдан бастап елдің ресейлік уран импортына тәуелділігін төмендетуге тырысып келеді. Осы жылдың 13 тамызында Ресейден төмен байытылған уран жеткізілімін шектейтін заң күшіне еніп қойды. Осыған орай «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы дайын өнімді тасымалдау мен сатуды қоса алғандағы компания қызметіне санкциялардың әлеуетті ықпалын үнемі қадағалап отыр. Бұл жайында аталған компания агенттіктің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Ұлттық компания әзірге шектеулерге тап келмегендігін алға тартады. Дегенмен, басшылық экспортқа тыйым салумен байланысты тәуекелдерді сараптап отырғанға ұқсайды.
«Бүгінде санкциялар компания қызметіне айтарлықтай әсер еткен жоқ. Дегенмен мұндай оқиғалардан туындаған нарықтағы белгісіздік уранның спот бағасының, ұлттық валютаның айырбас бағамының және Қазатомөнеркәсіптің бағалы қағаздарының баға белгілеулерінің айтарлықтай құбылмалылығына алып келді», - деп атап өтті акционерлік қоғам.
АҚШ Энергетика министрлігі реакторларға ядролық отын жеткізу тізбегін нығайту және Ресейден сатып алуларға тәуелділікті азайту үшін отандық жеткізушілерден 2,7 миллиард долларға дейін байытылған уран сатып алуды жоспарлап отыр.
2024 жылдың 6 тамызында АҚШ Сауда министрлігінің Экономикалық талдау бюросы мамыр айымен салыстырғанда маусымда ядролық отын материалдары импортының екі есеге жуық азайғанын көрсететін есеп жариялады. Бірақ Қазатомөнеркәсіп әзірге мұндай ақпарат алмаған.
«Қазіргі уақытта «Қазатомөнеркәсіп «ҰАК» АҚ-қа Қазақстаннан АҚШ-қа уран жеткізуді тоқтата тұру туралы белгісіз. АҚШ-тағы U3O8-ді елдер бойынша сатып алу көздерінің ресми статистикасы ай сайын емес, жыл сайын, жарты жылға кешіктіріліп жарияланады», - деп түсіндірді компания.
Сондай-ақ, Қазатомөнеркәсіп халықаралық аренада өз позициясын нығайта отырып, америкалық энергетикалық компаниялармен үнемі белсенді байланыста болатыны атап өтілді.
«Бұл ретте уранды сатып алу жиілігі бюджет немесе сатып алушы елдегі қор сияқты көптеген факторден құралады», - делінген компания жауабында.