17:22, 06 Мамыр 2009 | GMT +5
ҚАЖ комитеті Ұлы Отан соғысының және тыл еңбеккерлерінің ардагерлеріне құрмет көрсетті
АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ – ҚР Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Ұлы Жеңістің 64 жылдығы қарсаңында майданда болған және тылда еңбек еткен, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің қалыптасуына өз үлестерін қосқан астаналық ардагерлерге құрмет көрсетті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Бүгін болған салтанатты іс-шараға 23 майдангер мен тыл еңбеккері қатысты. Олардың ішінде 95 жастағы соғыс және еңбек ардагері, қылмыстық-атқару жүйесінде 40 жыл қызмет еткен Максим Павлович Торгаленко да болды. Жауынгерлік жолы мен бейбіт өмірдегі еңбегі ондаған ордендермен және медальдармен атап өтілген Ұлы Отан соғысының, қылмыстық-атқару жүйесінің ардагері, отставкадағы полковник Вячеслав Ломако балалық шағынан-ақ беларус партизандары жасақтарының қатарында болды.Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары, әділет полковнигі Қайырболат Есқалиев және қылмыстық-атқару жүйесі ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Жаңаөмір Жамалов қонақтарға алғыс сөздерін арнады.Соғыс және тыл еңбегінің ардагерлеріне бағалы сыйлықтар тапсырылды, сондай-ақ мерекелік дастарқан жайылды. Қазақ мемлекеттік филармониясының әншісі Сәуле Желдібаева қонақтарды тамаша әнімен сусындатты. Одан кейін қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері өз өнерлерін көрсетті.