20 қарашада елімізде қай жолдар ашық, қайсысы жабық
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет ұсынды.
Ұлттық компанияның мәліметінше, 19 қараша сағат 19:30-да «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған» автожолының 108-218-шақырым аралығындағы (Әулиекөл ауылы – Октябрьское ауылы) учаскесінде барлық көлік түрі үшін қозғалыс ашылды.
Солтүстік Қазақстан облысындағы жолда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуіне байланысты барлық көліктің қозғалысы шектелді. Бұған дейін толассыз жауын-шашын және ауыр жүк көліктерінің көп жүруі салдарынан KZ15-08 «Тимирязево – Сарыкөл – облыс шекарасы» автожолының 0-30-шақырымында (Қостанай облысы шекарасы – Тимирязево ауылы) жол ойылып кеткен.
Сонымен қатар 5 қарашадан бастап тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) учаскесінде сақталады. Бұл шара таулы жерде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып, қыс маусымы аяқталғанға дейін күшінде болады.
Ауа райы
2025 жылғы 20 қарашада Қостанай, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Павлодар облыстарында қар аралас жаңбыр мен қар жауады.
– Сол себепті жүргізушілерге жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты қатаң сақтап, жолдардағы ауа райының қолайсыздығын ескерулеріңізді сұраймыз, - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін 20 қарашада еліміздің бірқатар өңірінде көктайғақ, тұман және жаяу бұрқасынға байланысты ескерту жарияланған еді.