Қажымұқан Поддубныйдан жеңілген бе? (ФОТО, ВИДЕО)

«Поддубный» - қайта оралған қаһарман «Поддубный» фильмінің премьерасы Ресей кинотеатрларында 10 шілдеден басталды. Бюджеті 12 млн. доллар болатын фильм алғашқы сеансынан-ақ сол елдің киносыншылары тарапынан оң бағаланды. Фильмді Н.Михалковтың «ТРИТЭ» киностудиясы «Россия» телеарнасымен бірлесіп түсірген. Режиссері - Глеб Орлов, басты рөлді танымал актер Михаил Пореченков сомдады. Француз күресінің 6 дүркін чемпионы, «Чемпиондар чемпионы» деген атақ алған «Темір Иван» туралы фильм түсіру 14 жыл бұрын жоспарланған екен. 2000 жылы Юрий Коротков сценариін дайындағанымен сәті түспеген. Тек, 2011 жылы палуанның туғанына 140 жыл толуына орай, Поддубныйды экранға шығару мәселесі көтеріледі. 2012 жылы қолға алынған түсірілім жұмыстары екі жыл дегенде аяқталып, биыл көрерменге жол тартып отыр. Негізі, нақты түсірілім алаңындағы жұмыс баржоғы 51 күнге созылған. Басты рөлді сомдаған Михаил Пореченковтың айтуынша, олар түсірілім алаңына өте үлкен дайындықпен келген. Әйгілі палуанды қайта «тірілту» үшін Пореченков күреске қатысып, тәжірибелі спортшылармен белдесіпті. Одан актердің қабырғасы шытынап, тізесін де шығарған кездер болған. Иван Поддубныйдың жары Машаның рөлін ойнаған актриса Катерина Шпица да «Поддубный» үшін барын салғанын айтады. Ол тіпті, 3 айлық баласын күтушіге тастап, түсірілім алаңына келген. Фильм Киев, Мәскеу, Санкт-Петербор, Париж, Нью-Йорк және Феодосия мен Севастопольде түсірілген. Палуан туралы орыс жазушысы Андрей Куприн «Ғаламат күш иесі қаншалықты мықты болса, соншалықты аңғал» депті өз естелігінде. Режиссер Глеб Орловтың айтуынша, фильмнің басты мақсаты да сол, нағыз орыс палуанын бар қырынан көрсету екен. Негізгі жұмыс оның спортшылық тәжірибесін емес, адамгершілік келбетін ашуға бағытталған. Осы қырынан алып қарасақ, кино идеясы өз мақсатына жеткен. Ресей киногерлері тағы бір орыс қаһарманын көрерменіне оралтты. «Енді балаларымыз Поддубныйға еліктейтін болады, олардың өмірінде нағыз кумир пайда болды» деп қуана жазыпты орыс басылымы. Әрине, Поддубныймен мақтануға болады. Фильм продюссері Вадим Горяинов: «Біз киноны жоспарлағанда негізгі көрермен аудиториясы Ресей болады деп, сол аудиторияға жұмыс істедік», дейді. Бұл киноны Ресей үшін патриоттық тәрбиенің таптырмас құралы деуге болады. 1917 жылғы аласапыран кезінде өзге спортшылар шетелге қашып жатқанда Поддубный табаны таймай елінде қалыпты. Оның осы отаншыл сезімін фильмде айқын көрсете білген. Алайда, бұл бір жағынан бизнес жоба болғандықтан өзге елдердің де кинонарығына шығарылды. Ресей көрермені үшін ол орыс халқының абыройын асыратын, жас ұрпақтың жүрегінде мақтаныш сезімін оятатын фильм болса, жалпы көрермен үшін пафосты сәттері мол, ұлтшылдық бояуы қалың киноның бірі деп бағалар едік. Әсіресе, ішіндегі бір эпизод қазақ көрерменінің көңілін күпті қылғаны жасырын емес. Бұл мәселеге қатысты киноны көргендер әлеуметтік желілерде өз наразылықтарын танытып та үлгерді. Қажымұқанға жасалған қиянат па? Бұл көркем туынды болғандықтан көп нәрсе ойдан қосылып, қиыннан қиысатыны белгілі. Фильмде Париждегі чемпионатта Иван Поддубный Қажымұқан есімді түрік палуанымен күресіп, оның желкесін үзіп жіберетін жері бар. Сұлық жатқан Қажымұқанды аянышты кейіпте кілемнен сүйреп алып кете барады. Өте әдемі басталған киноның осы жеріне келгенде: «Оу, бұл қалай болғаны?» деп астаң-кестең боласың да қаласың. Режиссерлар бұл жерде Қажымұқан Мұңайтпасовты көрсеткілері келді ме, ол жағы әрине белгісіз. «Ол қазақ емес, ойдан құрастырылған түрік палуаны» деп те ақталуы мүмкін. Біз де фильмдегі жеңілген кейіпкер туралы тон пішіп, шағыстырудан аулақпыз. Бірақ, күш атасы Қажымұқанның Түркия атынан, Маньчжурия, тіпті сол Ресей атынан әлем чемпионаттарында «Қара Иван» болып та күрескенін ел біледі. Ендеше, түрік палуаны деп отырғаны кім? «Атандым Қажымұқан бала жастан, Ішінде империяның болдым асқан, Кешегі Омскінің қаласында Құлаттым қырық палуанды бір шалмастан», деп күш атасының өзі айтқандай, Қажымұқан Мұңайтпасовтың ешқандайда Парижде желкесі қиылып, үзіліп кетпегені, өз ажалымен қайтыс болғаны белгілі. Орайы келгенде Елемес Әлімжановтың «Қазақтың балуандық өнері» кітабынан