«ҚазАвтоЖол» 2025 жылы жөндеуден өтетін республикалық жолдарды атады
АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев биылғы жылды қорытындылап, келер жылы қанша шақырым жол жөнделетінін айтты.

Оның сөзінше, 2024 жыл еліміздің жол-көлік саласы үшін маңызды болды. Жол-құрылыс маусымы аясында республикалық маңызы бар 8700 шақырым жолда түрлі жөндеу жұмыстары атқарылды.
— 3100 шақырым жолда құрылыс пен қайта жаңарту жүргізіліп, оның 2000 шақырымында негізгі жұмыстар аяқталып, көлік қозғалысы берілді. Қазақстан үшін маңызды «Қарағанды-Балқаш-Алматы», «Атырау — РФ шекарасы (Астраханға), «Ақтөбе — Қандыағаш» және «Талдықорған — Өскемен» күре жолдарының жобасы аяқталды. Күрделі жөндеуден ұзындығы 600 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар жолдардың 29 нысаны өтті. Орташа жөндеумен ұзындығы 5000 шақырым болатын 217 нысан қамтылып, оның 1217 шақырымы немесе 68 нысаны аяқталып, қолданысқа берілді. 1143 мың шаршы метрде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, — деді Иманашев.
«ҚазАвтоЖол» басшысы келесі жылы 8254 шақырым жолда түрлі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
— 2025 жылы алдымызға үлкен мақсаттарды қойып отырмыз. 8254 шақырым жолда түрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, оның ішінде 994 шақырымда қайта жаңарту, 390 шақырымда күрделі жөндеу және 6900 шақырымда орташа жөндеу. «Жезқазған — Қарағанды», «Сарыағаш қ. айналма жолы», «Рудный қ. айналма жолы», «Ақтөбе — Ұлғайсын», «Қызылорда қ. айналма жолы», «Түркістан қ. айналма жолы», «Бейнеу — Бозой — Шалқар» және «Қызылорда — Сексеуіл» маңызды жобалардың құрылысына ерекше көңіл бөлінбек, — деді ол.
Басқарма төрағасы жол саласында қызмет атқарып жатқан барлық мамандарға алғыс айтты.
— Жол саласында қызмет атқарып жатқан барлық мамандарға алғысымды білдіремін. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында елімізде маңызды жобалардың құрылысы аяқталып, халық игілігіне мыңдаған шақырым жол берілді. Сіздердің атқарып отырған жұмыстарыңыздың нәтижесінде республикамыздың жол саласы дамып, әр азаматқа қолайлы әрі қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етілуде. Құрметті отандастар, келер жыл халқымызға берекелі жыл болсын. Баршаңызға зор денсаулық пен табыс тілеймін. Жаңа жылдарыңызбен!, — деп құттықтауын жолдады Дархан Иманашев.
Айта кетейік, осыған дейін «ҚазАвтоЖол» жолдың тайғақтығына шағымданған жүргізушілерге жауап бергенін жаздық.