«Қазгидромет» алдағы үш күннің ауа райы болжамын жариялады
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазгидромет» РМК-сы шілденің 17-19 аралығындағы күн райы болжамын жариялады.

Кәсіпорынның деректеріне қарағанда, Қазақстан аумағының басым бөлігінде атмосфералық фронталды бөліктердің өтуіне байланысты күн жаңбырлы болады және найзағай ойнайды.
17 шілдеде – батыста, 18 шілдеде – солтүстік-батыста, 18–19 шілдеде – солтүстікте, 19 шілдеде – республиканың орталығында қатты жаңбыр, бұршақ жауады және дауыл тұруы ықтимал. Республика бойынша желдің күшеюі мүмкін.
Алдағы күндері еліміздің батысы мен оңтүстік-батысында 41–44°С дейін, оңтүстік-шығысында 42–43°С дейін ыстық болады. 17 шілдеде солтүстік-батыста, 18 шілдеде республиканың орталығында 40°С дейінгі ыстық. 18–19 шілдеде еліміздің оңтүстігінде 45–46°С дейін аптап ыстық болады.
Солтүстік өңірлерде түнгі температура 8–18°С дейін, күндізгі температура 17–25°С дейін төмендейді.
Осыған дейін шілденің 16-17 аралығындағы күн райы болжамын жарияладық.