ҚазАвтожол он мердігер компанияны қара тізімге енгізді
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық компания жол құрылысы сапасына салғырт қарайтын мердігер мекемелерге заң аясында шара қолданып жатыр.
 
                                              - Жол-құрылыс жұмыстарының барлық кезеңінде жолдың сапасына қатты назар аударамыз. 2025 жылдың басынан бері мердігерлер салған жобалардан 2777 ақау анықтадық, оның 1400-ге жуығы бүгінгі күні жойылып, қалған ақауларды жою жұмыстары жоспарға сәйкес жүзеге асырылып жатыр, - деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Компания басшысы келтірген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері жол салу немесе жөндеу жұмысын сапалы орындамаған техникалық бақылау қызметтеріне 200 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, 36 маман жұмыстан босатылды.
- Сондай-ақ, республикалық автожолдарды қайта жаңарту және орташа жөндеу жұмысын тиісті түрде орындамағаны үшін 10 мердігер компания соттың шешімімен жосықсыз компаниялардың тізіміне енгізілді, - деп толықтырды басқарма төраға.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл тоғыз айда ақылы жолдардан бюджетке 62 млрд теңге түсті.