«ҚазАвтоЖол» компаниясының қаражатын жауапты органдар жыл сайын тексереді – вице-министр

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров «ҚазАвтоЖол» компаниясының ақылы жолдарға қатысты қаражатына түсінік берді.

көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров
Фото: Үкімет

- Заңға сәйкес, «ҚазАвтоЖол» – ол ұлттық оператор. Осы орайда заңда ақылы жолдан түскен қаражаттың қай жұмыстарға жұмсалуы керек екені көрсетілген. Бұл ретте, ақылы жолдарда қар тазалауға, техника сатып алуға және басқа да жұмыстарға бағатталады, - деді М.Қалиақпаров Үкімет отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, ақылы жолдардан түскен қаражаттың артуына қарай республикалық бюжеттен бөлінетін қаражат азаяды.

- Бұрын бюджеттен қаражат бөлінсе, қазір төлемақыдан түскен қаражатқа жұмыстарды атқарамыз. Бұл қаражатты тек ақылы жолға жұмсай аламыз. Түскен қаражатты Жоғары аудиторлық палата мен өзге де құзырлы ведомстволар тексереді. Олар жыл сайын жұмсалған қаржыға толық есеп береді, - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, жақын арада «ҚазАвтоЖол» қаржысына қатысты Сенат депуттарына тиісті мәлімет ұсынылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев квазимемлекеттік компаниялардың есепшотында елеулі қаржы түсімдері бар болғанына қарамастан, оларға бюджеттен қосымша қомақты сомалар бөлінетінін айтып, оларды тиімді пайдалану мәселесі көңіл көңшітпейтінін сөз етті. 

Тек «ҚазАвтоЖол» мен «Жасыл Даму» компанияларына ғана бюджеттен 730 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар қаражаттың жұмсалуы туралы есептілік әрдайым тұрақты және толық көлемде берілмейді. Бұл тиімсіз пайдалану қаупін туғызады және қоғамның сенімін төмендетеді.

Соңғы жаңалықтар