«Kazenergy-2015» форумында «100 нақты қадам» ұлт жоспарына баса назар аударылады

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Kazenergy қауымдастығының бас директоры Әсет Мағауов мәлім етті.
«Kazenergy» еуразиялық форумының биылғы жұмысы қазіргі заманғы энергетикалық оқиғалардың күн тәртібіндегі басты оқиғаларды, мұнай-газ және энергетика нарығында болып жатқан трансформацияларды талқылауға арналады. Осы ретте, жаһандық өңірлік сын-қатерлерге жауап ретінде «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында саланы дамытуға ерекше назар аударылмақ», - деді ол.
Ә.Мағауовтың айтуынша, мұнан бөлек жекелеген талқылаулар интеграциялық процестердің рөліне, ұзақ мерзімді сауда экономикалық және энергетикалық серіктестік құруға, әсіресе, Еуропа мен Азия өңірлерінде жаһандық энергетикалық тұрақтылықты қалыптастыруға бағытталады.
«Форум бағдарламасында Халықаралық энергетикалық агенттіктің, Жаңаратын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің, Халықаралық хартия хатшылығының, Дүниежүзілік мұнай кеңесінің, Инженер-мұнайшылар қоғамының және басқа да ұйымдардың сарапшыларымен бірлескен шаралар өткізу көзделуде», - деді Ә.Мағауов.