«ҚазАвтоЖол» бірнеше өңірдің жүргізушілеріне ескерту жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Синоптиктердің болжамына сәйкес, түнгі және таңертеңгі уақыттарда Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Абай облыстарында тұман түсіп, кей жерлерде көктайғақ күтіледі. Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» компаниясы жүргізушілерді сақ болуға шақырды.
— Жүргізушілерден жолда аса мұқият болуды, жылдамдық режимі мен арақашықтықты қатаң сақтауды, қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауды және аса қажеттілік болмаса сапарға шықпауды сұраймыз. Дөңгелектердің жай-күйіне ерекше көңіл бөлген жөн. Егер көлікте әлі жазғы шина тұрған болса, көктайғақта басқару қиындап, жол-көлік оқиғаларының орын алу қаупі едәуір артады, — делінген хабарламада.
Жол қызметі тәулік бойы жұмыс істейді, сондай-ақ жолдардың жай-күйі мен ауа райы туралы өзекті ақпаратты 1403 байланыс орталығынан білуге болатынын еске салды.
Ал, жауыннан кейінгі жол неге қауіпті екенін мына сілтемеден оқыңыз.