13:20, 04 Маусым 2013 | GMT +5
«Қазфосфат» компаниясы күкірт қышқылы өндірісін бастайды
АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат -Ағымдағы жылы, нақты айтсақ, бір айдан кейін «Қазфосфат» компаниясы күкірт қышқылының өндірісін бастайды.

Бұл туралы Үкіметтің бүгінгі отырысы барысында компанияның бас директоры Мұқаш Ескендіров мәлім етті.
Оның хабарлауынша, қазіргі кезде соңғы жұмыстар аяқталуға жақын. «Күкірт қышқылын ашқаннан кейін біз фосфор қышқылы өндірісін қайта құрып, 2015 жылға қарай аталған өнімнің алғашқы 220 мың тоннасын шығарамыз. Осылайша, 2018 жылда минералды-фосфаттық тыңайтқыштарды өндіру көлемі 1 млн. тоннаға дейін жеткізетін боламыз», - деп атап көрсетті М.Ескендіров.
Үкімет отырысы барысында «Қазфосфаттың» басшысы М.Ескендіров компанияның Еуропалық одақ пен Қытай бағыттары бойынша экспорттық бастамаларына қолдау көрсетуді сұрады.