мынадай деректерді келтіре кеткенді жөн көрдік. • 1913 жылы Парижде өткен Әлем біріншілігінде Поддубный екеуі финалға шығады. Осы жолы «Ағаның жолына әдепсіз таласады», - деп Мұқан Поддубныйды кілемнен көтеріп, бірінші орын осы кісінікі деп, алаңнан алып кетеді. • Сол жылы Парижден Петерборға келгеннен соң, Мұқанға Париждегі жеңістері үшін патшаның бюсті салынған үлкен медаль беріледі. • 1914 жылы Парижде (америкалық) еркін күрестен халықаралық жарысқа қатысады. Ол Махмут деген лақап атпен күреседі. Осы күресте Қажымұқан еркін күрестен Әлем чемпионы атанады. • 1915 жылы Хабаровск қаласында өткен халықаралық біріншілікте финалдық айқасқа үлкен алтын медальды алу үшін Поддубный мен Қажымұқан шығады. Бұлар екі күн бойы ұдайы күресіп, бір-бірін жеңе алмай тең түсіп, бірінші, екінші орынды бөліседі. • 1915 жылы Саракики Джиндофудан хат келіп, онда Ресей балуандарын Харбинге шақыратындықтарын айтады. Сол жарысқа бойы 2 м.10 см. болған Қытай балуаны Ци-Хо-банг және жапонның Саракикиі қатысады. • Поддубный мен Қажымұқан он бес күн бойы күресіп қарсылас балуандардың бәрін жеңіп шығады. Жартылай финалда «Шығыс жұлдызы» Саракики мен Қажымұқан кездеседі. 15 минут ішінде Қажымұқан Саракикидің жауырынын жерге тигізеді. • Поддубный мен Қажымұқан финалдық айқаста екі күн күресіп, бірін-бірі жеңе алмайды. Бас жүлде екеуіне де тең бөлінеді, бірақ жарыс ұйымдастырушылары жүлдені бермейтінін айтып, кім Саракикиді жапон күресі бойынша жеңсе, жүлде соған берілетіндігін хабарлайды. «Иттің күресі болса да күресемін», - деп Қажымұқан күреске шығады. Күрес аяғында Қажымұқан Саракикидің ернінен жоғары қарай тартып, бас терісін сыпырып алады. • Хижраның 1286 жылы Стамбулда түріктің даңқты балуаны Нұрланы жеңеді. • Соңынан Мекке мен Мединеге барады. Сонда Джидда қаласында ұйымдастырылған күреске 25 адам қатысады. Қажымұқан бәрін жеңіп, оған «Азия мен Африка чемпионы» деген жазуы бар алтын медаль және 5000 риал ақша тапсырылады. • 1927 жылы Қажымұқанға «Қазақ даласының Батыры» атағы берілді. Баршаға белгілі, Қажымұқан Мұңайтпасов 1948 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, Ленин туы колхозында қайтыс болды. Темірлан ауылында қабірінің басына ескерткіш орнатылған. Қажымұқан қартайған шағында да өнер көрсетіп, соғыс кезінде өз қаржысына ұшақ жасатқан. Сол үшін Сталиннен алғыс хат алғаны да белгілі. Демек, Парижде өліп қалған палуан ешқандайда Қажымұқан емес. Осы арада Ресей киногерлерінің қиялилығына таңқалмасқа шараң жоқ. Жоғарыда айтып өткендей, 1913 жылы Париждегі Әлем біріншілігінде «Ағаның жолына әдепсіз таласады» деп жеңісін сыйлай салған Қажы атамыздың мәрттігін сол Поддубный жасай алар ма еді?
Қалай десек те, әсерлі сәттері мол «Поддубный» киносын Глеб Орлов жақсы аяқтай білген. Америкада гастрольдік сапардан қайтып келе жатқан Поддубныйдың елге деген сағынышын тамаша бейнелейді. Кемеде сіркіреген жауын астында тұрған палуанға: «тоңып қаласыз ғой, жағаға дейін әлі жеті сағат бар, ішке кіріңіз» дегенде, «Мен осыны ұзақ күттім, әлі де күтемін» деп жауап береді. Жалпы, Иван Поддубныйдың өмірі өте аянышты аяқталған. Ол 1949 жылы Кубань маңындағы Ейскіде жүрек талмасынан қайтыс болады. Қажымұқан секілді ол да қартайғанша күресіп, спорттық карьерасын 1941 жылы аяқтаған. Оның өмірбаянын зерттеушілер палуан жоқшылықтың тауқыметін тартқанын жазады. Андрей Грачевтің 2000 жылы түсірген «Иван Поддубный: Трагедия силача» атты деректі фильмінде палуан жергілікті қалалық кеңестен нан сұрап хат жазғанын, тым құрымағанда анда-санда ыстық тамақ ішіп тұру үшін әскери бөлімшеге тіркеп қоюды сұрағанын айтады. Әрине, фильмде Поддубный өмірінің бұл тұстары көрсетілмеген...
PS: Кейбір мәліметтер бойынша, Поддубный 1925 жылғы АҚШ-тағы гастрольінде 500 мың долларға жуық қаржы табады. Бірақ, аңғалдығын пайдаланған америкалық промоутерлер оны ұзағырақ пайдалану үшін ақшасын екі жылсыз алынбайтын депозитке аударып жібереді. Фильмді түсірушілер бүгінгі күні Поддубныйдың сол ақшасы 36 млн. доллар болып, АҚШ банктерінің бірінде сақталып тұр деген мәтінмен киноны тәмамдайды. Мақалаға орай, даңқты палуандардың суреттерімен бірге 1912 жылы түсірілген видеоны да бере кеткенді жөн көрдік.
Алмас Мұқашұлы