Қазғарыш басшысы байқоңырлықтарды «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен қаласының 55 жылдығымен құттықтады

БАЙҚОҢЫР. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/ - «Байқоңыр» ғарыш айлағы бүгін 55 жылдық мерейтойын атап өтуде. 1955 жылы маусымның 2-сінде Кеңес армиясының Бас штабы зымыран-ғарыш техникасының сынағын өткізуге арналған полигонның (11284 әскери бөлім) ұйымдастыру-штаттық құрылымын бекіткен болатын.
None
None

Міне, содан бері дәл осы күні Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағының негізі қаланған күн деп саналады. Жаһанның ғарыш айлағына айналып отырған Байқоңырдан бүгінге дейін түрлі ғарыш аппараттарымен 2,5 мыңнан астам зымырандар ұшырылды.

Осынау мерейтойдың құрметіне Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Александр Мезенцев пен ғарыш кешенінің барлық тұрғындарына құттықтау жолдады.

«Барлық ғарышкерлер сияқты, мен үшін де Байқоңыр - отаным, ғарыш саласының отаны. Байқоңыр бізді ғарышқа аттандырады, қонақжай қазақ жері ұлдарын ғарыштан күтіп алады. Орбитаға аттанған сайын, мен өзіммен Байқоңыр тұрғындарының, мені ғарышқа шығарып салған отандастарымның ыстық ықыластары мен жүрекжарды ниеттерін алып кететінмін. Қазақ халқының ғарышқа аттандырған елшісі болу бақытын мен үш рет басымнан кешірдім. Енді міне, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы қызметінде отырып, мен өз әріптестеріммен бірге «Байқоңыр» ғарыш айлағының дамуына лайықты үлес қосуға талпынып келемін», - деп атап көрсетті Т.Мұсабаев өз құттықтауында.

Қазғарыш басшысы сондай-ақ, көреген саясаттары, Байқоңырға жасап отырған қамқорлықтары үшін - Қазақстан мен Ресей президенттеріне алғыс білдірді және ғарыш кешені басшыларына, сондай-ақ өз өмірлерін осынау қалаға арнап отырған ғарыш айлағының барша тұрғындарын мерекелерімен құттықтады.

Соңғы жаңалықтар