«KazEOSat жер серігі Астана төңірегінде заңсыз қоқыс тастайтын орындарды анықтады» - баспасөзге шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, жуырда ғана Көкшетауда ашылған Науан Хазірет атындағы жаңа мешіт мұсылман қауымына елеулі оқиғалар ордасына айналып отыр. Солардың басты санатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында сақтаулы Ұлық пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір тал сақал шарифінің Көкшетаудағы Алла үйіне алып келініп, жамиғат назарына ұсынылуын айтар едік. Игі істің осы облыстан басталуының да өзіндік сыры бар.
«Бұл қымбат жәдігерді Ақмола облысындағы Атбасар ауданы Садовый ауылының тұрғыны 85 жастағы Фатима (сәйкестікті қараңыз, Пайғамбарымыздың кенже қызының аты да Фатима еді ғой) Әбдібекқызы Дайырова 40 жыл бойы жасырын сақтап келгені, оны алдыңғы жылы ҚМДБ мүфтиятына тапсырғаны жөнінде газетімізде (24.05.2013 жыл) жазған болатынбыз. Жұртшылықтың сұранысы бойынша жарты жылдан кейін Фатима әжеміздің өмір жолынан «Пайғамбар жәдігерін жүрегінде сақтаған ана» атауымен очерк те жариялағанбыз. Міне, осынау қымбат жәдігердің Мүфтияттың мұражай-көрмесінде ғана емес, жалпы ел тұрғындарына шарапат шашуын мұрат санаған ҚМДБ басшылығының бастамасы баршамызды қуанышқа бөлейді», - деп жазады мақала авторы. Осы жайында «Пайғамбардың сақал шарифі Көкшетауға әкелінді» атты мақаладан толық оқи аласыздар.
Бас басылым «Ауыл шаруашылығының аяқ алысы жақсы» деген тақырыппен Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековпен арадағы сұхбатты көпшілік назарына ұсынып отыр. «Келіссөздер қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың шараларын ауыл шаруашылығы жалпы өнімінен 8,5 пайыз деңгейінде «сары себетті» тікелей субсидия түрінде қолдануға қол жеткізілді. ДСҰ ережесіне сай бұл субсидия көрсетілген мөлшерден екі есе артық. Біріншіден, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің құнынан 8,5 пайызға тең сомалы өнімге байланыссыз шараларға, екіншіден, осы өнімнің жалпы құнынан 8,5 пайызға тең сомалы нақты өнімге байланысты шараларға көмек көрсетілуі мүмкін. Бұған қоса, «жасыл себет» шеңберінде мемлекеттік қолдау ешқандай шектеусіз көрсетілетін болады. Оның ішінде ғылым, консалтинг, ветеринария, фитосанитария, инфрақұрылымдық жобалар, әлеуметтік қамсыздандыру және өнім құнына әсер етпейтін шаралар шектелмейді.
Субсидиялар ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің құнына тікелей тепе-тең болғандықтан Қазақстан үшін 8,5 пайыз саланың дамуына мемлекеттік қолдау көрсетудегі нақты мүмкіндік. Өткен жылдар көрсеткендей, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі әр 5 жыл сайын 2 есеге артып келеді. Сәйкесінше, айқындалған мемлекеттік қолдаудың көлемдері осындай қарқынмен ұлғайтылмақ. Біздің ендігі міндетіміз - толыққанды мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету және өндіріс тиімділігін жоғарылату мақсатында оларды тиімді пайдалану», - дейді министр.
***
«Қазақстанда өндіру тиімді, ұзақмерзімді сұранысқа ие өнімдердің тізімі жасалды». Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте еліміздің Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп жазады «Айқын» газеті.
Оның айтуынша, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты туындайтын бірқатар тәуекелдер бар. Сондықтан еліміз олардың алдын алу үшін бірлескен кәсіпорындар құру ісіне кірісіп кеткені белгілі. - Біз осыдан бірнеше жыл бұрын халықаралық компаниялармен бірлескен кәсіпорын құруға бағытталған жұмыстарды бастап кеттік. Бұл шаралар туындайтын қауіптердің әсерін өтпелі кезең барысында тартылатын замануи технологиялар мен бәсекеге қабілетті тауарлар және қызметтер шығару өндірісін игеру арқасында жеңілдетеді, - деді Мағзұм Мырзағалиев. Осы жайында « Тиімді өнімдердің тізімі жасалды » атты материалда берілген.
Бұл басылымда « Жаңа жобада жаңалық жетерлік» деген мақала жарияланды. Егер салынып жатқан тұрғын үй жарнамада паш етілетін көркем бейнесіне сәйкес келмесе, ол баспананы жарнамалауға тыйым салынуы мүмкін. Ел Үкіметі қолданыстағы заңнамаға осындай қызықты өзгеріс енгізгелі отыр. Кеше Мәжілісте «Кейбір заңнамалық актілерге тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұсауы кесілді. Таныстырылым барысында Экономикалық реформа және аймақтық даму комитетінің төрағасы Сейтсұлтан Әйімбетов жаңа заң жобасындағы бір бапқа назар аудартты: - Сіздер жобаға былай жазыпсыздар: «мемлекеттік құрылыс нормалары мен ережелерде қарастырылған квалификацияға және жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес келмесе, салынып жатқан, сондай-ақ іске қосылған тұрғын үйдің және тұрғынжайдың жарнамасына тыйым салынады». Сәйкес келмейтінін кім анықтайды? Егер ғимарат жобалық-сметалық құжаттамасына лайық болмаса, ондай құрылысқа мүлдем рұқсат беруге болмайды! Сонда бұл бап неге керек? С.Әйімбетовтың байламынша, бұл норма құрылыс компанияларының мүдделерін аяқасты етеді: «Сіздер осылайша, тұтынушыларды қорғарсыздар. Бірақ сатушының мүддесіне нұқсан келтіресіздер ғой!» деді ол. Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Әлиақпар Матишев бұл норманың бүгінгі өмір шындығына сай енгізіліп отырғанын алға тартты.
***
Еліміздің KazEOSat жер серігі Астана төңірегінде заңсыз қоқыс тастайтын орындарды анықтады. Ғарыштан түсірілген суреттерде жазықтағы қоқыстар айқын көрініп тұр, деп жазады «Экспресс К» газеті «Кучи сгущаются» атты материалында.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ өкілі Айша Айсариеваның сөзінше, ғарыштық зондтау елорда әкімдігінің тапсыры бойынша жүргізілген. Заңсыз қоқыс орындары мәселесі Астанада соңғы кезде өзекті болуда. Кейбір жеке компаниялар қоқыс шығаруда қаржыларын үнемдеу үшін қалдықтарды жазыққа тастап кетуде әдетке айналдырған көрінеді.